Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Оразғали Бекбанов: Адамдарда қанағатшылдық пен мейірімділік азайған

Оразғали Бекбанов: Адамдарда қанағатшылдық пен мейірімділік азайған

Ауданда абыройлы, елге сыйлы, өнегелі өмірімен үлгі болған алдыңғы буын-ағалар аз емес. Соның бірі – ҚР Кәсіптік білім беру саласының үздігі, ардақты ұстаз, көп жыл Әйтеке би кентінің әкімі болған еңбек ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов. Жуырда сексен жастың сеңгірін бағындырған ақсақалмен еркін сұхбат ұйымдастырудың орайы түсті.
– Қазірде Қазалы ауданында Сізді білмейтін жан кемде-кем. Десек те өскелең ұрпаққа өзіңіз туралы айтып өтсеңіз...
Мен 1940 жылы елдің енді ғана күш-қуат жинап, бас көтеріп жатқан кезінде Жаңақазалы поселкесінде дүниеге келдім. Бір жасқа келгенімде Ұлы Отан соғысы басталып, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, еркек кіндіктінің барлығы майданға аттанды. Әкем теміржол саласында қызметте жүргесін, соғысқа алынбай, елде қалды. Майдандағыларға азық-түлік, киім-кешек тасымалдау мойнына жүктелді. Денсаулығы сыр беріп, шешемнен ерте айырылдым. Осылайша әпкем екеуміз әкемнің қарауында қалдық.
Соғыс бітті, мен 1947 жылы мектепке бардым. Бірақ әпкем мені бағып-қағамын деп, оқудан бас тартты. Ол 16 жасқа толғанда тұрмысқа шығып, мен 8 сынып бітіріп, теміржолға жұмысқа орналастым. Кейін училищеге барып, 25 жасымда директордың орынбасары болып, ҚР Кәсіптік білім беру саласының үздігі атандым. Артынша сол оқу орнына директор қызметіне келдім. Бір орында тапжылмастан көптеген шәкірт тәрбиелеп шығардым. Одан соң Әйтеке би кентінің әкімі болдым. Қазір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Мұның барлығын мақтанышқа айтып отырғаным жоқ, керісінше көзбен көріп, қолыммен істегенімді баяндап отырмын. Міне, өзім жайлы қысқа-нұсқа ақпар бердім. Ал ХХ ғасырдағы бастан өткізген қиыншылықпен қуанышқа толы күндерім сол уақыттың еншісінде қалсын.
– Оразғали аға, сауалымызды күрделендіре отырып, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі жөніндегі пікіріңізді білсек дейміз...
– Бұл сұрақтың ардагерлер ұйымына тікелей қатысы бар. Жалпы ардагерлердің бүгінгі атқаратын қызметі қоғам мүддесін жеке бастың шаруасынан артық қою болып табылады. Өскелең ұрпаққа аудандағы барлық ардагерлер жайлы ақпарат беріп, оларға жасалатын көмек, көрсетілетін қолдауға да түсіндірме жасаймыз. Жастар ортасында ардагерлермен кездесу ұйымдастырып, ата-бабалардың қандай қиын күндерді бастан өткергенін, артта қалған қилы кезеңдер туралы баяндаймыз. Мұның өзі жас буынның келешегі үшін үлкен көмек екені анық.
Жастарға қолдау көрсетуді мемлекет те ұмыт қалдырып отырған жоқ. 2019 жыл Жастар жылы деп аталып, елде ауқымды істер атқарылды. Тіпті Қазақстанды әлемге танытып, дербес ел болуына өскелең ұрпақтың тигізер үлесі зор. Ал осындай белсенді жастарды тәрбиелеуде ардагерлер аянып қалмауы қажет. Кейде «балық басынан шіриді» деп кейбіреулер оларға бұрыс жол көрсетіп, тура жолдан тайдырады. Десек те көзі ашық, көкірегі ояу жас өскін қиындыққа мойымай, тек алға қарай ұмтыла беруден шаршамағаны жөн.
Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тоқырау тұсында көп ата-аналар отбасы қамымен сөмке арқалап, нәпақа табуға ден қойды. Сөйтіп дүниеге келген баланың тәрбиесіне көңіл бөлу азайып кетті. Міне, сол бүлдіршіндер қазір 30 жасқа келді. Ал олар жастайынан ақша табуды үйренді. Сондықтан қоғамда қомағайлық басым болып отыр. Жемқорлық дертінің өзі осының салдарынан пайда болды десем артық етпейді. Біле білсеңіз, кешегі сұрапыл соғыс кезінде аналарымыз өз баласы түгіл, жат елдің жылауықтарын емізген. Бұл дегеніміз – сол уақыттағы тәрбиенің мықтылығы әрі беріктігі. Бүгінгі жастарды адамгершілік қасиетке үндеп, қолдау көрсетіп, кімнің ұрпақтары екенін санасына сіңіруге міндеттіміз.
– Ептеп қазақ халқының салт-дәстүрі жойылып бара жатқан іспетті. Оның үстіне бұрынғы мен бүгінгіні салыстырсақ, біршама өзгерістер айқын аңғарылады. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Рас ертедегінің барлығы қазірге дейін қаз-қалпында жеткен жоқ. Кейбір желөкпелер осы сауал тұрғысынан барлық кінәні заманға жаба салғысы келеді. Алайда бар кінәрат адамда болып отыр. Жасыра алмаймыз, адамзаттың түйсігіне ең бірінші кедергі келтіретіні біздің өзге елге еліктеуімізге көп байланысты. Бұл ащы болса да, мойындауға тиіс шындық. Өзімізше жат елдің жағымсыз жағын жадымызға сақтап, төл салтымызбен араластырып, былықтырып жібердік. Дегенмен қазақтың салт-дәстүрі мүлдем құрдымға кетті деуден аулақпын. Халық барлығын бірдей ұстанбаса да, әдет-ғұрпын ұмытпауға ден қойған. Бүгінге дейін жойылмаған бұл жөн-жоралғылар сіз бен біз барда ұлт жадында, тұрмыс-тіршілігінде мәңгілік сақталады. Сондықтан ізімізден ерген ізбасарларға әрдайым барлығын насихаттап, түсіндіріп отыруымыз қажет.
– Әрбір елге белгілі, абыройлы ақсақалдармен әңгіме барысында бүгінгі қоғамның дерті туралы жауаптарына қанық болып келеміз. Осы орайдағы Сіздің пікіріңіз қандай?
– Таршылық кезеңде адамдарда қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік, аяушылық басым болатын. Сонымен қатар бір нанды бірнеше отбасы бөліп жегені де есімде. Қазір барлығы керісінше. Дастарқан мол, ысырапшылық көп. Демек тойындық. Бүгінде бірі бай болғанын қаласа, екіншісі патша болсам дейді. Меніңше, бүгінгі қоғамның дерті – қанағатшылдықтың аздығы, мейірімділіктің жоқтығы. Сорақысы сол соның салдарынан әкесі мен баласы соттасып, ата-аналар қарттар үйіне жайғасып, шырылдаған шақалақтар далада қалып жатыр. Аяушылық мүлдем ұмыт болған. Өкініштісі, мұның емін мен білмейді екенмін.
– Өзіңіз басшылық еткен тұста ауданда ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Дегенмен сондағы Сіз соңына жеткізе алмай кеткен мәселелер қайсы? Туған жерді одан әрі көркейту үшін нендей шараларды қолға алған дұрыс?
– Ол кезде де біршама түйткілдердің түйіні тарқатылғаны рас. Соның барлығы халықтың бізді түсініп, кез келген нәрсеге байбалам салмай, қолдауының арқасында жүзеге асты. Мен аспандағы айды алып, көпшіліктің көрмегенін көрсетіп бердім деп айта алмаймын. Өз уақытында барлығы елдің игілігін арттыруға арналды. Сол кездегі аяқсыз қалған жоспарларымның қатарында бүлдіршіндерге бассейн салу, үлкен көлемді су бұрқақтар орнату, демалыс орындарын ашып, көптеп тал егу, көше бойын жарықпен қамтамасыз ету болатын. Мұның аудан келбетімен бірге кейінгі жастың көзі ашық болуына да тигізер көмегі көп. Енді осының барлығын жаңа кадрлар қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Сырлы сұхбатыңызға рақмет! 80 жасыңыз құтты болсын!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
02 маусым 2020 ж. 1 181 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930