Алғыс арқалаған азамат
Әйтбембет Бегалы Нұрманұлы 1939 жылы қазан айының 15 күні Қазалы ауданына қарасты Ф.Энгельс атындағы колхозда дүниеге келген. М.Горький атындағы орта мектепті үздік бітіріп, 1958 жылы Семей мемлекеттік медицина институтына емдеу істері мамандығы бойынша оқуға түседі.
Медициналық институтты бітірген соң, 1964 жылы Шымкент облысының Түркістан аудандық медицина бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болып тағайындалды. Сол жылдары дәрігерлікпен қатар Түркістандағы медицина училищесінде ұстаздық етеді.
1966 – 1970 жыл аралығында Шымкент облысының Бәйдібек ауданында бас дәрігерлікті атқарып, тұрғындар денсаулығын жақсартуға аянбай атсалысты.
1970 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының аспирантурасына түсіп, «Состояние некоторых показателей окислительно-восстановительных процессов у больных ревматизмом» атты тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын үздік қорғап шығады. Жинақталған білімін іс жүзіне асыру мақсатымен медицина институтының кафедрасына ассистенттікке орналасады.
Б.Әйтбембет 1977 жылы Республикалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу істері бойынша орынбасарлығынан бастап, бас дәрігері қызметін 1985 жылға дейін жалғастырады.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары ауқымын кеңейте және одан әрі жалғастыра отырып «Токсические поражения печени при хронической профессиональной фосфорной интоксикации» атты докторлық диссертация дайындайды. 1985 жылғы қыркүйек айында Ленинград тазалық-гигиена медициналық институтында ойдағыдай қорғап, оған СССР Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі беріледі.
1985 жылы әкімшілік қызметтен бас тартып, мемлекеттік медицина институтына қайта оралады, 2002 жылға дейін ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі болады. Докторлық диссертация мен өзінің ғылыми мектебін қалыптастыруы, ұстаз және практик ретінде кәсіби біліктілігі, ғылыми зерттеу нәтижелері мен жарияланымдарының жоғары сапалылығы арқасында профессор Б.Әйтбембет Қазақстанның ғылыми-педагогикалық ортасының абыройлы мүшесі ретінде танылды.
1988 – 1992 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бас терапевт қызметін қоса атқарды, 1992 жылдан министрлікте бас гэпатолог болып істеді. Профессор Б.Әйтбембет ғалым, сан-салалы терапевт ретінде Алматы қаласы мен облыстардағы көптеген клиникаларға кеңесші көмегін беріп отырды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық тапсырмаларын орындады. 10 мыңнан аса сырқаттарға кеңес-көмегін көрсетті.
Білікті профессордың жетекшілігімен Арал өңіріндегі экологиялық жағдаяттың салдарынан бауыр ауруларының қабыну себептеріне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның ғылыми мектебінің арқасында күріш өсіру барысында қарбамат тыңайтқыштардың зияны жайлы, бауыр ауруын болжаудың және емдеудің амалдарын қарастыру, жергілікті тұрғындардың асқазан-ішек сырқаттарына арналған бір докторлық және бес кандидаттық диссертация қорғалды, сонымен қатар осы өңірдің экологиялық жағдайына сипаттама дайындалды.
Б.Әйтбембеттің қазақ тіліндегі жаңа буын оқулықтарын дайындауға қосқан үлесі де зор. Оның тікелей жетекшілігімен әзірленген «Ішкі ағза ауруларының пропедевтикасы», «Ішкі аурулар диагностикасы», «Хронический фосфорный гепатит», «Гепатит – бауырдың қабынуы», «Іш құрылыс ауруларының күтімі» атты медицина университеттеріне арналған оқулықтары баспадан бірнеше рет қайталап басылып шықты.
Бекең 1994 жылдан 2000 жылға дейін Гигиена және кәсіби сырқаттар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Институт сол тұста жаңа құрылымдаудан өтіп, Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығына айналды. Ғылыми мамандар дайындау ісін үйлестіріп, Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының Ғылыми кеңесінің төрағасы болды.
2000 жылы Республикалық клиникалық психиатрия ауруханасының (РКПБ) бас дәрігері қызметіне келеді. Сонда оның тікелей ұсынысымен РКПБ-ның негізінде Психиатрия, психотерапия және наркомания ғылыми-практикалық орталығы құрылып, алғашқы директоры болып сайланады. 2003 жылы Психиатрия, психотерапия және наркомания ғылыми-практикалық орталығының «Құрметті директоры» атанып, абыройға бөленді.
Бегалы Нұрманұлы барлық уақытта белсенді және ісіне адал ғылыми-зерттеуші болды. Ол 220 ғылыми еңбек жариялады, екі рационализаторлық ұсыныс пен жаңалық ендірді, медицина саласында 8 монография мен оқулық жариялады.
Үнемі жергілікті және шетелдердегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатты. Олардың арасында профессор Е.М.Очкур, профессор П.А.Верболович, Г.И.Белоскурская, профессор В.Г.Артаманова, В.А.Валук (Ресей), О.Н.Карелин (Литва) болды.
Ізденімпаз жан жас мамандарды дайындау ісіне көп күш жұмсады. Ғалымның жетекшілігімен 5 докторлық, 23 кандидаттық диссертация қорғалды. Көптеген шәкірттері елімізде, сондай-ақ шет елдерде денсаулық сақтау, ғылым мен білім саласында жоғары деңгейде көрініп жүр. Атап өтсек, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртанов, С.Асфандияров атындағы ҚазҰМУ-нің жанындағы Клиникалық фармакология институтының директоры И.Р.Құлмағамбетов, Х.Жұматов атындағы Гигиена мен эпидемиология Ғылыми орталығы директорының орынбасары Л.Орақбай, жоғары санатты дәрігер-кардиолог Г.Ж.Шәріпова, Қазақстан медициналық ВШОЗ университетінің проректоры С.К.Қарабалина, Алматы қаржы-құқық және технология колледжінің директоры Г.К.Кушаева, С.Асфандияров атындағы ҚазҰМУ кафедра меңгерушісі К.М.Тұрланов т.б. елдегі медицина саласының өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан көптеген дәрігер-ғалымдар мен практиктер, өзге де медицина өкілдері бар.
Бегалы Нұрманұлы Әйтбембет – елімізде ғана емес, шетелдерге де танымал ұйымдастырушы-ғалым. Оның ғылыми байланыстары мен жарияланымдары, білім беру орталықтарында жасаған баяндамалары АҚШ, Италия, Дания, Франция, Ресей, Латвия, Литва тәрізді елдерге де жақсы таныс.
Саналы өмірі мен еңбек жолында Қазақстан Республикасының, сондай-ақ өзінің туған жерінің тұрғындарына қолдан келген кеңесін беріп, емдеуін үзген жоқ, елге қажетті маман дайындаудан жалықпады. Бегалы – Қазақстан Республикасы медицинасының көрнекті кәсіби ұйымдастырушысы, ғалым, жоғары санатты дәрігер, терапевт, гигиенист, профпатолог, психиатр.
Инемен құдық қазғандай ғылым жолында қажырлы еңбек ете жүріп, қоғамдық жұмыстан да қалыс қалмады. Шымкент облысы, Алғабас аудандық Кеңесінің депутаты, Алматы қаласы Ленин ауданының депутаты, сайлау комиссиясының төрағасын белсенді атқарды.
Ол өз қаражатына Қазақстанның XIX ғасырдағы тарихи жәдігері санатындағы ұлы атасы Сырлыбайдың кесенесін қайта жөндеуден өткізді. Оның бастамасымен және Қазалы ауданы әкімдігі мен аудандық қауымдастық қолдауымен Сырлыбай ханның 200 жылдығына арналған бірнеше шара өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында спектакль қойылды, Башарұлының «Сырлыбай хан» атты кітабы жарық көрді, облыс және республика көлемінде материалдар жарық көрді.
Медицина саласындағы ұйымдастырушылық және ғылыми жетістіктері үшін Б.Әйтбембет «Ерен еңбегі үшін» медалін тағынып, «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атағын иеленді. «СССР Денсаулық сақтау үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Өмір үшін қызмет» төсбелгілері мен, СССР және ҚР Денсаулық сақтау министрінің көптеген Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарын алды. Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атанып, «Қазалы қаласының 150 жылдығы» медалімен марапатталды.
Осындай елі мен туған жеріне шексіз сүйіспеншілігі мен адалдығын көрсетіп, өлшеусіз еңбегін сіңірген абзал азаматты мәңгілік есте қалдыруды тиісті орындар ұмытпаса дейміз.
Сәуірбек РУЗУДДИНОВ,
Қазақ Ұлттық медицина университетінің профессоры,
медицина ғылымының докторы