Домбырашы Жеткерген
Бірде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Қарттардың өнерге де бар таласы» атты іс-шараға қатысқаным бар. Онда қазақ композиторларының әндері шырқалып, күмбірлеп күйлер төгілді. Көпшілік олардың өнеріне дуылдата қол соғып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Осы жерде менің таң қалғаным «Атамұра» ұлттық ансамблі мүшелерінің арасындағы жасы сексеннен асқан Жеткерген Бернешовтың күмбірлете күй тартуы болды.
Көпті көрген, әңгімешіл, ақжарқын ағамыздың домбыра тартып «әу» дейтін өнерін білсем де, мынандай ортаға ұлттық киім киіп шығады деп кім ойлапты. Кейін үйіне арнайы іздеп барып, әңгімелесудің сәті түсті.
Әкесі Бернеш өнер десе ішкен асын жерге қоятын асқан домбырашы адам болған. Қолынан қос ішекті аспабы түспейтін күйші ас, тойда өнер көрсетіп жүреді екен. Сондай-ақ шебер қолды ұсталығы, зергерлігімен танылған. Соғыс кезінде колхоздың соқасын соққан, арбасын оңдады кетпен-күрегін, тырмасын жөндеген. Сол үшін ұрыс даласына жіберілмей еңбек майданында ауылда қалады.
Асылы, оған өнер әкесінің қанымен, анасының сүтімен дарыған сияқты. Жеткерген де жасынан домбыраға әуес болып өседі. Бір естіген күйді қағып алып, қайта орындауға бейім, өте зерек. Екеуара әңгіме үстінде есте сақтау қабілетінің мықтылығын байқадым. Бұдан 40-50 жыл бұрын Сұлтан жездесіне, Ермұрат құрдасына арнап шығарған әрқайсысы 7-8 шумақтан құралған өлеңін жатқа оқып берді.
Қол созым жерде тұрған домбырасын алып, құлақ күйін келтіріп, «Тәнтен қыз» және басқа бірнеше күйді құйқылжыта орындады. Әрқайсысын тартар алдында шыққан тарихын қоса айтып отырды. Домбыраны шерткен кезде ұшатын құстай қомданып, екі жағы бүлкілдеп, бүкіл денесі билеп, саусақтары перне үстінде ілгері-кейінді құрдай жорғалап, әруақтанып кететінін сездім. Жәкең Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық құрметіне өткізілген «Қайран ерлер-қаһарман ардагерлер» атты ардагерлердің шығармашылығына арналған байқау фестивалінің «Шешендік, көркем сөз оқу» атты шығармашылық номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының арнаулы сағаты мен кітабын сыйға алды. Қызылордаға төрт ауданнан барған шығармашылық топтан Қазалы ауданы екінші орын алып қайтты. Мұнда өнерімен көзге көрінген Жәкеңнің де еңбегі бар.
Жеткерген әскерилендірілген теміржол күзетінде қырық жылға жуық жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Сөздің шыны керек, уақытында мекемеден алған мақтау қағаздары, медальдары баршылық.
Қазір Жәкең ағайын-туыстар ортасындағы белді де беделді ақсақалдардың бірі. Қайда ас-той болса, келін алған үйдің кешірімінде осы кісі жүреді. Жәкеңнің үйіндегі Әлима жеңгей локомотив депосында отыз жылға жуық жұмыс істеген теміржол саласының ардагері. Екеуі өздерінен өрбіген алты баладан жиырма шақты немере көріп отырған бақытты жандар.
Біз қоштасып далаға шыққанымызда қар жауып тұр екен. Айналадағы көз қызықтырар ақ ұлпаны аңқылдаған Жеткерген ағамыздың кіршіксіз жүрегіне ұқсаттым. Құлағыма қариялыққа дес бермей, домбырашылық өнерімен халыққа танылып жүрген Жеткергеннің тартқан күйлерінің күмбірлеген әуені келе берді.
Жетілген БАРЛЫБАЕВ,
Әйтеке би кенті