Қасиетті орын Қазалының атын шығаратындай болса
Егемен ел атанып, ғасырлар бойғы бодандықтың зарынан есімізді жинап, жан-жағымызға қарап, қуғын-сүргіннің зардаптарынан жоғалтқанымызды іздеп, ұлттық тарихымызды, салт-дәстүрімізді түгендеп, қалпына келтіруді негізгі мақсат етіп қойдық. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегенді алға тартып, еліміз бен ұлан байтақ жерімізді қорғау жолында ата жаулармен арпалыста толарсақтан қан кешіп, опат болған әруақты да қасиетті бабаларымызды еске алып, бүгінгі ұрпақты солардың рухында тәрбиелеуге бар күш-жігерді, білгеніміз бен білімімізді аянбай жұмсауға бағыштадық.
Сол кездегі күнкөріс жетімсіздігіне, жаппай жұмыссыздық, тағы басқа сан алуан қиыншылықтарға қарамастан қазалылықтар бастап, еліміздің бүкіл халқы, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақбай Қарамановтың ықпалды қолдауымен әулие әрі халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлына Қазалы ауданы орталығынан кесене салуды қолға алып, пайдалануға беру ерлікке пара-пар іс болған еді.
Бұған сол кездегі діндарларға қарсы Кеңестік идеология да, осыған байланысты әртүрлі қарама-қайшы пікірлер де кедергі бола алмады. Бір құдіретті тылсым күш жоғарыда айтылған қиыншылықтардың бәрін жеңіп, ескерткіш-кесенені салуға дегенде ойға алған істің бәрін оңынан тудырып, сәтін салды, болмысты болдырды, іздегеніміз аспаннан түскендей табылды. Бір сөзбен айтқанда, жоқтан бар жасалды. Құдайдың бір аты – халық жұмыла қолға алған істі әруақ қолдады десек ешқандай да артық айтқандық емес.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өзінің атқарып жүрген қат-қабат жұмысымен қоса Жаңқожа батыр кесенесін салып, пайдалануға беруді міндетіне алған өзінің ерен еңбегінің арқасында өмірдің ащы-тұщысын көріп, өзім дегенге әрдайым аянбай қызмет ете білетін айнымас дос, қоғам қайраткері, халық қалаулысы, Сыр елінің, жомарттығы бір бөлек, көрнекті азаматы Самұрат Жұманұлы Имандосов уақытпен санаспай, жанын сала ұжымын жұмылдырып, ел сенімін абыроймен ақтады. Кесене құрылысы сол кезеңдегі мүмкіндіктермен бағалағанда қай жағынан да көңіл тоятындай сәулетті де сәнді шықты.
Осылайша 1995 жылы Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ескерткіш кесенесі пайдалануға берілді. Міне, ширек ғасыр артта қалды. Халық қолдаған сауапты іс жылдар бойы жалғасын тауып, қастерлеп, құрмет тұтудың арқасында бүгінгі күні адал ниетті барша қауым тағзым ететін, ұрпаққа тағылым-тәрбие беретін қасиетті орынға айналғанына барша куә. Оның бер жағында ойда жоқта сәтін салып, кіндік қаны тамған жерден алыс жүрсе де туған елінің шын жанашыры, қоғам қайраткері Дархан Бердалиевтің демеушілік бастамасымен, халықтың қолдауымен заман талабына сай салынған бүгінде Жанқожа батыр мешіті, ауданның бас мешіті есебінде жұмыс істеп келеді.
Иә, елінің болашағы мен жері үшін өмірін сарп еткен Халық батыры әрі әруақты әулие Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі халқының мәңгі есінде, ол ешуақытта өшпеуі тиіс. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі дегендей, оның өмірі мен еліне еткен қызметі ұмытылмайды, қайта зерделеніп, зерттеліп, бүгінгі ұрпақтың үнемі рухына тағзым етіп, мақтанышына айнала беретіні сөзсіз.
Осының айғағындай, жуырда аудандық «Қазалы» газетінен жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Арал және Қазалы аудандарының Құрметті азаматы Молдахмет Қаназдың «Арықбалық шаһидтерін» ардақтау мәселесі алаңдатады» (Аудан әкімінің назарына) деген тақырыппен берілген мақаласын оқып ойға қалдым. Осы қолыма қалам алуыма да себепші болды.
Осыдан екі жыл бұрын жазушы Молдахмет Қаназ ағамыздың «Арықбалық ахиреті» деген тақырыппен редакцияға келіп түскен мақаланы аудандық «Қазалы» газетіне жариялап, оқырман назарына ұсынған едік. Онда айтылған ұсыныс-пікірлері де халқымыздан қызу қолдау тапқан болатын.
Шынында да, әулие әрі халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының өмірі және туған жері мен елі үшін өліммен арпалысып жүріп, жасаған жанқиярлық ерліктерін халқына жеткізу жолында тынымсыз еңбек етіп, тарихи деректерді жан-жақты зерттеп, ел аузындағы нақты болған оқиғалармен салыстырып, көз майын тауыса зерделеп жүрген жазушы Молдахмет Қаназдың жанашырлықпен игілікті істің мүддесі үшін жазып, айтылған ұсыныстары көңілге қонарлық, әрбір адамға ой тастайтындай.
Отыз жылға аяқ басқан тәуелсіздік жылдарында бостандықты армандап өткен бабаларды, жауларымен айқаста қан кешіп, шейіт болған талай батыр боздақтардың рухын тірілтіп, еске алу, ұлтымыздың еріксіз бұрмаланған өткен тарихының шындығына жету жолында қолдан келгенше көп нәрселер жасалуда. Бұл тұрғыда тарихшы, зерттеуші ғалымдардың еңбегі орасан зор екені сөзсіз. Соған қарамастан әттеген-ай, дегізетін жайттар да аз емес екендігін жасыруға хақымыз жоқ. Әсіресе өткен соқтықпалы-соқпақты сан қилы тарихымызды аталғандай келеңсіздіктерден арылтып, кейінгі ұрпаққа мақтанышпен айта-айта жүрерліктей етіп көрсету әлі өз дәрежесінде емес. Көңіліміз толмайтыны рас.
Егемен елміз, еркіміз өзімізде деп, халқымыздың бостандығы, әділеттілік жолында күресіп өткен, майданда шайқасып, талай жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсеткен, аты аңызға айналған батыр да әруақты әулие бабаларға ескерткіш қоя бастадық. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан осыған қомақты қаржы да бөлініп келеді. Дегенмен бірсыпыра жағдайда жанашырлық көзқарастың жоқтығынан оны орындаушылардың кейбірі оңай олжа табудың жолына түсіп кетті. Кеңес Одағының кезіндегі сансыз ескерткіштерді солайымен аз-маз ғана өзгерткен болып, болмашы қондырма жасай салды. Осындай сапасыз, көңілге қонымсыз ескерткіштерді талғамсыз, келісімпаздықпен қабылдап, асыға күткен халықтың күлкісіне қалған кездер де кездесті.
Меніңше мұндай жағдайлар өзіміздің жайбарақаттығымыздан, жете мән бермеушілігімізден деп есептеймін. Соның салдарынан мемлекетіміздің елімізді алға бастырып, өсіріп-өркендететін талай бағалы бастама-бағдарламалары өз дәрежесінде орындалмай, аяқсыз қалып, оған бөлінген қыруар қаржылар өз мақсатына жанашырлықпен жұмсалмай, «көрінгеннің қолында, тістегеннің аузында» кетіп, өз құлқынын ойлаған жемқорлардың санын көбейтті.
Осындайда, күні кеше ортамыздан өтіп, Ұлы Отан соғысындағы адам айтса нанғысыз ерліктерімен қазақты әлемге танытып, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы есіме түседі. Қан кешкен майданда қарамағындағы жауынгерлермен өлем демей, өзі бастап, талай шабуылдап, жау шебін бұзған. «Командирлер жетіспейді, өздеріңді сақтаңдар, жеңіл автокөлік берейік» дегенде, «маған ақбоз ат берсеңдер болады» деп, сонымен-ақ дұшпандарын талқандаған. Миллиондаған адамдардың өмірін қыршынынан қиған соғыстан аман шығып, бейбіт өмірде де ұлтымыздың өле-өлгенше мақтанышы болған сол Бауыржан Момышұлының астында тұлпары аспанға шапши қарғыған айбатты ескерткішін әлі күнге көз алдыма елестетумен келемін. Әрине қазақтың батыры Бауыржан Момышұлына қойылған, ескерткіштер бар, бірақ оямыздан шықпайды.
Міне, жазушы Молдахмет Қаназ ағамның да жанайқайы осындай келеңсіз жайттарды көріп жүргеннен туындағаны сөзсіз.
Шынымды айтсам, қайда жүрсек те туған жерім – тамыры терең, тарихы кенен Қазалыны қастерлеп, әрдайым жан сүйінтерлік жақсы жақтарынан көргім келеді. Өмір бойы осындай игілікті істерімен көріне берсе дейтіндердің қатарындамын. Сондықтан бүгінгі таңда түрлі қиыншылықтарға қарамастан, қазалылықтардың әруақты әулие әрі халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлына осыдан ширек ғасыр бұрын салынған ескерткіш-кесенесін қазіргі заман талабына сай кеңейтіп, толықтырып, жаңартуды қолға алған талаптарын есітіп, шын жүректен қуанып қалдым. Бұған мүмкіндік, жанашырлық ниет болса кесене алдындағы аула және айналасындағы жер жеткілікті. Бұл әрқашан халқы қолдайтын, сауапты әрі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Сонымен қатар, қасиетті орын келешек Қазалының атын шығаратындай, дамыған, өркениетті елдердің үлгісіндегі салынған мемориалға айналуына тілектеспін.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі