Тамаққа сын тақпа
Дана қазақ табиғаттың тылсым күшімен үйлесімді тірлік етіп, оның философиялық түбіріне көз жүгірте білген. Ғылыми зерттеулер жүргізілмеген кезде-ақ, оның көзге көрінбейтін зиянын біліп, кейінге өсиет етіп отырған. Мәселен, «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз пайымдағанға көп нәрседен сақ болуды меңзейді. Соңғы кезде ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде айтылған қазақи ырым-тыйым ұмыт болып бара жатқандай, оны қайта жаңғыртуға әрбіріміз атсалысу қажет деп есептеймін. Ендеше ас мәзіріне қатысты кейбір міндетті жоралғыларды еске түсіріп көрелік.
Ықылым заманнан аталарымыз қолды жумай тамақ жеуге отырмаған. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құятын болған. Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады. Қол жуғанда қолдың әрбір саусағын жеке-жеке жуады.
Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады. Тамақ ішер алдында «Бисмиллаһи рахмани рахим» деп нанды сындырып, ауыз тигеннен кейін басқа тағамды жейді. Бұл сөз «Мейірімді Алланың атымен бастаймын» дегенді білдіреді. Асты оң қолдың үш саусағымен алады және әркім өз алдынан ауқаттанады. Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Себебі құты қашады деп сенген. Ауқатты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды. Тамақты аз-аздан алып, асықпай шайнап жейді.
«Нан қатты екен», «шала піскен», «күйіп кеткен», «езіліп кеткен», тағы басқа сөздерді айтып сынамайды. Нанды, тамақты сынау – ашаршылықты шақыратын жаман ырым. «Ас – адамның арқауы» саналады. Асты жамандаған аштан өледі деп жорыған. Оны шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе тым еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс.
Бабалардың дүниетанымы бойынша дастарқан басында мағынасыз әңгімелер айтуға тыйым салынған. Тамақтану кезінде әрбір адам өзін-өзі ұстай білуі, мүмкіндігінше аз сөйлеуді міндет еткен.
Тағы бір ерекшелік, бейіт басында немесе жанында тамақ жеуге рұқсат етілмеген. Ал көшеде, базарда, көлікте мүмкіндігінше көпшіліктің назарын аудартпай тамақтанған дұрыс деп үйреткен.
Жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидектерді жегізбеген. Өйткені жуылмаған тамақтан адам ауруға ұшырайды. Тамақ жеп отырған адамды орнынан қозғаған әдепсіздік болып саналады. Қонақ адам тамақты тәбетіне орай, өз қалауынша жегені абзал. Оған тамақты зорлықпен алдыру әдепсіздікке жатады. Ұсынылған ас пен нанды қалдырмай, тауысып жеп қою керек. «Жаманнан жарты аяқ ас қалар» деген сөз бекер айтылмаған.
Ауқаттанған соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңында ас қайырылып, бата беріледі. Үй иесіне жақсы тілек айтылады. Ас ішкеннен кейін «тойдым» демейді, «қанағат» деген жөн. Асқа отырған қонақты санамайды. Қазақ адам санауды жамандыққа балаған. Дастарқанды аттамаған, әдепсіздік нышаны саналған. Әкесі тірі бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса, әкесі өліп қалады деген ырым бар. Тамаққа қарай түшкіру надандық. Асқа шаш түсіп кетпес үшін тамақ пісіруші басты орамалмен байлап алу маңызды. Торқалы тойдың, өлім қазаның ас-суы елге үлестіріледі. Бұл береке сақталсын, дәм-тұз таусылмасын, қазан қаңсымасын дегені. Ендеше ас мәзірінен ас-су үзілмей, үнемі несібе мол болсын!
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ