Астанада 500 домбырашы бір мезетте Құрманғазының күйін тартты
Астанада «Бәйтерек» монументінің алдында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 500 домбырашыдан құралған оркестр қала тұрғындары мен қонақтарына арнап Құрманғазының күйлерін орындады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Сонымен қатар флешмобқа белгілі айтыскер ақындар да қатысты. Мұхтар Ниязов, Серікзат Дүйсенғазин мен Мейірбек Сұлтанхан күйшілерге арнап арнау айтты. Сондай-ақ, «NOMAD» инструменталды жобасы өзінің танымал композицияларын орындады.
«Бұл шара Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен «Байтақ» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен мәдени мұрамыз бен ұлттық рухани құндылықтарымызды кең көлемде насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Қазақтың күйі арқылы жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа шақырғымыз келеді. Қазақстан халқының бірлігі күніне тұспа-тұс келген бұл шарамызға 500 домбырашы қатысып отыр. Олар Қазақ Ұлттық өнер университетінің, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың, Аграрлық университеттің студенттері, Оқушылар сарайы мен №3 музыкалық мектептің оқушылары және қала тұрғындары. Алдағы уақытта мұндай флешмобты бұдан да ауқымды етіп өткізу жоспарда бар», - деді «Байтақ» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жаңарған Құралұлы.
Флешмоб қазақ халқының мәдениеті мен музыкасын дамыту, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасымен ұйымдастырылды.
Айта кетсек, жан-жақтан жиналған 500 домбырашы бұл флешмобқа dombyra-flashmob.kz сайтына тіркелу арқылы қатысып отыр.