Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кемер белбеу белге сән

Кемер белбеу белге сән

Зер қадірін жете түсініп, темірден түйін түйген сырбойылық Құдайберген Құлмамбетов Арал өңірінің тумасы. Қолөнермен және майлы бояумен сурет салудан аты шыққан, көпке белгілі жанға зергерлік, ұсталық әкесі Тағжаннан дарыған деседі. Он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан шыққан жауһарлардың бірсыпарасымен Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінен танысуға болады.
Көздің жауын алар керемет бұйымдардың қатарында айрықша көзге түскені кемер белбеу. Белбеу барқыт жолағына күміс қондырылып жасалған. Екі ұшы қақталып күміс жалатылған жалпақ, топсалы қапсырма қойылған. Түсі қанық көк, жалпақ белбеу қай киімнің де сәнін келтіріп, ажарын аша түсері анық. Бұйым Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Ғ.Айсауытовадан сатып алынған. Жалпы белбеу киім сыртынан буынуға арналған бұйым. Оның ұзындығы әртүрлі. Оның атауы «бел» және «бау» сөздерінің қосылуынан пайда болған. Әртүрлі матадан немесе жұмсақ иленген жұқа жарғақтан, қайыстан, былғарыдан жасалады. Оның жібек, қыжым, жарғақ, күдері, дембет, көнте және тағы басқа да түрлері бар. Былғарының сыртын алтын, күміспен әшекейлеп жасаған белбеуді кісе деп те атайды. Әсіресе ертеректе тұрмыста кеңінен қолданылған. Бетіне алтын не күмістен өрнекті жапсырма бекітілген, ішік, тон, шапан сыртынан буынатын жалпақ сәнді былғары белбеу. Белбеу сәндік бұйым ғана емес. Бұрындары адамның әлеуметтік-мүліктік мәртебесінің көрсеткіші ретіндегі белдіктің рөлі жоғары болған. Белдіктегі шытыралардың саны, оның неден істелгені, жасалу көркемдігіне қарап, иесінің әлеуметтік жағдайын аңғаруға болады. Бір-бірінен асып түсуге тырысқан бай адамдардың белдігі қатты ерекшеленген. Олардың белдігі күміс, көбінесе алтынмен сәнделіп, тамаша өрнектермен әспеттелген. Шытыра жинақтарының көркемдік-техникалық үйлесімділігі арқасында белдіктер зергерлік өнердің баға жетпес туындысына айналған. Ауқатты ер азаматтар мата белбеу, салпыншақтары мен қару салатын қындары бар жіңішке белдік және күміс шытыралы сәнді жалпақ белдікті қатар тағып та жүрген.
Тұрмысы орташа адамдардың белдігі күміс жалатылған мыс шытыралармен сәнделген. Ол кездің дәстүрлі ұғымында мүліктік мәртебе моральдық-этикалық тәртіп түсінігімен сәйкестендірілген. Ел аузында «Белбеулі адам – қадірлі кісі» деген теңеу бар. Жігерсіз, болбыр адамды «босбелбеу» деп сипаттаған.
Біз сөз еткен кемер белбеу кice белбеуге қарағанда анағұрлым жалпақ әpi әшекейлеп нақышталуы күрделірек болып келген. Кемер белбеуге бағдарлап қарала салу, лажы жүргізу, жапсырмаларына асыл тастардан көз салу, күмбездеп ширата жүргізу сияқты күрделі техникалық тәсілдер қолданатындықтан, олардың көркемдік сапасы әрдайым жоғары көрінеді. Осы орайда халық арасында «Кемер белбеу белге сән, Кемелді жігіт елге сән» деген тәмсіл қалыптасқан.
Қазақ халқының өткенін жаңғыртып жүрген аралдық зергер ұлттық өнердің нағыз жанашыры. Ол жасаған бұйымдар еліміздің көптеген мұражайларында сақтаулы.
Сонымен бірге шетелдерге шығарылған жәдігерлер де аз емес. Ұстаның ұқыптылығы мен таланты ол жасаған кесеқап пен тостағаннан да көрінеді. Кесеқап тері мен қылдан істелген. Бауырсақ салуға арналған тостақ пен қымыз құюға арналған тегене, ожау, кесе қараталдан ойып жасалған. Әр ыдыстың сырты қазақы нақыштағы оюмен көмкеріліп, жылтыр көзді әшекей тастар қадалған.
Асыл мұраны дәріптеп, әке жолын жалғаған еңбекқор азаматтың қолынан шыққан тамаша туындылар музей жәдігерлерінің қатарын толықтырып тұр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
02 маусым 2020 ж. 2 590 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930