Ақ түс, қара түске керағар түс...
«Және олармен [жұбайларыңмен] жақсы қарым-қатынас қылыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, (кейде) ұнатпаған нәрселеріңде Алла көп игілік жасауы мүмкін» .
Мазмұны өте қызықты аят. Солай емес пе? Еркектер әйелдердің қандай қасиетін, мінезін ұнатпауы мүмкін? Көп бас қатырудың қажеті жоқ. Еркектер әйелдердің көптеген мінезін ұнатпайды. Әйелдер де еркектердің көптеген мінезін жаратпайды. Себебі еркектер мен әйелдер бір-біріне қайшы қасиеттермен, ерекшеліктермен жаратылған. Мәселен:
Физиологиялық тұрғыдан еркектер мидың сол жағын қолданады, яғни кез келген мәселені логикалық қисын және математикалық тұрғыдан ойлайды. Бұл да өз кезегінде еркектерді реалист, өмірге шынайы тұрғыдан қарайтын тұлға етеді.
Ал әйелдер мидың оң жағын қолданады. Бұл да өз кезегінде әйелдерді тез әсерленгіш, сезімтал жанға айналдырады.
Еркектер көп сөйлеуді ұнатпайды. Көбіне үнсіздікті жақсы көреді. Үнсіздіктен ләззат алады.
Ал әйелдер керісінше көп сөйлеуді жақсы көреді. Сөйлеуден ләззат алады. Ойын бүкпей айтып-айтып тастауды жөн көреді.
Көз салып қараңызшы, біреуі көп сөйлеуді жақтырмайды, ал екіншісі сөйлеуді қатты ұнатады. Бір-біріне нендей қайшы жаратылыстар! Солай емес пе?!
Еркектер жаратылысынан байсалды, жайбарақат болып келеді. Ал әйелдер жаратылысынан сабырсыз, шыдамсыз болып келеді. Айта берсек мұндай қайшылықтар өте көп. Аталған қасиеттердің кез келген жанның көңілінен шығар қасиеттер емес екендігі ойланған кісіге анық дүние. Алайда Алла Тағала жоғарыда келтірілген аяттың соңында:
«Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, (кейде) ұнатпаған нәрселеріңде Алла көп игілік жасауы мүмкін»,- дейді. Демек бұл қайшылықтардың артында көптеген кісі байқай бермейтін бір хикмет бар.
Еркек пен әйел бірдей қасиеттермен, ерекшеліктермен және мінездермен жаратылса мына дүние ешкім қызықпайтын, жалықтырып мезі қылатын мекен болар еді. Тереңірек көз жүгіртсек негізінде «қайшылықтар» өміріміздің сәнін кіргізеді. Өң береді. Жағымды мән береді. Көріктендіре түседі. Қайшылықтарды түзетуге кірісіп, жұбымызды өзімізге ұқсатуға күш салмасақ мұның рақатын, ләззатын сезінеміз.
Мына жалған, фәни дүниеге сынақ үшін келгенімізді естен бір сәтке шығармауымыз қажет. Еркек әйелдің, әйелде еркектің сынағы, тағдыр талайы. Осы сынақты жеңілдете түсу үшін Алла Тағала әуелден еркек пен әйелдің арасына тартымдылық, баурап алушылық сезім берген. Бұл жағымды қасиет екі тарапты да қанағаттандырады. Сонымен қатар Алла Тағала екеуінің арасына кереғарлық, қайшылық та берген. Ал бұл жағымсыз қасиет екі тараптың нәпсісін тәрбиелейді. Демек әйелге қарсылықсыз тізе бүгіп, мойынсұну қажет. Еркекке де мұның бәрін көтерлік сабыр керек. Қысқасы, ақ түстің, қара түске керағар түс екендігін, алайда ақ түске ең жарасымды жұптың қара түс екендігін ұмытпайық.
mazhab.kz