«Қазақ дауысы» халықаралық ән-күй байқауы
«Қазақ дауысы» – «Qamshy.kz» порталының арнайы жобасы. Байқау ең алғаш рет 2015 жылы өткен. Қазақстан, Қытай, Моңғолия елдеріндегі қандастарымыздың қатысуымен бірнеше миллион аудиторияны қамтыған байқауды әлем қазақтары ерекше ықыласпен қабылдады. Дүниежүзін қазіргідей күдік пен үрей билеген заманда ең алдымен елдің рухани қуатын арттыру, көңіл көкжиегін кеңейту мақсатында аталған жобаны биыл да жалғастыруды жөн көрдік, дейді «Qamshy.kz».
Бұл ең алдымен әлемнің қай түкпірінде, Қазақстанның қай аймағында болса да қазақ руханиятының бір тұтас қасиетті қамал екенін паш ететін жоба! Ендеше, барлық қатысушыларға сәттілік! Рамазан Стамғазиев бастаған өнер майталмандары қазылық жасайтын байқауда бақ сынап, 3 миллион теңгенің иегері болу – сіздің қолыңызда!
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
Жас ерекшеліктері: байқауға қазақ әнін шырқайтын немесе қазақ күйін тартатын 16 жастан 35 жасқа дейінгі кез келген қатысушы қатыса алады (ұлтына, мемлекетіне, нәсіліне, жынысына шектеу қойылмайды). 35 жастан асқан қатысушыларға жобада бақ сынауға мүмкіндік беріледі. Дегенмен, оларға жүлделі орын емес, арнайы сыйлық тағайындалады;
Қатысушы өзін көрерменге таныстыру мақсатында өзі жайлы бейне нұсқада ақпарат беруі тиіс (әдемі, таза және тұнық жазылуы тиіс);
Видео «Qamshy.kz» ақпарат порталы ұйымдастырған арнайы «Қазақ дауысы» жобасы үшін, мен (аты-жөні, шығарманың атауы) орындаймын деген сөйлемнен басталуы керек;
Сапалы түсірілген жеке фотосын жіберу;
Байқауға тек жанды дауыста орындалған әндер ғана қабылданады;
Қатысушының видеосы мен фотосы Qdauysy@gmail.com поштасына немесе Telegram-ға (8-700-221-21-63) жіберілу керек;
2015 жылы «Қазақ дауысы» байқауында жүлделі орындарға ие болған лауреаттар қатыспайды;
Байқауға өтініштер 2020 жылдың 1 тамызынан бастап қабылданады;
Байқаудың І кезеңі 2020 жылдың 1 қарашасында аяқталады. Келесі кезеңдер туралы қосымша ақпарат беріледі.
Дәстүрлі ән орындаушылары үшін
1-кезең. Ән орындаушының өз қалауы бойынша ән орындауы (халық әні, халық композиторлары, жаңа заман композиторларының дәстүр ізімен орындауы).
2-кезең. Дәстүрлі кәсіби әнші-композиторлардың бір әні (Біржан сал, Ақан Сері, Естай, Абай, Мәди, Мұхит, Кенен, Шалтабай, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Қапез және т.б.). Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу, Батыс Қазақстан әншілік мектептерінен орындаушының қалауы бойынша бір дәстүрлі ән. Қатысушы өз өңіріндегі көп естілмеген, жалпы көпшілікке танылмаған дәстүрлі ән орындауы керек. Сол әннің шығу тарихы мен қай жерден алынғанын, қалай шығармашылығына қосқанын айтып беруі тиіс.
3-кезең. Қатысушы төменде көрсетілген әндердің бірін таңдап, орындауы тиіс:
Әсет «Қысмет»;
Біржан «Айтбай»;
Мұхит «Паңкөйлек»;
Жаяу Мұса «Көкаршын»;
Кенен «Бозторғай»;
Шалтабай «Шалтабайдың әні»;
Абай «Сегізаяқ»;
Үкілі Ыбырай «Қарақат көз»;
Қалқа «Саржазық»;
Жарылғапберді Жұмабайұлы «Шама»;
Берікбол Көпенұлы «Ағашаяқ»;
Ажардың әні «Әмірхан».
Әділқазылар алқасы:
Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері;
Нұржан Жанпейісов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
Ардақ Исатаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
Жанаргүл Сәркенова, ҚР мәдениет саласының үздігі.
Домбырамен күй орындаушылары үшін
1-кезең. Қатысушы қалаған күйді орындау. Күйге байланысты дәстүрлі 7 орындау мектебі бойынша 1 күй тартып беру (Алтай-Тарбағатай, Арқа, Қаратау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жетісу, Сыр бойы).
2-кезең. Қатысушы өз өңірінің күйшілік мектебінен бір күйдің шығу тарихын баяндап, орындап беруі керек. Ескеретін жағдай: күйдің табиғатын, мінезін аша білуі, әр өңірдің күйшілік мектебінің дәстүрлі қалпын сақтап, көркем орындаушылық шеберлігі бағаланады. Күйді еркін, әсерлі жеткізе білуі керек. Күйдің тарихын көркем әдеби тілде баяндауы шарт.
2-кезең бойынша ұсынылған күйші-композиторлар тізімі:
Құрманғазы Сағырбайұлы;
Тәттімбет Қазанғапұлы;
Қазанғап Тілепбергенұлы;
Дәулеткерей Шығайұлы;
Дина Нұрпейісова;
Сүгір Әлиұлы;
Мәмен Ерғалиұлы;
Абыл Тарақұлы;
Есір Айшуақұлы;
Мырза Тотаболатұлы;
Әлшекей Бектібайұлы;
Қожеке Назарұлы;
Байсерке Құлышұлы;
Тіленді Атабайұлы;
Нұрғиса Тілендейұлы;
Бейісбай Шабанбайұлы;
Бейсенбі Дөненбайұлы;
Байжігіт;
Әшім Дүңшіұлы;
Қайрақбай Шәлекенұлы;
Мүкей;
Тоқа Шоңманұлы;
Әбди Рысбекұлы;
Қыздарбек Төребайұлы;
Төлеген Момбеков;
Әбікен Қасенов;
Мағауи Хамзин.
3-кезең. Күрделі 2 күй орындау. Төменде көрсетілген күйлерден 1 төкпе, 1 шертпе күй орындауы тиіс:
Құрманғазы «Төремұрат»;
Жантөре «Шалқыма»;
Дина «Жігер»;
Есір «Ақжарма»;
Мырза «Ташауыз»;
Әшімтай «Қоңырқаз»;
Тәттімбет «Саржайлау»;
Сүгір «Қосбасар»;
Мүкей «Қосбасқан»;
Әшім «Кеңес»;
Тіленді «Арман»;
Қожеке «Қызайлармен қоштасу».
Сыбызғымен, қылқобызбен күй орындаушылары үшін
1-кезең. Қатысушы қалаған күйді орындау.
2-кезең. Халық күйлері немесе бақсы сарындарын орындау. Ескеретін жағдай: күйдің табиғатын, мінезін аша білуі, әр өңірдің күйшілік мектебінің дәстрүрлі қалпын сақтап, көркем орындаушылық шеберлігі бағаланады. Күйді еркін, әсерлі жеткізе білуі керек. Күйдің тарихын көркем әдеби тілде баяндауы шарт.
3-кезең. Сыбызғымен күй орындаушылары үшін:
Өсерхан «Бейбітшілік құсы»;
Кәлек Құмақайұлы «Арман»;
Кәлек Құмақайұлы «Шопан сазы»;
Халық күйі «Жаралы ақбөкен»;
Халық күйі «Бөкен жарғақ»;
Халық күйі «Арбиан қоңыр».
3-кезең. Қылқобызбен күй орындаушылары үшін:
Қорқыт «Қоңыр»;
Баубек «Сарын»;
Халық күйі «Аққу»;
Халық күйі «Мұңлық-зарлық»;
Ықылас «Жез киік»;
Ықылас «Айрауықтың ащы күйі»;
Ықылас «Қазан».
Әділқазылар алқасы:
Мұрат Әбуғазы, ҚР мәдениет қайраткері, күйші-домбырашы;
Батыржан Мықтыбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-домбырашы;
Талғат Мұқышев, ҚР мәдениет қайраткері, күйші-сыбызғышы;
Саян Ақмолда, ҚР мәдениет саласының үздігі, күйші-қобызшы.
Эстрада орындаушылары үшін
1-кезең. Орындаушының өз қалауы бойынша қазақ тілінде бір ән орындауы (аспатар: гитара, фортепиано, эстрадалық сүйемел, тек эстрадалық форматта).
2-кезең. Халық әндерін және халық композиторлар әндерін орындау (эстрадалық форматта). Ескеретін жағдай: қатысушы өз өңірінің сазгерлерінің шығармаларын орындауы керек. Халыққа танылмаған әндер болса, әділ қазы алқасымен ескеріледі.
3-кезең. Қатысушы төменде көрсетілген әндердің бірін таңдап, орындауы тиіс:
Төлеген Мұхамеджанов «Құс жолы»;
Қуат Шілдебаев «Қайран көңіл-ай»;
Бауыржан Есебаев «Дариға жүрек»;
Медеу Арынбаев «Өмір –өзен»;
Халық әні «Назқоңыр»;
Жеңіс Сейдоллаұлы «Арманым-ай»;
Кеңес Дүйсекеев «Асыл ана»;
Кеңес Дүйсекеев «Өкінбе сен»;
Жеңіс Сейдоллаұлы «Аяла сен мені»;
Ерлан Көкеев «Сен»;
Бейбіт Оралұлы «Нұр бейнең»;
Жолбарыс Сейфуллин «Арнау»;
Қуат Шілдебаев «Жан ана»;
Бағлан Омаров «Өткен күндер».
Эстрадалық ән бойынша әділқазылар алқасы:
Жұбаныш Жексенұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
Ұшқын Жамалбек;
Нұрболат Абдуллин;
Меруерт Мүсірәлі.
3 жанрдағы қатысушылар міндетті түрде ескеруі тиіс: дауыс диапазоны, актерлік шеберлігі, тіл тазалығы, жергілікті аймақтық ерекшеліктерді бұзбауы, аспап сүйемелдеуі мықты болуы, дәстүрлі қағысты қолдана білуі, ән шақыруы, дауыс қуаттылығы, дауыс иірімдері, дауыс регистрларының толыққанды орындалуына мән беріледі. Ұлттық музыкалық аспаптар сүйемелдеуімен (микрофонсыз) орындаушылар үшін видеода орындаушының қолы, денесі анық көрініп тұруы керек. Дәстүрлі ән орындаушылар үшін сахналық киім үлгісінің болуы шарт.
Бағалау шарттары:
Жүлдегерлер тыңдарманнан жинаған дауыс саны және қазылар алқасының шешімімен анықталады (Тыңдарман дауысы – 50 пайыз, қазылар дауысы – 50 пайыз). Қатысушыға дауыс беру сайттың мобилді қосымшалары (qamshy.kz - IOS, Android) арқылы жүргізіледі.
Құрметті тыңдармандар, көңіліңізден шыққан қатысушыға Qamshy.kz сайтының мобильді қосымшасы арқылы дауыс бере аласыз. Мобильді қосымшаны IOS, Android қолданушылары жүктей алады. Qamshy.kz порталы мен «Қазақ дауысы» жобасының инстаграмдағы парақшасы (@qamshy_media, @qazaq.dauysy) мен Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған қатысушы видеосын қолдаушылар саны мен пікірлер ескеріледі. Қытайдағы қандастарымыз үшін арнайы wechat желісі іске қосылады.
Қосымша ақпарат:
E-mail: qdauysy@gmail.com
WhatsApp, тел.: 8 700 221 21 63
Wechat: aray_kural
Wechat tekshe: qazaq_dauysy
Instagram: qazaq.dauysy
Facebook
Youtube
Жоба жетекшісі - Біләл Қуаныш