Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көненің көзі, өнегенің өзі

Көненің көзі, өнегенің өзі

Қойнауы құтқа толы Сыр топырағының әр қиырына көз тастасаң, тарихи деректерден түйін тарқататын көне жәдігерлерге жолығып, өткенге оралғандай күйге енесің. Осындай көпшілік қадір тұтатын орынның бірі – Қожабақы ауылының маңынан орын тепкен Келімбет кесенесі.

XVIII – XIX ғасырда өмір сүрген Келімбет Жидебайұлы көптің ықыласы мен құрметіне бөленген абыз адам. Өз заманында «қара қылды қақ жарып», ағайын мен ауылдастары арасында төрелік жасаған оны жерлестері бірнеше рет болыс сайлап, би атаған.
Туысы Әлимуса Досхожаевтың әңгімесіне зер салсақ, кейіпкеріміз жас кезінде кедейшілікте тұрмыс кешкен. 10-12 жасында сауда-саттықпен айналысқан алыпсатарларға атқосшы болып, Ресей жеріне қатынайды. Ол жақтан тапқан ақысына дәнді дақылдар әкеліп егіп, айналасындағыларды егіншілікке бейімдейді. Сөзімізді Бекарыстан би ауылында тұратын ақсақал Нұрылла Байқазақовтың мына сөзі нақтылай түсті: «Арғы аталарымызда Мәметек бай деген ауқатты кісі болыпты. Ірілі-ұсақты төрт түлікті көрші елдерге апарып, пұл етіпті. Малды ұзақ жолға алып жүру оңай емес. Ондайда сенімді сапарластың болуы маңызды. Саудагердің екі айнымас адал туысы жанында жүріпті. Соның бірі — Келімбет атамыз екен. Мәметек ата мол дәулет жиып, елге танылған. Соғыс аяғына дейін оның дүкені тұрғындарға тұрақты қызмет еткен. Көшеге де аты берілген.Жақында бір ағайынымыз Орынборға барып қайтты. Сонда жөн сұрасып, қазалылық екенін айтқанында, бір татар ұлтты ақсақал көзіне жас алып: «Міне, мынау сенің атаңның дүкені», – деп кірпішпен қаланған сәулетті тарихи ғимаратты көрсетіп, Мәметек байдың салдырған сауда орны екенін айтыпты. Жақсылық хабарды естіген біз, аталас ағайындар жиналып, сол жерге барып қайтуды мақсат тұтып отырмыз» деген.
Кейіпкеріміз туралы аңызға ұқсас әңгімелер жұрт ішінде көптеп кездеседі. Ел аузындағы әңгімелер алысты болжай алатын көріпкелдік қасиетінің болғанын да айғақтайды.
Білетіндер бірнеше рет Қыдыр көріп, тілеуі қабыл болған деседі.
Бірде Келімбет шәйнекке су құйып, отқа қойса, жаздың өзінде су қатық болып ұйып қалыпты. Бұл көріністен кейін елін жиып, ұйыған қатық суды бөліп ішіп, жұртты ұйыған айрандай ауызбіршіл, ынтымақты болуға шақырыпты. Ұдайы өзі қабылдаған шешімді ортаға салып, оң бағытқа бой ұрған жанның ізгі амалын жұртшылық өмірден өткеннен кейін де үлгі етіпті.
Жомарттықтың бейнесіндей болған болысты бір күні сынамақ болған 20-30 адам қонаққа келіпті. Су айналасында тұратын көпшілік мұз ерігенде басқа жерге көшеді екен. Осындай қысылтаяңда келген «қонақ» үшін би көшті мұз үстіне жықтырып, 60 жамбас тартып, сый-құрмет көрсетіп, ризашылығына кенеліпті.
Кіндігінен тараған бес ұлы да әкесінің жолын жалғап, туған жерінің дамуына үлесін қосқан деседі. Солардың бірі Айжігіт болыстыққа тоғыз қайтара сайланып, жиырма жылға жуық уақыт ел арасындағы даулы мәселелерді шешуге атсалысады.
Келімбет аты аталғанда, замандасы әрі ағайыны Найзағұлдың есімі қатар айтылады. Оның да өзіндік сыры бар. Біз әңгіме етіп отырған кесене мен Найзағұл кесенесі бір уақытта салынған. Авторлары да бір адам. Деректер әйгілі халық суретшісі, сәулетші Қазақбай Жүсіповтің төл туындылары деседі.

Нұрылла ақсақал: «Көнекөз қариялардан естігенімді айтсам, Келімбет жасы ұлғайғанда ағайын-туысын жинайды. Ондағысы дүние – шексіз, адам – мәңгілік еместігін ұғындыру болыпты. Осы мақсатта жұртшылық ризалығымен өзіне үй-там салу жұмысын ерте көктемде бастап кетеді. Осы кезде Найзағұл үй-тамының салынып біткен кезі екен. Келімбет атамыз ұстаны шақырып, өзіне де сондай кесене тұрғызып беруін өтінеді. Жазғытұрым жылқыларды күзейтін мезгіл. Сол кезде бие сүті мен оның жал-құйрығын балшыққа қосып, иін қандырып, күйдірілген кірпіштен құрылыс қабырғасын қалатады.
Үй-там біткенде ауыл-аймақты шақырып, үлкен ас беріпті. Келімбет кесенесінің көркі өзінікінен де көркем болғанын көрген Найзағұл ұстаға қынжылысын білдіріпті. Сонда сәулетші: «Бұл кесенені мен өзім салдым. Ал өзіңнің кесенеңді сен өзің салдың», – деп жауап беріпті.
Найзағұл құрылысқа қайта-қайта араласып, өз пікірін айта берген, ал Келімбет шебердің өз кәсібилігіне сеніп, ерік берген. Мұның өзі бабамыздың ақылдылығы мен кеңпейілдігінен хабар береді», – дейді.

Сырдария өзені аңғарындағы кесенелерге тән ерекшелігі бар құрылысқа жататын нысан XIX ғасырдың соңы, шамамен 1898 жылға тиесілі. Биіктігі жеті метрге жуық құрылыс тікбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Кіреберісінде жерлеу орындары орналасқан. Олардың бойлық белағаштары бір-бірімен салыстырғанда Т-бейнелі.
Кіші камера тар дәліз тәрізді бөлмеге ұқсас, оңтүстік шығысқа қарай бағытталған «иінді» кіре берісі бар. Оның бүйір жағында тар терезе ойығы орнатылған. Кіреберіс күмбезбен көмкерілсе, үлкен жерлеу камерасы да әдіпті жиектелген.
Күмбез ғимараты әсем көріністі. Оған безендірілген күйіктас ұш қойылған. Жоғарғы жағы шығыңқы қабырғалармен бөлшектелген. Күмбездің төменгі бөлігіне бойлық және көлденең белағаштармен жатқан, төрт саңылау бар.
Ескерткіш табиғи әсерден қатты қираған. Сағананың ернеулері, кіреберіс бөлігі, қабырға беттері және бұрыш қалқандары мүжілген. Айналасындағы зираттардың ешбірі су алу салдарынан аман қалмаған.

«Келімбет кесенесі – қорым ғана емес, үлкен мавзолей ретінде бой көтерген. Бала күнімізде оның ішінде кітаптар, жайнамаз, кілем, атамыз қолданған тағы басқа да заттар болғанын еститінбіз. Кейбірін көрдік те. Заманында тілек тілегендер осында келіп, зиярат қылыпты. Кейін су шайып, шөптер өсіп, кесенеге кіру мүмкін болмай қалған.
Бір жылдары «топалаң» деген ауру елді жайлап, бұл малдан адамға жұғатын аса қауіпті дерт дендеп, амалы таусылған ауылдастар үлкендердің бірі отарларды «Келімбет тамының» қасына апарып түнетуді жөн деп тауыпты. Алланың қалауымен, бұдан кейін мал ауруы мен өлімі азайған деседі. Кейін де жұқпалы, созылмалы ауруы барлар келіп тұрғанын қос елді мекеннің тұрғындары біледі», – дейді жиені Әлимуса қария.
Кесене ұзақ уақыт мешіт қызметін де атқарған. Оған арнайы барған шәкірттер діни тақырыптағы кітаптарды оқып, ғибратты ой түйіп, кейбір келелі мәселелер осы жерде шешімін тапқан. Мұрағаттық құжаттар дәулетті тұрмыс кешкен болыстың мұндағы өзге де бағалы заттары кәмпескелеу кезіне дейін сақталған.
Қожабақы ауылдық округі әкімдігі аппаратының маманы Дархан Бекжанов үй-тамда Келімбеттің өзі, Айжігіт, Дәуіт атты ұлдары мен анасы, жұбайы жерленгендігі туралы мағлұматпен бөлісті.

Өнегенің өзі, көненің көзіндей болған ескерткіш-кесене 1989 жылдан бері мемлекет қорғауында. Келімбеттің жиені Дүзубай Оразымбетов көзі тірісінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына орай құжаттар мен деректер жиған. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандары да жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарына қосқан. Құлау қаупінде тұрған ғимараттың ертеңіне алаң ағайын қастерлі орынға жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туса, құндылығымызды жаңғыртып, ұрпақ алдындағы міндетімізді орындаған болар едік дейді қынжылыспен.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

27 қараша 2022 ж. 488 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 54

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 82

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031