Үш тілім нан ақысы
Жаппар бин Әбу Тәліптің ұлы Абдуллаһ ыстық күндердің бірінде құрма ағаштар бағына түсіп, ағаштардың көлеңкесінде отырады. Сол бақта қызмет еткен бір құлға түскі ас ретінде 3 тілім нан берілгенін көреді.
Құл нанды аузына салайын деп тұрғанда алдынан аш бір ит шығады. Құл қолындағы нанды иттің алдына қояды. Ит нанды бір мезетте жеп қояды. Құл екінші нан тілімін де иттің алдына қояды. Аш ит бұл жолы да түгін қалдырмай жейді. Иттің әлі де аш екенін түсінген құл соңғы, үшінші нан тілімін де иттің алдына қояды. Осылайша түскі ассыз қалған құл, жұмысқа кіріспекші болғанда, алыстан оны бақылап отырған Абдуллаһ жақындап сұрайды:
– Бүгін саған берілген азықтың мөлшері қандай болды?
– Үш тілім нан.
– Ондай болса неге өзіне түк қалдырмадың?
– Ит өте аш көрінді. Жартысына тоймас еді.
– Енді өзің не жейсің?
– Ораза ұстаймын.
Абдуллаһ бин Жаппар құлдан иесінің аты-жөнін сұрап алады. Иесіне барып құрма бағымен бірге құлды да сатып алады. Қайтып келіп, құлға бақпен бірге өзін де сатып алғанын хабарлайды да: "Сені азат етемін. Осы бақты да, сыйым ретінде қабыл ет."
Осыны естіген ел: "Сізден асқан жомарт жоқ, сірә! Ол құл итке бар жоғы үш-ақ тілім нан берді. Сіз болса оның ақысына үлкен құрма бағы мен азаттық сыйладыңыз" дегенде, Абдуллаһ: "Күмәнсіз ол менен асқан жомарт! Өйткені ол қолдағы барын берді. Мен болсам бір бөлігін ғана..."
Әлеуметтік желіден алынды