Қос ішектің ұғындарған қадірін
Қазақ күнтізбесіндегі мейрам 2018 жылы тағы бір құнды күнмен толықты. Ұлттың үні, тарихтың қайнар көзі, өткеннен бүгінге жеткен кенен мұра домбыраны ұлықтауға күн белгіленіп, ден қойылды. Қоғамды мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында жарияланған атаулы күн делебені қоздырып, рухты жаниды. Ел үшін елеулі бастама болған бағалы амалды қазалылықтар да назардан тыс қалдырамай келеді. Осы орайда төл аспапты тынысы санайтын дәулескер домбырашылар дайындайтын орын тынысына бойлауды жөн таптық.
Кеңес одағы тұсында домбыраны келешегі жоқ аспаптай көрген түсінік қазір түбегейлі өзгерген. Төл өнерді төрге оздыруда бұрынғыны жеткізу аздық етеді. Бұл бағыт заманауи ғылым мен техниканың дамыған мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып, жаңғырту арқылы дамып, тынысын кеңейтеді. Өнер ошағындағылар Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаевтың жүзеге асқан Жарлығы жетістікке бастайтын жол деп ұғынады. Мыңдаған күйлер мұрагері саналатын халықтың тұтас тіршілігі, бітім-болмысы, күрескерлік қасиеті, тағылымды тарихы, мәйекті мәдениетін әлемге танытатын бірден-бір құрал дәл осы асапта орындалатын күй өнері. Домбырада орындалған шығарманың тереңіне бойлап, адам жанын толқытатынымен, өзіне баурап алатын құдіретке ие.
«Біздің мақсат – ұлттық өнерді, халқымыздың күй өнерін жас кездерінен олардың бойларына сіңіру, қазақ халқының рухани байлығын домбыра арқылы қабылдауға бейімдеу», – дейді осы салада сан жыл тер төккен домбырашы, өнер мектебі директорның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Қазалы ауданының Қорқыт Ата атындағы өнер мектебіндегі қазақ халық аспаптары бөліміндегі 34 мұғалімнің 26-сы домбыра мамандығын меңгертетіні көңіл қуантады. Тіпті олардың төл аспапқа балаларын баулыған тұрғындар үшін аздық ететін көрінеді. Бұл орайда санның сапаға да қатысы бар. Г.Рысмахан, А.Мұстафа, М.Жебе бастаған тәжірибелі мамандар ізін басып келе жатқан А.Тұяқ, С.Бисембаева, Р.Әбілтаев, Ғ.Сүлейменова, А.Қосуақов, Г.Тілеумбетова, Р.Айқожаұлы, М.Байдәулетованың өзі жетістіктерімен танылғандар тобынан көрініп келеді.
Ұжымға Ә.Арғынжан, А.Әлімжан, Г.Көпжан, Ж.Дәржан сынды жас мамандардың қосылуы жаңашылдық пен ізденімпаздыққа жол ашқан.
Мәселен, мұғалімдер «Інжу-маржан» бағдарламасында қонақ болып, Республикалық «Қырық буын қосбасар», «Домбыра – жүрек жырлайды», облыстық «Жас музыкант 2020», «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» байқауында республикалық күйшілер конкурсына қатысып, жүлделермен оралған. Алматы қаласында өтетін Халықаралық байқауға жолдама алған.
Өнер мектебінің оқытушылары аудан, облыс, республикалық мәдени-музыкалық өмірге белсенділікпен атсалысып келеді. Аудандық мәдениет орталығы жанынан ұйымдастырылған «Мырза» атындағы халықаспаптар оркесрті, «Қорқыт сазы» халық аспаптар ансамблінің мүшелері. Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалі, республикалық «Ғасырлар Үні», облыстық «Ғасырлар пернесі» байқауында топ жарып, бас қалада концерт ұйымдастырып, «Алтын қорға» жазылғанда біз сөз етіп отырған домбырашылар шеберліктері мен тәжірибесін көрсетіп келеді. Олардың шәкірттері де түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, жемісті еңбек жетістігін көрсетуде.
«Ұлттық домбыра» күніне орай бағдарламаларын ұсынған ұжым бұл күнді қатардағы мереке ғана емес, өнерді өрістетіп, беделді биіктетер айтулы шараға балайды.
А.МЕЙІРХАН