Махаббат мұнарасы
Топырағының түгін тартсаң, тарихты шертетін Қазалы жерінде өткеннен өнеге өрбітетін қастерлі орындар көптеп кездеседі. Солардың бірі – Сараман-Қоса мұнарасы. Құм қойнауындағы көркі көз тартатын ерекше ескерткіш жергілікті жұрт пен алыс-жақыннан келген қонақтар тамашалайтын көрікті орын, тәу етіп, құрмет көрсететін қаиетті мекенге айналған.
Ел арасында «махаббат мұнарасы» аталған ғимаратта қандай сыр бар? Иен далада еңселі ескерткіш қалатындай Сараман-Қоса кімдер? Осы сауалдар төңірегінде жауап табуға талпындық.
Тақырып турасында аңыздың айтары бар.
Біз айтып отырған Сараман атақты байдың Алладан тілеген ұл екен деседі. Жалғызынан бай да барын аямай, алақанында аялап, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріпті. Онда сол кездегі байлықтың жоғары өлшемі болған жүйрік ат, алтынмен апталып, күміспен күптелген ер тұрман, құмай тазы, қыран бүркіттің барлығы болады.
Өзіне арналған құрметті ертеден сезініп өскен Сараман құс салып, саят құрып, жастайынан ерлік ісімен еленеді. Ес жия келе жылқышылармен бiрге мал күзетiп, үйдің де, түзде де жайына терең қанығады.
«Көп жосыған көп біледі» дегендей өлең-жыр жаттап, соғыс өнерiне машықтанып, күресу, найзаласу, қылыштасу әдiстерiн қызыға үйренедi. Түбіт мұрт бозбала атанған шағында қыз біткенді елітіп, елі сенім артқан сегiз қырлы, бір сырлы азамат болып қалыптасады.
Той-думанды дүбірлетіп, күрессе жығып, садақ тартса, алтын табақтағы теңгенi дөп түсiретiн жігітке әкесі құда түсiп, қыз айттырғысы келедi. Жігіт әкесіне өзi қалағанын алатынын айтады.
Бір күні Сараман жылқы күзетiнде жүргенде көршi ауылдың жігіттерімен кездесiп, достасады. Оларды қонақ қылып, жылқыдан қалаған жүйрiк жорғасын сыйлайды. Бұл кезде әлгі ауыл адамдарына Сараманның аты ерекше, бөлек туған азамат ретінде танылып үлгереді. Күндердiң күнiнде сол жылқышылардың бірі бұған Қоса сұлу туралы сыр айтады.
– Бiздiң елде атақты бiр бай тұрады. Оның он ұл, жалғыз Қоса деген сұлу әрi ақылды қызы бар. Ол сенің нағыз лайықты теңің. Серiлiгi де, өткiрлiгi сенен артпаса, бір мысқал қалыспайды. Көркi көргеннiң көзiн қарықтырады, сөйлегенді сөзден жаңылтады. Еркектерше серiлiк таластырады, – дейді. Бұл жайды естіген жігіт қызды көруге асығады.
Ұзамай ортақ таныстарының араласуымен екі жастың танысуына мүмкіндік туады. Қыз да кейде жылқы күзетуге келеді екен. Екеуi бір-бірімен тез тіл табысып, араларында ерекше үндестік пайда болады. Бұл хабар өте қатал Қосаның ағаларының ашуын тудырады. Мәселені шешпек болып, Сараман қанша байлығын ұсынса да, тоңмойын ағалары қызды атастырған жерiне бермей, тынбай сынай береді. Жағдайды Сараман әкесiне айтады. Баласының қалауын құптап, қарсы тарапқа құда түсу жайлы бұйымтайлап барғанда: «Қосаны алда-қашан бiреуге құдаластырып қойдық», – деп бет бақтырмай, қайтарып жiбередi. Жауапты естіп, жаны жабырқап қалған Сараманның жайын байқаған ақылды қыз бiр күнi ғашығын оңаша шақырып алып, былай дейдi:
– Бiз екеумiз ендігі жерде бұдан да жиiрек кездесiп, керек десе, тойларға бiрге барып, бiрге жылқы күзетiп, қызық дәуiрдi бастан өткiзейiк. Мен сен үшiн жаралған жанмын. Осы жолда атқан оқ, шапқан қылыштан да сескенбеймiн. Атастырған жерiме бармай, өзің қайда жүр десең, сонда боламын. Өлгенше сенiмен бiрге дәурен сүрмекке бекіндім. Ақырғы антым, соңғы сертім, батыл байламым осы. Арғысы сенің шаруаң, – дейдi. Сараман бұл сөзге риза болып, бұлт артынан шыққан күндей жарқырап, жайнап қоя бередi.
Арада көп өтпей, жылқы күзетiп жүрген Сараманға қыздан: «Бүгiн кеткелi жатырмын. Менi тез құтқарып қал», – деген жедел хабар жетедi. Сараман бес қаруын асынып, қыз ауылына жол тартады.
Күн батар алдында жеткен Сараманды көрген қыз да белдеудегi бiр атты мiніп, шаба жөнеледi. Екеуi табысып, елге қарай қашады. Ауыл адамдары мұны бiлiп қалып, «аттандайды». Бiраз жерге келгенде қыздың астындағы аты болдырып қалады. Сараман Қосаға қарап:
– Анау төбеден ассаң, арғы жағы бiздiң ел, мен жауды iрке тұрамын, бөгелмей, сонда кете бер, – дейдi. Қоса шабан атпен төбеге тартады. Сараман артынан келген көп адаммен жалғыз алысады. Қорамсағындағы оғы таусылып, найзаласып жүргенiнде топтың ортасына түсiп қалады. Осы кезде дәлдеп салған бір найза көк желкеден тиiп, жігіт жан тапсырады. Сол сәтте қыз ағасының үлкенi: «Қоса әне кетiп барады, жеткендерiң оны да өлтiрiңдер!» – деп айқай салады. Аты жүйрiгi келiп, қыздың жауырынан найза қадайды.
Күн ұясына қиялап батқанда қыршын Қосаның да жаны кеудесінен кетедi. Қайғылы оқиғадан сол Сараманның әкесi барлық жылқының құйрық жалын күзеп, мыңдаған нардың сүтiн астауға құйдырып, саз топырақты илетiп, араластырып, күйдiрiп кірпiш бастырып, шеберлерге осы мұнараны жалғыз баласына арналған белгі ретінде соқтырады.
Халық кейiн оны Сараман-Қоса деп атап кеткен. Сараманның арғы жағындағы 3-4 шақырым қашықтық, Қоса өлген жерде де мола салынып, ел жайлаған.
Тағы бір нұсқада Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жiгiт Қосай дос болыпты деседі. Достар жер көрiп, ел тану үшiн Қуаң мен Сырдариядан өтiп, Арқаны аралап жүргенде қыз ұзату тойына тап болады. Бесiк құда болып, сөз байласып ұзатылғалы жатқан қызбен Сараманның көңілі жарасады. Той үстінде қалыңдықты алып қашып, Сараман мен Қоса аттарын суытпай шауып, алты күн дегенде Сырға жетеді. Қуғыншылар бұларға қазiргi ескерткiш тұрған төбеге жақындағанда жетіп алады.
Аялдаса соңындағы қалың келіп, бұларды аман қалдырмасын білген Сараман Қосайға өзінің қуғыншылар жолын бөгейтінін айтып, қызды Қызылқұмды беттеп, алып қашуын өтінеді.
Қыздың алты ағасы жиырма жiгiтiмен жетіпті. Басым күш ақыры алмай қоймайды. Сараман қолға түседi. Төбенiң басына шығып қараған Қосай шайқастың бiтпесiн бiлiп, қызға: «Осы бетiңмен қаша бер. Тiрi болсаң, ұмытпағайсың. Біраз жүрсең, Жент деген қалаға жолығасың. Сараманның елi сол», – дейдi. Қуғыншылар Қосайдың да, қарындастарының да басын қанжармен шабады. Хан жарлығымен әрқайсысы өзiнiң өлген жерiне жерленеді.
Тағы бір болжам Сары, Аман, Қоса есімді ағайынды үш жігіттің тұрғызған мұнарасы дейді.
Ал ноғайлы (оғыз-қыпшақ) дәуірінің атақты батыры Көкшеұлы Қосайдың салдырған күмбезді кесенесі. Оның Сары атты тұлпары болғандықтан ел-жұрт Сары мен Қосайды қосарлана айтып кеткен деген мағлұмат та қисынсыз деуге келмейді. Ертеден атқұмарлық қанымызда бары, оларды батырмен қатар дәріптеу үлгісі эпостық жырларда кездесетіні мәлім.
Мұнара басына қойылған ескерткіш белгіде нысан аты «Сараман көсе» деп берілуі де ойлантады.
Оқиға қалай өрбіді? Қандай сипаты бар? Бұл жағы әлі күнге дейін белгісіз. Кей деректерде мұнара соғыс кезінде жау келе жатқандығы туралы белгі беретін орын үшін салынған деседі. Анығын тарих таразылар. Десе де «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен оқиға текке тарамаса керек-ті. Адалдық пен іңкәрлік, серт пен намыс безбенінде бақилық болған қос ғашыққа елдің құрметі ерек, ықыласы бөлек.
ХІ ғасырға тән сәулет өнерінің қайталанбас үлгісі бүгінге бүлінбей жеткен бүтін байлық, құнды қазына.
Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Кәукей ауылының солтүстік-шығысында 2 шақырым жерде орналасқан. Жазба деректерге жүгінсек, мұнаралы кесене құрылысының ертедегі үлгісіне жататын Сараман-Қоса мұнарасы құрылысы жоғарыға қарай конустана сүйірлене соғылған. Шикі кірпішпен өріліп, күйдірілген кірпішпен қапталған. Төменгі жағының диаметрі 12 метрді көрсетсе, биіктігі 15 метрді құрайды. Іргетасының қалыңдығы 1,6 метр көлемінде. 3 қабаттан тұратын мұнараның алғашқы қос қабаты күмбезделіп бітеді. Бірінші қабатында төртбұрышты терезесі, үшінші қабатының солтүстігінде және оңтүстік жағында екі бірдей терезесі, ішінде жоғарыға көтерілетін баспалдағы бар.
Архитектуралық нысан 1982 жылы Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілсе, 1984 жылы оған қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА