Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бұл заман тұра бермес мәңгі осылай

Бұл заман тұра бермес мәңгі осылай

Әлем халықтарында Нострадамус, Авель, Гарри Гудини, Вольф Мессинг, Ванга сынды көріпкелдердің өмірден өтіп кеткендеріне қанша уақыт өтсе де, сәуегейлік жасаған болжамдары әлі ел жадында. Ондай алысты көріп, болашақты болжайтындар қазақ арасында да көптеп кездескен. Сондай ерекше қасиет қонған жанның бірі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі – Мəшһүр Жүсiп Көпейұлы. Өзінен бұрынғы қожа Баһуаддинді кәміл пірім деп санаған оның тылсымға толы болжамдары мен айтқан өсиеттерін оқып, айнымай келгеніне таңдай қағасың.


Алғашқы ілімін мұсылманша хат танудан бастаған ол бала күнінен шығыс жауһарлары шығармашылығымен сусындап өседі. Бертін келе орыс тiлiн жетік меңгеріп, ізденісін арттырады. Саналы ғұмырында М.Көпейұлы тарих, этнология, фольклористика, тiл тарихы, этнография, философия, медицина, космология сияқты ғылым салаларына өз қолтаңбасын қалдырады.
1858 жылы Баянауылдағы Қызылтаудың Найзатас деген жерінде дүниеге келген тарихи тұлғаның азан шақырып қойған есімі – Адам Жүсіп екен.
Бала кезінде Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде оның өнеріне тәнті болып, әкесіне: «Сопы, мына балаңның бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын. Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен!» – дейді.
Содан кейін Жүсіп деген атына Мәшһүр тіркесі қосақтала аталады.
Мәшһүр Жүсіптің ғұмырындағы ғұламалығы туралы ел арасында түрлі әңгімелер сақталған. Замандастарының айтысына қарағанда Мәшекеңнің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс дегендей, батасы қабыл болған кісі екен. Қашан да қазақ үшін ұрпақ мәселесі маңызды. Базары мен назарын ұрпағымен ұлықтайтын ұлттың ұл-қыз сүйе алмай қиналған отбасылары ол кезде де болған екен. Олар Мәшһүрге келіп, тілектерін айтқанда: «Мәшһүрдің белінде байлап жүрген баласы бар дейсіңдер ме? Кімге не керек болса, жалынып жалбарынып Құдайдан сұраңдар, тек көңілдерің ақ, жүректерің таза болсын,» – деп алдымен беттерін қайтарып тастайды екен де, артынша дұға қылады екен. Мәшһүр атаның лепесінен кейін туыппын деп айтушылар ел арасында бертінге дейін болған.
Бекболаттың Жұмабегі деген кісі өз естелігінде былай дейді.
– Үйленген соң бірер жыл балаларым тұрмай, баз кештік. 1929 жылы Найманның Қызыл Қойтасы деген жерде тұратынбыз. Бірде Баяннан Ескелдіге қарай қайтып келе жатқанда Мәшһүрдің жолын тостым. Жол тосқанда –жолға кесе-көлденең жата қалыппын.
«Мәшеке, мен осы елдегі жалғыз үйлі Найманмын. Ол да уақа емес, «жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деген ғой халқымыз. Жұрт қатарлы күн көріп те жатырмын. Менің жаныма батары, жігіт жасым артта қалып барады. Күннен-күнге, жылдан-жылға ұрпақсыз қалам ба деген үрей жан-дүниемді меңдеп, ішімді отша жалайды. Үйдегі келініңізбен отасқаныма он жылдан асып барады. Жөргек иісіне зармыз. Бір ши өкпеге лепесіңізді қиыңыз деп еңірегенде етегім толды. Мына сол жағыңызда қалып бара жатқан шаңырағымызға атыңыздың басын тіреп қонақ болыңыз, батаңызды беріңіз», – деп әйеліміз екеуміз қосыла қылқылдадық.
Біздің мұңды хикаямызға үнсіз құлақ түріп, аз-кем ойланған Мәшһүр:
– Құдай да, әруақ та «мүсәпірге жақпын» деген. Жалғыздық бір құдайға да жарасқан, құдай тілегіңді берер, шын егіліп жылап тұрғаныңды көріп тұрмын. Тұр, үйіңе қайт, мен ауылға әлде бір шаруамен асығыс қайтып барамын, кейін келермін. Алла жазса, серіксіз болмассыңдар деп жүріп кетті, – дейді.
Айтқанындай-ақ бір жылдан кейін Жұмабектің шаңырағында ер бала дүниеге келеді. Отағасы мен жары Мәшекеңнің «серіксіз болмассыңдар» деген сөзі естеріне түсіп, нәрестенің атын Серік деп қояды. Сол Серіктен кейін қанша ұрпақ тарапты.
Дихан Әбілевтің Сұлтанмахмұт туралы романында сөз болған «Мамыттарды көгендеу» ісі Мәшһүрдің көзбе-көз қатысуымен болған жай екен. Оқиға шындығы былайша өрбиді. Онда шығармадағыдай адамдар көгенделмейді, ағайын арасына от салу әрекетімен желігіп алған Еламан жігіттері аз ғана Мамыт аталығының қолға түскендерін қотандағы қозы көгеніне күштеп әкеліп, мойынсұндырады да, бос киіз үйге апарып қамай береді. Міне, сондай қарбалас шақта Смағұл киіз үйде отырған Мәшһүрге келіп паналамақ ¬болады.
Оның соңынан ере қуып келген үш жігіт есік алдында тұрып: «Мәшеке, ана Смағұлды бері шығарып беріңіз. Әліне қарамай, бұл Әбутүсіпке қол жұмсамақ болды», – деп тепсіне сөйлейді. Жігіттердің тым өңмеңдеп, босағасына атпен төніп келген бейәдеп әрекетіне наразы болған Мәшһүр: «Бұтаға келіп паналаған торғай да бір қабат аман қалушы еді. Менің де сол құрлы болмағаным ғой сендерге, Смағұл бар. Мен оларды аттым, – деп қолын тапанша сынды үшеуіне нұсқап, атқан сыңай танытады.
Бұл үшеудің алғашқысы Баязиттің Қанафиясы көп ұзамай о дүниелік болады. Екіншісі Мүсірдің Рахымының баласы Сәмет те бұл жағдайдан соң ел кезіп, хабарсыз кетіпті. Ал соңғысы Мәшһүрдің туған бөлесі Әбжанның Құдышы еді. Құдыш та көп ұзамай белгісіз ауру дендеп, төсек тартып жатып қалады. Сол тұста Құдыштың шешесі Бәті тірі екен. Адуынды, елге сыйлы, әрі Мәшһүрге сөзін өткізе алатын туыс апасы жағдайдың неден болғанын байыптап, баласын Мәшһүрдің алдына алып келеді.
«Мына бөлеңді өзің жазаладың. Енді не істесең де өз қолыңмен істе», – деп қолқа салып отырып алады. Құдыштың жайын көзімен көрген Мәшһүр: «Басқасының дұғасын қайтаруға болар еді. Ал өз дұғамды қайтаруымның сәтін бір Құдай біледі» – деп тынбай үш күн, үш түн дұға оқиды. Содан нәр-су татпай қалған бөлесі ауруынан айғып, кейін 80 жастан асып барып, балалы-шағалы болып дүние салыпты.
Ғұламаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеумен келе жатқан Т.Шарапиев пен С.Көпеевтің Мәшһүр Жүсіптің өмірінің соңғы кезеңінде күтушісі болған Намазұлы Әйтімнің айтқаны назар аудартпмай қоймайды.
«...1928 жыл болса керек. Аумалы-төкпелі жағдайларға орай Ескелдідегі қыстауынан ұзап көшпей, қозы көш жерге ғана қотан аударып, киіз үй тіктіреді. Жақын-жұрағаттары бар бес-алты үй бас құрап, Ордабай құдығы деген жерде отырады.
Жаз қуаңшылық еді. Мәшекеңнің атын жегіп, үй шаруасына қолғабыс жасайтынмын. Бұдан бұрынғы жылдар жаңбырлы еді, биыл да құрғақшылық жылға қарамастан, шөп қалың шықты. Көделі жердің өзінен тоқты көрінбей, өлкеге өгіз жасырынарлықтай жайда еді. Жаз ортасына қарай найзағай жиі жарқылдап, қалың қара бұлт жерге бір тамбай өтіп жатты. Міне, сондай бір күндері қалың өрт басталды да кетті. Ауыл үстін қара түтін басып, мал-жан түтінге булығып қаларлықтай халге келдік. Қып- қызыл өрт жалыны жиі көрініс беріп, үдей соққан дауылды желден өрши түсті. Ауыл адамдары үрейге беріліп, үйлерін тастап, сулы құдық, терең апандарға бой тасалап жатты.
Өзінің алты қанат ақ үйінен табан аудармай отырып қалған жалғыз Мәшекең ғана болды. Ол кезде бәйбішесі дүние салған болатын. Бұрынғы әдетінше шай-суын, қымыз ұсынып жанында отырған тек үлкен келіні Ақзейнеп қана. Ләм-мим деп Мәшекеңе айтуға батылымыз бармайды. Үлкен баласы Шарапиденге жалтақтап қараумен болдық. Ол кісі де сабыр сақтап, ара-тұра әкесіне көз тастап қана қояды. Бізді таңқалдырған жай осындай қарбалас сәтте Мәшекеңнің үлкен көк құран кітабын алдына жайып қойып, аса бір салмақтылықпен дұға оқып отыруы болды. Бір сәт тілдей қағазға арабша қысқаша дұға жазып маған:
– Менің тор атыма жайдақ мін де, мына дұғаны анау қаулап өрт беттеп келе жатқан Қаратөбенің деңгейіне апарып жеткіз. Бірақ, тастаған жеріңді ұмытпайтын бол, – деп қысқа қайырды да ұзақ намаз оқуға кірісіп кетті.
Алыстау болса да, өрт қызуы бетке соғып тұр. Торы ат жиі пысқырынып, екі құлағын жиі қайшылап жүріп келеді. Екі түп тобылғының арасын белгілеп, дұғаны ат үстінен жерге тастап, кейін қайттым. Бір кез аспаннан оймақтай қара бұлт ойнап шыға келді де нөсер жаңбыр құйып өтті. Өрт су сепкендей басылды. Іле дұға жазылған қағазды алып кел деп жібергенде, мен одан бетер таң қалдым. Өрт қағазды айналып өткен, бірақ сол жерден көп ұзамай сөнген еді. Бәрі де «Мәшекеңнің ауылы үстін қалың өрт жайлап өтті» деп үрейленіпті», – дейді ол.
Ақын 1931 жылы өзінің туған ауылында дүниеден қайтады. Ол өлерінен бір жыл бұрын өзіне бейіт тұрғызып, көзі тірісінде жаназасын шығарып, ас бергізеді. Сол кезде жиналғандарға: «Жетпіс үшке шыққанша, балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң, сұрасаң да тұрмаймын, мен өлген соң ас бермек түгілі бақа-шаян теріп кетесіңдер», – дегенді айтады. Ол дүниеден өткен соң осы сөзі тура келеді. 1931 жылы елде қызыл қырғын ашаршылық орын алады.
Осы әңгіме ел арасында аңыз боп тарап, ауыл адамдары өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тәуап етіп, түнейтін болған. Оның зиратын қырық жылдан соң қайта ашып көргенде сүйегі сол қалпы сақталған-мыс. Бұл жайлы 2000 жылы Қызылжардан шыққан «Мәшһүр Жүсіп өмірі» атты кітапта мынадай мәліметтер берілген.
«1929 жылы Ескелдідегі қыстауын бастап, 1930 жылы аяқтап, бір қыстайды. Осы жылдың жазында зират үйін де салдыруды қолға алады. «Әуелі «Жатар орнын» дайындатады. Үлкен келіні Ақзейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады екен. Енін, көлденеңін, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткен соң көңілі дауаламағандай, балдызына тағы да біраз тереңдету керектігін айтады. Күндегі әдетінше ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да, дұға етеді. Бұл кезде Дұсжан бірыңғай қиыршықты үйіндінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды.
Сөйтеді де:
– Моллеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба, – деп жоғары қарайды. – Жоқ, Дұсжан. Менің де күткенім осы. Сындырмай тұтас ал да жоғарыға шығар, – деп тағы да дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасты аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен тірісінде. Ол тастың қалдығы әлі сақтаулы.
Ал Мәшекең зират-үйін екі бөлмелі етіп салдырып, төргі бөлмесіне өзін ашық қоюды өтінеді. Ауызғы бөлмеге ыдыс-аяқ, кітап-құрандарын, ер-сайман, кілем, үккіш секілді пайдаланған заттарын түгел қойғызады. Насыбай шақшасына әрдайым дайын насыбайды толтырып кетіп отыруды өсиет етеді. Бұл туралы:
– Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп қалса, барлық мүлкімді пайдалансын. Бірақ жуып-тазалап қайыра орын-орындарына қойып кететін болсын. Қорықпасын, мен көрден тұрып, ешкімге да бас салмаймын, – деп тапсырады.
Бұл жерде Мәшһүрдің:
– Мен өлгеннен кейін де қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етемін. Тек жаздың ыстық айлары ақіретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады, – деп, үлкен баласы Шарәпиденге шырақшылықты өсиет етеді».
Заманында Мәшһүр Жүсіп қазақтың кемел келешегіне байыппен болжам жасап, оның азапты да, тағдырлы тарихын көзбен көргендей жырлап кеткен. Солардың бірінен оқырмандар назарына үзінді ұсынып отырмыз.
Әуелгі атым еді Адам Жүсіп,
Сүйген халқым кетті Мәшһүр десіп.
Петербург, Лондонға аты мәлім,
Айтайын мен сендерге көңілім түсіп.
Шешендер шыға алмайды тұйығына,
Баса алмаймын батпақтап ұйығымнан.
Баяғыңды ойлама енді, қазақ,
Бақытыңды тайдырған иығыңнан.
Жақсы болсаң жау болар өз ауылың,
Жаман болсаң жат болар өз бауырың.
Әр түрлі сөзге еріп пәле жауып,
Шірітер түрмесінде мұжық бауырың.
Тұрарда таң намазына кез боларсың,
Шығырда шыбын жаның тер боларсың.
Кеудеңе алабота, жусан шығып,
Бір кезде аяқ басар жер боларсың.
Қалған жоқ, Сарыарқа, сенде қызық,
Сандалтып Сарыарқаны алды мұжық.
Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы сорлы қазақ қалдың мыжып.
Таптадың Сарыарқаны қаншама жыл,
Байың жоқ, батырың жоқ, қалғаның тұл.
Ерініп еңбек етіп, егін салмай,
Мұжыққа қала салып, болғаның құл.
Отыз екінші жыл болар сондай ауыр,
Адамдар аш-жалаңаш болып жаныр.
Кетеді айдалаға есі шығып,
Ағайын туған-туыс, суып бауыр.
Адыра тұл қалады қурап шаңырақ,
Кетеді айдалға иесі аңырап.
Тірі кісі табысар бір заманда,
Қойдай маңырап, қозыдай жамырасып.
Дүниеге жарасады күн менен ай,
Бұл заман да тұра бермес мәңгі осылай.
Мысалы, бұл дүниені мен айтайын,
Теңелер сол заманда кедей мен бай.
Өзгеріп одан кейін заман болар,
Жолына шариғатың күмән болар.
Қызығы кәрі-жастан ұят кетіп,
Тәртібі, ар жойылып тәмам болар.
Күншілдер көрінгенге қуғын сатып,
Ақыры кінәсізге жала болар.
Үлгілі, өнегелі салты құрып,
Қаптаған айналасы қала болар.
Кедейлік болар ма, мұндай қиын,
Ойын-күлкі, ас пен қалар жиын.
Еститінің жаман сөз, суық хабар,
Жұмыртқадай шайқалар күнде миың.
Сайтан мен ел, Құдаймен жат болды ғой,
Сол себепті жұрт біткен ғад болды ғой.
Жер мен көктің кеңдігінен не пайда,
Жақсылық, тыныштық деген қат болды ғой.
Жұрт көреді Құдай ісін оңайлығын,
Қысы –жазы тығын жоқ, ыңғай шығын.
Пәнде асығып жеткенше тарығады,
Құдай өзі көрсетпесе Құдайлығын.
Мәңгі бақи бұл дүние тұрмақ емес,
Қалжыртып, қажытып бәрін тегіс.
Өлмеген құл көреді, асықпаңдар,
Бұл дүние де таусылып, болар көмес.

Қазақтың өткенін саралап, ұрпақ санасына ұялатып жатқан тұста, ұлт мақтаны болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлындай кемеңгер тұлғаның ұлағатты ісі мен өнегелі өмірін зерттеу, насихаттау жұмыстарын одан әрі жандандыру – уақыт талабы. Ендеше барды бағамдау арқылы рухани көкжиегімізді кеңітіп, тарихи тұғырға қондыратын кез келді.

Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА


16 қараша 2019 ж. 1 198 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930