Ғибрат алар артына сөз қалдырған
Республика бойынша 2007 жылдан бері «Бір ел – бір кітап» акциясын өткізу дәстүрге айналып келеді. Биылғы жылы жалпыхалықтық оқуға: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таңдап алынды.
Акция аясында аудандық балалар кітапханасында Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы, белгілі гуманист ақын, ойшыл тарихшы, шежіреші, ағартушы-ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын насихаттауға арналған «Ғибрат алар артына сөз қалдырған» атты поэзия сағаты өткізілді.
Ақынның «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік – Кебек» поэмалары, 1912 жылы Семейде кітап болып жарық көрді. Бұдан бөлек «Лейлі – Мәжнүн», «Нартайлақ және Айсұлу», «Қодардың өлімі», «Мұтылғанның өмірі» поэмалары, «Әділ және Мәрия» романы, «Байшешек бақшасы» әңгімелер жинағы бар.
Шәкәрім, сондай-ақ, Хафиздің бірқатар өлеңдерін, А.С.Пушкиннің «Дубровский», «Боран» атты шығармаларын, Л.Н.Толстойдың әңгімелерін, американ жазушысы Гарриэт Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын аударған.
Сондай-ақ, Ш.Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» атты әндері нәзік сыршылдығымен баурап, әлі де ортамызда шырқалып жүр.
Кеш барысында Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық жолында әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек етіп, бай әдеби мұра қалдырғаны туралы балалар кітапханасының меңгерушісі А.Айтжанова мағлұмат берді. Ақын өмірі мен шығармашылығына арналған бейне-баян көрсетіліп, «Сөз зергері – Шәкәрім» атты кітап көрмесі таныстырылды.
№170, 234 мектеп пен №226 мектеп-гимназия кітапханашысы Г.Сералиева, М.Садықова, Д.Дабылова ақын шығармашылығында адам, қоғам, дін мәселелері өзекті тақырыптар екендігі жөніндегі ойларын ортаға салды. №226 мектеп-гимназия, №234, №170 мектеп оқушылары Ш.Құдайбердіұлының жырларын жатқа оқыды.
Жас оқырмандарға аудандық балалар кітапханасының алғыс хаттары тапсырылды.
Перуза НИЯЗЫМБЕТОВА