Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ат тергеу – үлгілі үрдіс

Ат тергеу – үлгілі үрдіс

Бала күнімізде әжеміз туыстарымыздың жақсы амалдары туралы көп айтатын. Қызығы, қазір олар кім екендіктерін білмейміз. Себебі, әжем әрқайсысына «еркем», «дүкенші апам», «аяғанский», «қойдағы» деген сияқты өзіне таныс атаулар қойып алған. Тіпті менің әкем, үлкен баласының да атын атамай, «тәлтін» дейтін. Қалжыңға құмар нағашы әжем болса бізді тіпті күлкіге қарық қылатын. Ол кісінің әңгіме арасында «стрлаим қайын аға», «онға біреуі жетпейтін қайнаға» деген сөздер кездесетін. Бірде кентте тұратын «партизан» келіннің абысынын атайтын сөзін білетін немерелері есіктің алдына жүгіріп шығып: «Әже, «сот шешей» келді, – деген екен. Әрқайысының азан шақырып қойған есімдері бола тұра, оларды неге аттарымен айтпайтынына тәнті болатынмын. Кейін білдім. Сыйластықтың үлгісіне баланатын дәстүріміздегі бұл үрдіс ат тергеу деп аталады екен.

Тіл білімінде табу сөздер деген сөздер тобы бар. Полинезиялық тайпалар тілінен аударғанда «тыйым салу» мағынасын беретін ұғым алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетімен тығыз байланысты. Терминді алғаш рет ағылшын жиһанкезі Кук енгізген. Табуда екі ұғым — киелілік пен тыйым салынғандық, қасиеттілік пен қорқыныш тоғысады. Ол белгілі бір тұлғаларға да, белгілі бір қоғамдық ұжымдарға да қатынасты қолданылатын, барлық мәдениеттерде қалыптасқан түсінікпен ұштасады. Халқымыздың көне тотемистік, анимистік көзқарастарынан сыр тартатын ат тергеу де табу сөздердің бір саласын құрайды.

Ат тергеуде келіннің жас мөлшері, мінезі, келбеті мен бойындағы ерекше қасиеті, болмыс-бітімі, тапқырлығы мен даналығы сынға түседі. Ұлттық дәстүр жолымен әйел адам атасының, қайын аға, қайын іні-сіңлісінің атын атамай, «үлкен ата», «бай атам», «ақ әже», «кенже бала», «ерке бала», «мырза жігіт», «төре жігіт», «мырзатай», «би ағам», «шырайлым», «кекілдім», «арайлым», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөз», «шашбаулым», «еркем», «ерке қыз» деген сынды өзіне лайықты, жарасымды ат қояды. Халық арасында ат тергеудің барлық келіндерге ортақ үрдісі қалыптасқан. Алайда дәл осылай атау керек деген белгілі ұғым жоқ. Әркім өз қабылетіне қарай талпынған. Әдетте әулетке түскен тұңғыш келін қайын жұртына жаңа аттар ойлап тапқан. Ондайда оған ауылдағы «тәжірибелі» әйелдер өз білгендерімен кеңес беретін болған. Ат қоятын адамының үлкен-кішілігі, бедел-дәрежесі, мінез-құлқы, жасы кішілері болса күлкілі әдет-қылықтары түгел қаперге алынады. Ондайлардың ерекшелеп ат қоюға әсері өте көп. Жасы мен жолы үлкен, көзі тірі, тіптен дүниеден өтіп кеткен ата-апаларының аттарын атамай тұспалдап айтқан. Жанама немесе телінген есімі жоқ адам туралы сөз сөйлеу, баяндау, қажет болған жағдайда әйел әдебі бойынша оның атын атамай, «аты теріс» (аттеріс) деп тергейтін болған. Бұл анықтама тіркеске қосымша аты теріс көрші, аты теріс бала, Атайдың аты теріс тамыры, балалардың (отағасының) бұрынғы өткен аты теріс әжелері және т.б. жолдармен білдірген.

Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке», Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген.
Қазіргі таңда аталмыш дәстүріміз ұмыт қалып барады десек те, ауылдық жерлерде аз болса да сақталып қалғандығын айта кету керек. Тұрмысқа шыққан алғашқы кезімде сөз арасында толық танып білмеген қайын жұртымның аты аталып кетіп, талай ұялғаным бар. Журналистік қызметімде күйеуімнің жақындарымның есімдері сөз арасында кездесіп қалатыны да айтарлықтай қиындық туғызды. Алайда сырттай болса да атамауға ұмтылуға күш-жігерімді салып келемін. Өзім келін болып түскен жұртыма барған жиын-тойларда абысын-ажын бас қоса қалса «коммерсант шешей», «көзі өткір қайын аға», «пошта қайын аға», «ұзын бала» секілді атауларды естіп, көңілім қуанып қалады. Үлкендер ұлағатын көріп, өзің де сол бағытқа бет бұруға ұмтыласың. Дегенмен құрбыларымның арасынан қайын аға, абысындарының аттарына «жеңеше», «аға» дегенді қосып айтып жүргендерін көптеп кездестіремін. Оған жолдасының тегін беретін әдетті қосыңыз. «Атын айтпасайшы» дегенімде: «Шариғатта тек күйеуінен басқа адамның атын атауға рұқсат берген», – деген уәжді алға тартады. Ат тергеу – шариғаттың жолы емес, ұлттық дәстүрдің озық көрінісі екенін естен шығармағанымыз жөн. Осы орайда ауыз әдебиетіндегі мына мысал ойға оралады.

Бірде ауыл маңындағы өзен бойындағы қалың қамыстың маңында жусап жатқан қойға қасқыр тиіпті. Соны көрген жас келін ауылдағыларға: “Сарқыраманың бер жағында, сылдыраманың ар жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Жаныманы сүйкемеге жанып-жанып жүгіріңдер!” депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойшыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Қанжарбай деген қайны, қайын ағаларының атын атай алмай тұр екен! Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден: «Бұл кімнің ауылы?» деп жөн сұрапты. Сонда келіншек: «Өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы» депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен. Мұндай тәмсілдер тарихымызда көптеп кездеседі.

Дәулескер күйші Дина Нұрпейісова 1880 жылы Қанас Тұрманұлы деген жігітке тұрмысқа шығады. Олардан Нұрпейіс атты ұл туылады. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң, Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина әмеңгерлік салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» дейтін болған екен. Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде тізім алу жүріп, Динадан фамилиясын сұрағанда қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін айтып жіберген екен дейді.

Ат қою қазақтардың бірін-бірі сыйлау, әдептен аттамау, өзара қимастық туыстық сезімдерге дақ түсірмеу үшін сұңғылалықпен ойластырылған ізгі дәстүрі. Кішкентай кезімізде әкеме рулас жеңгесінің бірі «мырза жігіт», анама көрші жеңгесі «әсем қыз» деген ат қойып, біздің үй мейманға толғаны әлі есімде. Сол күндерде үйге қанша қонақ келіп, қанша азық-түлік түгесілгенін білмеймін, бірақ солбір нәзік те жақын байланыс әлі үзілген жоқ. Қарлыға апа әкемді «мырза жігіт», Мәрия апа анамды «әсем қыз» деп атап, сәлемін салып тұрады. Анамның да талай қайын жұртына ат қойғаны бар.

Ат тергеу басқа жағдайларда да қолданылады. Мысалы, халық қасқырды «итқұс» деген. Тіпті кейбір деректерде «қасқыр» деген сөз де «жағы қарысқыр» дегеннен шыққан дейді. Қорасан, шешек, қызылша сияқты аурулар «әулие», «аты жаман ауру» деп аталған. Бұл сөздердің астары пәле-жала бізден аулақ болсын деген ырыммен астасады.

Елбасымыздың ерекше көңіл бөліп отырған рухани жаңғырумыздың алғышарты өзімізде барды бағалаудан басталады. Ат тергеуді дала дағдысына бағынатын дәстүріміздегі сан ғасырдың құндылығы тоғысқан асыл арна десек, оны өшірмей, өміршең етуде жас ұрпақ жадында ұялату маңыздылығы зор екендігін баршамыз ұғынғанымыз жөн.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ

05 маусым 2019 ж. 3 441 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930