Өрісі кең өнерлі отбасы
Музыка арқылы бір-бірін танып, табысқан жандар қаншама?! Солардың қатарында Қазалы ауданының тұрғындары Набира Момбекова мен Әділбек Байсеңгір де бар. Өмірлері әуезді әуенмен өрілген ерлі-зайыпты бүгінде зейнетке шықса да, әлі де музыкадан алыстаған емес. Өңірдің мәдениетіне елеулі үлес қосып, өнерімен өрістеген отбасымен танысып, аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
Ақ өнер мен музыка адамды жақындастырады деп жатады. Осы сөздің анық дәлелі Набира апай мен Әділбек аға десек жарасатындай. Күні бүгінге дейін жұбы жазылмаған ерлі-зайыптының таныстықтары сонау институт қабырғасында басталған. Қызылорда қаласында Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтта бір факультетте оқи жүріп, бір-бірін таныған жастар әуелгіде дос ретінде араласып, кейін отбасын құрады. 41 жыл бір жұмыс орнында бірге еңбек етеді. Бүгінде олар бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты жандар.
Музыка десе, ішкен асын жерге қоятын өнерпаз жандардың өмір жолы кейінгіге өнеге болары анық. Әйтсе де әуенмен өрнектелген өмірдің қалай бастау алғаны көпке беймәлім. Олай болса, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берсек.
Момбекова Набира Жандарқызы 1961 жылы 24 сәуірде Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Ахангаран ауданы, Ахангаран колхозында дүниеге келген. Әкесі Жандарбек Момбеков мал дәрігері, анасы Гүлсара Момбекова аурухана тазалықшысы болған. Отбасында тоғыз баланың тұңғышы. Бір жасқа толғанда атамекенге оралып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылына қоныстанады. Сондағы Қ.Сәтбаев атындағы №2 мектепті жақсы тәмамдайды. Кейіпкеріміздің музыка әлеміне келуі мектеп бітірген сәттен басталған. Ол 1978 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа (Қазіргі Қорқыт ата атындағы университеті) музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны 1982 жылы ойдағыдай аяқтайды.
Набира Жандарқызының айтуынша, бұл мамандықты таңдауына нағашысы себепкер болған.
– Менің алғаш музыкалық қабілетімді байқаған нағашым болатын. «Сенің бойыңда үлкен қабілет бар. Мұны тұншықтырмау керек. Әнді есту қабілетің, дыбысты қабылдауың, әуенді есте сақтауың ерекше. Мұны дамытсаң, сенен керемет музыкант шығады. Сен музыкалық білім алуың керек» деді. Сөйтіп соның нұсқауымен музыка мамандығына құжат тапсырған жайым бар.
Ата-анам да өнерден құр алақан жандар емес еді. Әкем домбыра шертсе, анам ән айтатын. Пединститутқа түскенше арнайы музыкалық білімім болмады. Тек ауылда мектепте оқып жүріп, Файзулла деген ағайдан домбырадан дәріс алдым. Күй тартып үйреніп, оркестрде өнер көрсеттім. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Жыл сайын аудандық слетке қатысып, домбырамен өнер көрсетіп, ән-терме орындап жүрдім. Домбыраны алғаш 3 сыныпта қолға алдым. Ал осы аспапқа қызығушылығымды оятқан әжем Саракүл еді, – дейді Набира Жандарқызы.
Ал кейіпкеріміз Әділбек Байсеңгір Қазалы ауданында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің түлегі. 1977 жылы оқуға түсіп, музыка пәні мұғалімі мамандығы және халық оркестрінің дирижеры, жетекшісі мамандығы бойынша бітірген.
Алғаш еңбек жолын 1982 жылдың тамыз айында аудандық әуез мектебінде баян аспабының оқытушысы болып бастайды. Сол жылдың көктемінде Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. Өскемен облысындағы Таврия қаласында әскер сапында жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болып, үрмелі оркестріне жетекшілік етеді. 1983 әскерден орала салысымен жары Набирамен бас қосып, шаңырақ көтереді. Елге келін болып түскен соң Набира Жандарқызы да жолдасы қызмет етіп жатқан әуез мектебіне жұмысқа қабылданады.
41 жыл бойы бір жұмыс орнынан аудармай еңбек еткен жандар бір кабинетте баян сыныбы бойынша дәріс берген. Қазір Набира апа зейнетте. Десе де өзінің сүйікті мамандығынан алыстаған жоқ. Бүгінгі таңда аудандағы «Дарын» атты жеке балабақшаның музыка жетекшісі болып еңбек етіп жүрген жайы бар. Сонымен бірге «Әжелер» ансамблінің тұрақты мүшесі, солисі. Кейде ансамбльді баянмен сүйемелдейді. Біршама уақыт «Атамұра» ансамблінде де баянмен сүйемелдеуші болған. Музыканы жанымен сүйетін Набира апа бірнеше аспаптың құлағында ойнайды. Домбыра мен баянды есептемесек, шертер, жетіген, гитараны да еркін меңгерген.
Аристотельдің «Музыка арқылы біз өзімізді үлгілі өнерге бейімдеп өркендете аламыз» деген даналығы бар. Рас музыка адам жанын емдеп қоймай, оны рухани байытады. Ал осы рухани байлықты өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде қос ұстаз аянбай еңбек етті десек артық айтқанымыз емес. Сол тынымсыз ізденісі мен еңбегінің арқасында біршама жетістіктерге қол жеткізді.
– Ұстаздық қызмет атқара жүргенде біршама әндер байқауына қатысып, жеңістерге жетіп, жүлдеге ие болдым. «Жыл мұғалімі, «Үздік кәсіби маман», Қазақстан Республикасының үздік көшбасшы ұстазы» медалінің иегері, сондай-ақ әр жылдары «Үздік педагог» номинациямен марапатталдым. Халықаралық байқауға қатысып, «Білім көшбасшысы» деген медальдың иегері атандым. Сол уақытта Мырза» оркестрінің құрамында баянда ойнап, «Назқоңыр» вокалдық тобымен бірге өнер көрсеттім, – дейді Әділбек ағаның жары.
Әділбек ағаның да бағындырған белесі аз емесін аңғардық. Айтуынша, ауданда құрылған «Мырза» атындағы халық аспаптары оркестрі және музыка мектебінің баян ансамблінің мүшесі. Ұстаздықтан бөлек, сазгерлікті де өзіне серік еткен. Бүгінде оның «Анашым, «Қазалым» «Қазағымның ұланы» «Табиғат – біздің анамыз» «Сенің күлкің арманым» «Достарға сағыныш» «Ақ гүлім» «Сағындым сағым Мәдина» «Тәуелсіздіктің шоқ жұлдызы» «Сағыныш» сынды бірқатар әндері аудандық, облыстық әншілердің орындауында айтылып жүр. Аудандық, облыстық білім және мәдениет басқармаларының, халықаралық байқаулардың құрмет граматолары мен дипломдарымен марапатталған. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчествалық бірлестігінің Халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі, аталған бірлестіктің Абылайханның 300 жылдығына арналған алтын медаль иегері. «Сазгер ұстаз – 99» аудандық байқауының бас жүлдегері, облыстық білім қызметкерлерінің ІІ, VI, VII «Наурыз шапағаты» фестивалінің лауреаты, «Мерейлі отбасы» аудандық отбасылық байқауының бас жүлде иегері. Әрине бұл жетістіктердің бәрі өнерлі жандардың өлшеусіз еңбегінің жемісі.
Бүгінде өнерлі шаңырақтың иесі Әділбек пен отанасы Набирадан тараған ұл мен қзы әр түрлі салада қызмет етеді. Дегенмен олар да музыкадан алыс емес. Әділбек ағаның айтуынша, балаларының бәрі өзі қызмет еткен әуез мектебінде түрлі аспап бойынша музыкалық білім алған. «Әрқайсысы өмірде өздерінің жүрек қалауы бойынша қызмет етіп жатса да, басымыз қосыла қалса, үйімізде әсем ән әуелейді», – дейді Әділбек аға. Ал бірақ қазір олар сан түрлі салада қызмет етіп жүрген жайы бар. Үйдің тұңғышы Данабек ішкі істер саласында. Ал қызы Мөлдір ағылшын тілінің аудармашысы, бүгінде тұрмыста. Азаматы Астана қаласындағы «Нұрлы жол» вокзалында бөлім бастығы. Ал Абай ішкі істер саласында, кенжесі Сырым дәрігер.
Музыканы серігіне айналдырып, балаларын да соған баулыған өнерлі отбасының бүгінгі келбеті кім-кімді де сүйсіндері сөзсіз. Өнерімен өрістеген өнегелі отбасының өрісі кеңейіп, болашақта өнердің көшінен көріне берсін деген тілегіміз бар.
А.ЖҮСІПОВА