Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел және Елшекен

Ел және Елшекен

Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап Жарат­қан маңдайына несібесі мен бей­нетін, қуанышы мен қайғысын, алар асуы мен тайғанақ тағдыр жолын дайындап қояды емес пе? Сонымен қатар адам баласына қандай есім қойылса, сол тағдырына, өмір белесіне әсер етеді деген де наным бар. Әрине, есімге байланысты осы бір түсінік бәріне бірдей айтылмас, бірақ Қуанышбай атамыз бен Ұлыш анамыздың шаңырағында екінші болып дүние есігін ашқан ер балаға Елшекен атын азан шақырып қойғанға ұқсайды. Шынымен адам есімі өзінің тағдырына әсер ете ме? Сексеннің бел ортасынан аса ғұмыр сүрген Елшекен қария халық пен билік арасында елші бола білді. Солай екеніне Арал мен Қазалы, қалды Сыр бойы жақсы біледі. Елшекенді танитын елде мына түсінік қалыптасқан, ол – халықтың елшісі, қамқоршысы. Халық қабағына қарап, жоғын жоқтап, өз қасиетін жоғалтпаған абыз ақсақалды елден бөлек ажыратып қарау мүмкін емес.
Былайғы жұрт Елекең деп құрметтейтін нағашымды біздер көке дейміз. Көрші-көлем, жасы кішілер солай атайды. Сырт көзге сұсты көрінетін сол көкемнің ел біле бермейтін үлгі боларлық қасиеттері көп. Сонау өткен заманның куәгеріндей, қарттық келбетімен әдемі көрінетін, көптің қошеметіне бөленген Елшекен Қуанышбаев туралы ел не айтады? Еске түсірсек.
Сырдың төменгі ағысындағы жұпыны көп ауылдың бірі «Ақбө­гетте» 1928 жылы дүниеге келген ол тіршілік тапшылығын көріп, балалық, жастық шағын ерте қиды. Соғыстың ауыр жүгін бөлісу үшін еңбекке араласты. Табиғатынан зерек, құймақұлақ жас бала сұрапыл күндер зардабына қарамай оқуын жалғастырды. Білім жолында үздіктер сапынан көрінді. Жиырманың белесінен енді асқанында білімін ұстаздықпен жалғастырды. Туған ауыл тірлігіне, мектептегі оқу-тәрбие жұмысына белсене араласты. Ұйымдастырғыш, болашағы зор, қарымы мол азамат халық көңілінен шыға білді, сенімге ие болды. Әуелі оқу ісінің меңгерушісі, бірер жылдан соң білім шаңырағы директорлығына ұсынылды.
Елу жылда ел жаңа. Заман құбылып, қоғамға оң өзгерістер еніп жатты. Шашыла қоныстанған елді мекеннің басы бір жерге біріктірілген. Бұл жаңалыққа көкем де үрке қарамай, ел ағаларымен бірге тізе қосып, бұл жолы да білек сыбана еңбек етті. «Жаңақұрылыс» атанған жұрттың тұрмысын жақсарту, яғни мектеп, интернат салу, малшы қауымның балаларын орналастыру сияқты толып жатқан қауырт істің басты тұтқасы бола білді, бірінші болып жүрді.
1974 жылы Жаңақұрылыс ауылдық кеңесіне төраға болып сайланып, 1989 жылға дейін ауылдың өркен жайып нығаюына зор үлес қосты. Еңбек ескерусіз қалмады, бірнеше марапаттаулар, түрлі сыйлықтар алды. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Аудандық, сонымен қатар ауылдық кеңеске бірнеше мәрте депутат болып сайланды.
«Бейнет түбі – зейнет» деген. Кезінде өмірдің ащы-тұщысын қатар татып, қосағы Құрманбике әжем екеуі сол бейнеттің рахатын көрді. Он екі бала өсіріп, бағып-қаққан әжем «Батыр ана» атанды. Ал нағашым – «Батыр ата». Соңғысын өзім қосып отырмын, әрине. Ауылдың қорғаны болды десек артықтық етпес.
Мойнына зілдей болып сексеннің мінгеніне қарамастан көкем егін егіп, бақша салды. Еңбек сүйгіш, шаруақор болды. 70 жылдық мерейтойында балалар сыйлаған «УАЗ-452» көлігінің рөлін шыр айналдырып, кем-кетігін өзі жөндейтін.
Ұмытпасам 2007 жылдың жазы. Көкем жылдағы дәстүр бойынша егін салып, бақша екті. Көкеме қолқанат болатын немерелері көп еді. Мектептен босағаны, студент боп каникулға келгені бар, барлығымызды сол бақшаға әдеттегідей жұмылдыратын. Таңғы алтыдан бастап кешкі сегіз-тоғызға дейін тырбаң-тырбаң тіршілік. Қауын-қарбыздың түбін қопсытасың, сағаларды жөндейсің, атыз-атыздың басын биіктетесің. Сайраш жеңешемнің ашытқан ашығаны сусын емес, тамақ еді. Кейде көкеме таң қаламын. Бақша басында түс мезгілінде болмаса, мынадай қапырық ыстықта ештеңе ішіп-жемеуге пейіл. Мұндайда көбіне мені, Асылжан бөлемді, Әріп немересін көп ертетін. Әсіресе тары суару кезінде бақша басына түнеп қалатынбыз. Әбден тарылық жер қанып суғарылмай, көкем өзіне де, бізге де тыныштық бермейді. Кейде жиырма бестегі жігіттердей қимылдайтын.
Даладағы қызу еңбектің кезінде сол кездегі Арал ауданының әкімі Нәжмадин Мұсабаев келе қалды. Күн қайтқан тұс. Тары суарылып біткен. Ауыл жақ беттен алты-жеті шетелдік машинасы бар, жүрдек УАЗ-ы бар бізге қарай жөңкіле тартып келеді екен. Көкем көзін сығырайтып бір қарағаны болмаса, мән берген жоқ. Біздер «мыналар кім болды екен» дегендей ауызымыз ашылып қарап қалыппыз. Ұзын-шұбақ машиналар қатарласа бақшалық жиегіне тоқтай қалысты. Әуелгі көлікті таныдым, ауылдағы «Әулиетөбе» ЖШС басшысы Аманкелді ағамыз екен. Одан кейінгісінен жеңіл ақ футболка, джинси киген орта бойлы, төртпақтау келген кісі түсті. Байқаймын, жанындағылардың назары соған ауған, әкім осы болды. Атыз бойын жағалай келіп бәрі көкеме жапырыла сәлемдесіп жатты. Әкім алдымен ақсақалдың жағдайын сұрап, одан соң өз шаруасына көшті. Келген мақсаты – Жаңақұрылыс жеріндегі бақша дақылдарының жағдайы, сонымен қатар Аманкелді Есімов басқаратын шаруа қожалықтың жай-күйін білу екен. Басшы көкеммен ұзақ сөйлесті. Шаруашылықтан бастап, су жағдайы, жол мәселесі, мал шаруашылығы жайында ақылдасты. Теңіздің кейбір түйткіл мәселелерін шолып өтті. Кетерінде біздерді көрсетіп:
– Балалардың несібесі деп жүрмін. Біз жасымыздан бейнет көрдік, еңбекке ерте араластық. Ішер-жер тамақтың, киер киімнің маңдай термен келетінін осыларға титтей болса да ұғындырсам деймін де. Болдым-толдым деп жатып алуды сүйекке сіңген әдет қаламайды, жұмыс істемесем ауырып та қаламын, – деп соңғы сөзін әзілге айналдырды көкем.
– Елеке, зейнет жасында жүріп диқаншылықпен айналысқаныңызды ешкім де теріс көрмейді. Сексенге таяп қалған сіздей қарияның жас жігіттерге берер бұл да бір үлгі-өнегесі, тәрбиесі. Алла деніңізге қуат берсін. Сіздің еңбекке деген құлшынысыңыз бізді жұмысқа қамшылары анық, – деді Нәжмадин Түркпенұлы.
Келгендер көкемнің бастасын алып, әрі қарай сапарын жалғастырды. Олардың артынан ұзақ қарап, кетпеніне сүйенген көкем, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген, халыққа тигізер пайдаң молая берсін, Нәжмадинжан», – деп риза сөзін күбірлеп айтып тұрғаны есімде.
Көкем қайтыс боларынан он жыл бұрын, ел жағдайының жақсарғанын көріп кетті. Өзінің жоғарыға ұсынысымен Жаңақұрылыста балабақша, емхана, мектеп құрылысы салынды, ауыз су құбыры жүргізілді, телефон мұнарасы орнатылды. Сөз жоқ осы нысандардың салынуында Елшекеннің дуалы сөзі, ардагерлік пейілі, еліне болсын деген еңбегі бар. Әсіресе Қаратерең мен Жаңақұрылыс арасына Көкарал бөгетін салған құрылысшыларға аудан атынан ұсыныс тастап, тас жол құрылысын, көлдердің сағасына су тоспаларын салуда да ақсақалдың ақыл-кеңесінің орны бөлек болды. Бұл туралы Қазалы, Арал аудандарын басқарған Айтбай Көшербай ағамыз былай дейді: «Сол күндері байқағаным, Елшекен аға оптимист екен. «Ғасыр құрылысын» пайдаланып жол салып алу ойына қайдан келді десейші?! Оның азаматтық, елшілік, қоғамшыл ойы маған да түрткі болды. Жол құрылысы ойдағыдай бітіп, пайдалануға берілгенде, ағаның қуанышы қойнына сыймай, жайнаған жүзі менің көз алдымда. Лауазымды қызметте абыройды алып жүруде сол Елшекендей пайымды ағалардың ақыл-кеңесі талай рет демеу болды».
Көкем «су бар жерде тіршілік тоқтамақ емес» дейтін сөзді үнемі айтатын. Әсіресе, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы арқылы келетін «Қара арық» каналы үшін талай жерге барды, табанын тоздырды. Сондағысы халық егін салып, еңбегінің игілігін көрсе деген тілек. Дегеніне жетіп, жас жігіттерді өзі бас­тап, сол каналдың үңғыл-шұңғылын тазалап, талай жылдан бері су жүрмей, кезенесі кепкен каналды аршығаны бар. Әкім-қаралардың мазасын алып, шаптан түртіп, су айдатты. Сондай қажырлы құлшыныстың арқасында Жаңақұрылыс халқы тарыдан мол өнім алды, бала-шаға қауын-қарбызына мейлінше тойды. Сол көкем бастап кеткен диқаншылық ауылдағы ағайынның қазіргі кәсібі болып отыр.
Шәкірат Дәрмағамбетұлы, КСРО және Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері:
– Шекаралық қоныс болғандықтан ба Жаңақұрылыс бірде Арал, бірде Қазалы аудандарының аумағына беріліп, жетім баланың күйін кешкен уақыттар болды. Кеңшарлық статусын алғанға дейін Қаратерең, Сойғанды, Майдакөл ауылдық кеңестерінің қол астында жүрді. Қуанышбаев болса, осы жергілікті кеңестердің бәріне депутат болып сайланды. Және халық депутаттары Қазалы аудандық ХVI, ХVIІ, ХVIІІ шақырылымындарында да депутаттық мандатқа ие болды. Осындай үлкен басқосуларда ауылының жоғын жоқтап, мінбеге жұлқына шыға келгенінің талай мәрте куәсі болдым.
Талайлы Бөріқұлақов, Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеу­меттік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы:
– Мен білерде, Жаңақұрылыстағы Елекең араласпайтын шаруа болмайтын. Торқалы тойды да, топырақты өлімді де жайғарудың төрелігін өзі айтатын. Тентекті тезге салуда, ағайынға араша болуда соңғы сөз Елекеңдікі еді. Сол кісінің бастамасымен қайта жарасып кеткен отбасылар қаншама. Мен білерде, Елекең халықтың сөзін сөйлейтін, аузы дуалы, сөзі уәделі, еліне еге азамат болған.
Жоғарыдағы ел ағалары білдір­ген лебіздер оның еңбегіне берілген әділ баға. Қазалы мен Аралға тең қызмет еткен абзал ақсақалдың өмір жолын кейінгі ұрпақ үлгі-өнеге тұта берері сөзсіз.
Ержан ҚОЖАСОВ
14 тамыз 2018 ж. 1 211 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930