Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыбағаның салмағы

Сыбағаның салмағы

Кәделі мүше, кәделі сыбаға дегенді көнекөз қариялар жақсы білгенімен кейінгі буын ұмытып бара жатқандай. Бірі білсе, енді біреулері аса мән беруден қалып барады. Олай болса, неліктен бұрынғылар мұндай кәде-құрмет көрсеткен?

Тарқатып айтар болсақ, қазақ ұлтының пайымында жарасты дәстүрлеріміздің бірі, құрметті адамға, сыйлы қонаққа, жақын-жуыққа немесе жырақта жүрген үй-ішінің бір мүшесіне арнайы сақталған тиесілі кәделі мүше ұсынылатын дәстүр – сыбаға. Яғни халқымыздың бір-бірін сыйлағанын білдіретін үрдіске баланады. Жиын-тойға келе алмай қалған қадірлі қонақтарына, жақын туыстарына немесе соғым сойғанда арнайы жақындарына бөлінген мүшелерді “сыбаға” дейді.
Ет мүшелері туралы наным-сенім, таным-түсінікке орай асылған ет пен оның мүшелерін дұрыс үлестіру, сыбағалы табақ тарту аса жауапкершілікті қажет етеді. Онда мал анатомиясының ерекшеліктері негізге алынады. Әлемді, дүниені жетелейтін, бастайтын бас, жаңа тіршіліктің бастауы іспеттес. Осындай символикалық танымға сай ең сыйлы адамға бас тарту қалыптасты. Сонымен қатар соғымнан сыбаға апару, қыз сыбағасын жіберіп тұру, алыс сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтау сияқты кәделі асты қадір, кие тұту сынды астарлы мән бар. Мәселен, сыбаға сақтау жолаушының аман-есен оралып, осы дәмнен ауыз тиюіне тілектестік білдіріп тұрады деп ырымдау арқылы пайда болған.
Дәстүрлі ортада күйеу мен қыздың сыбағасы, кәделі мүшесі ретінде міндетті түрде асық жілік пен төс тартылады. Жаңадан түскен келінге арналып жасалатын “Отқа шақыру” немесе “Босаға көрсету” рәсімінде абысындары мен жас келін арасындағы қарым-қатынастың дәстүрлі заңдылығы аталған мүшелерді ауыз тиюімен басталады. Мұндайда салтқа қатысты наным, ұстанымдармен қатар, дайындалған мал мүшелерін айыра білу өте маңызды. Оған ата-ана балаларын жас кезінен бастап, табақтағы әрбір мүшенің белгісі мен ерекшелігін айтып, үйретіп отыруы тиіс.
Асқа қатысты жоралғылардың ережесіне сай белгіленген ет мүшелерін тиесілі адамына емес, басқаға ұсыну үлкен әбестік болып саналады. Сонымен бірге ырымға байланысты тыйым салынған кәрі жілік қыздарға ұсынылмайды. Еркекке аты сүріншек болады деген пайыммен төстің сүріншегі берілмейді. Олардың қатарында ішкі мүшелердің бөліктері де бар. Атап айтқанда, жетім бауыр, жетім өкпе аталатын кішкене бөліктері балаларға арналмаған. Әдетте мойын-омыртқа кәделі ет мүшесіне жатпаса да қалжа кезінде әйелдердің барлығы міндетті түрде ауыз тиеді.
Мал мүшелерін жақсы танып-білудің ғұрыптық қызметімен қоса, тұрмыстық маңызы да жоғары. Түйе мен сиырдың бүйрегін, жылқының бауырын жесе, безгек ауруына шалдығады деген наным бар. Бүгінгі күнге дейін бұл ұстаныммен қатар мал еті мен майын сан алуан бездерден тазартудың маңызы зор.
Салт бойынша тамақтану барысында кәделі сыбағаны тураудың қалыптасқан тәртібі болады. Жамбас сүйектің етін қалбағай басынан емес, жамбастың астыңғы бөлігі, яки шонданай тұсынан ұстап турау қажет. Басқаша ұсталған жағдайда “Атыңа теріс қарап мінесің бе?” деп әзілдеп, қонақтың жөн-жосық білмейтіндігін әжуалап әшкерелейді. Мұның өзі адамның абыройын түсірген.
Мал етінің кейбір кәделі мүшелері қонақтар арасындағы сыйластық өлшемінің шынайы үлгісі ғана емес, сараптамалық қызметті де меңзейді. Дәлірек айтсақ оның құрамы мен дәмі арқылы мал мен аң етін, кәрі немесе жас, арам болмаса адал екендігін айыра біледі. Кексе мал еті қатты, сіңірлі, шандырлы келсе, аң етінің талшығы кесек, жуан, түсі қызғылтым, әрі өзіндік дәмі болады.
Мал етінің кәделі мүшелеріне бас, жамбас, төс, құйрық, бауыр және тағы басқаларына қатысты қалыптасқан этикет, ұстаным, ырым-жоралғылар дәстүрлі қатынастардың ұдайылығын және тарихи сабақтастықты қамтамасыз етеді. Оны сыбағалы ас деп те атайды. Арнайы белгіленген ет мүшелері салынған соң кәделі табақ деп атайды.
Жалпы қазақ халқы асты құрметтеу мен бағалаудың жолын да, жөн-жосығын да, оны дәмді етіп әзірлеудің де ретін білген. Ел мен елді татуластыру, жақсылар мен жайсаңдарды құрметтеуде, мырзалық пен мәрттік қасиеттері мен артықшылықтарын білдіруде ел дәулеті мен қабілетін танытуды да кең дастарқан арқылы көрсеткен. Тұшымды сөз айтып, дәмді тағам берумен бірге таза, бүтін ыдыстарға дейін мән беріліп, ерекше назарда болған. Сырттан келген кісілер де елді осы қонақасы берудің жолы мен жөні арқылы сынап, бағасын берген. Демек ұлт мәдениетінде кәделі мүшеден дәм таттыру – дипломатиялық және тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
16 маусым 2020 ж. 1 441 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930