"Голос дети" байқауы бағымды жақты
Бұл күнде ел ішінде талантты жастар аз емес. Олар спорт пен өнердің сан түрінен олжа салып, ел мерейін үстем етіп келеді. Солардың ішінде «Екінші Димаш» атанып кеткен Ержан Максим есімді бүлдіршін де бар. Ол Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. Көпшілікке ресейлік «Голос дети» бағдарламасы арқылы танымал. Небары 11 жасында күллі ТМД жұртшылығының таңдайын қақтырған жас әнші жуырда Қазалы ауданында болды. Біз де бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, дарынды жаспен сұхбаттасудың орайын келтірдік.
– Ержан, Қазалы ауданына қош келдің. Бұл жаққа жолыңыз қалай түсті?
– Қазалы – менің нағашы жұртым. Яғни анам осы өлкенің қызы. Руы – Қаракесек. Атам Кәрібай Әлібековке ас беруге келдік.
– Қанша жасыңнан бастап өнерге бейімделдің? Ең алғаш айтқан әнің есіңде ме?
– Әнді бірінші рет балабақшаға барғанда айтқанмын. Ол кезде 3 жаста болатынмын. Қайрат Нұртастың «Эх, қарындас» деген әнін орындадым.
– Бүгінге дейін қандай байқауларға қатыстың?
– Осы уақытқа дейін көптеген республикалық, халықаралық сайыстарға қатыстым. Мәселен, Грузияда «Dolphin fest», Мәскеу қаласында «Бегущая по волнам», Италияда «Sanremo junior», Беларуссияда «Славян базары» секілді ән байқауларында өнер көрсетіп, жеңімпаз атандым.
– Бәрекелді, өзіңе өнер жолында кімді үлгі тұтасың?
– Димаш Құдайбергенов, Лара Фабиан, Андреа Бочелли секілді әлем мойындаған жұлдыздарды үлгі тұтамын. Және солардай болғым келеді. Алдағы уақытта Димаш ағамен бірге дуэт жазсам деген арманым бар.
– Болашақта Мәскеуде тұратын жоспарыңыз бар екен. Ол жаққа қоныс аударуға не себеп болды?
– «Голос дети» байқауынан кейін Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшісі Иманғали Тасмағанбетов мырза қабылдаған болатын. Сол кісі атақты композитор Игорь Крутоймен таныстырды. Айта кетерлігі, бұл композитор Димашпен де бірлесе жұмыс жасайды. Игорь мырза өзінің дарынды балаларды оқытатын академиясына оқуға шақырды. Отбасымызбен ақылдаса отырып, сонда баруға шешім қабылдадық.
– Қазіргі таңда репертуарыңда қандай әндер бар?
– Евровидение байқауының ұлттық іріктеу кезеңінде Ұлықпан Жолдасов «Елімді сүйемін» әнін жазып берді. Соңғы концертімде екі жаңа әннің тұсауы кесілді. Олар – Ұлықпан ағаның «Атамекен», Ринат Гайсиннің «Туған өлкем» әндері. Авторлық үш әнім бар.
– Ән айту жалпы білім алуға кедергісін тигізбей ме? Қандай пәндерді ұнатасың?
– Әрине, көптеген байқаулар мен шет елдерге шығуым сабағыма кедергісін тигізеді. Кейде мектеп бағдарламасынан қалып қоятын кездерім болады. Ондайда үй тапсырмасын сыныптас достарымнан сұрап аламын. Ұстаздарым да маған түсіністікпен қарайды. Математика, қазақ әдебиеті, дене шынықтыру пәндері ұнайды.
– Сені көпшілік «Голос дети» телевизиялық жобасы арқылы біледі. Бұл байқау сенің өміріңе қаншалықты әсер етті?
– Аталмыш жоба өмірімді күрт өзгертті деуге болады. Осы арқылы танымал болдым. Талантымды баршаға көрсеттім. Халық жақсы бағалады. Бұл байқаудан екінші орын алғаным, көпшіліктің наразылығын тудырды. Ресей мен Қазақстанның эстрада жұлдыздары байқауды әділ өтпеді деп бейнероликтер түсіріп, маған қолдау білдірді. Сол арқылы ел ішінде танымалдығым артты. Бірінші орын алғанымда тек жеңімпаз деп қана қоя салар ма еді?!
– Ержан секілді талантты баланы өмірге әкелген отбасы жайлы біле кетсек...
– Әкемнің есімі – Ербол. Орал қаласында дүниеге келген. Анам – Гүлмира Әлібек осы Қазалы ауданының тумасы.
– Талабың өрлеп, бағың жана берсін. Әңгімеңе рахмет!
Әңгімелескен
Есет ТАБЫНБАЕВ