Балаңыздың аузына кім түкірді?
Ежелгі қазақ мәдениеті ырым-тыйымға, салт-дәстүрге бай екенін білеміз. Кейбір жоралғылардың орындалуы көпшілікке әртүрлі әсер қалдырады. Бірақ табиғат пен адам жаратылысынан үйлесім тауып, үндесе өмір сүрген ата-бабалардан қалған ырымдардың маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз. Бірнеше ғасыр бұрын қолданысқа еніп, өркениеті өзгерген қоғамда әлі күнге дейін ел арасында қылаң беруінің мәні бәз-біреулерге оң әсерін бергенін дәлелдейді. Сондай ырымның бірі – бала аузына түкіру, әсіресе, әншілер арасында танымалдылыққа ие.
Ырым бойынша үлкендер белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, тағы басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп алатын болған. Мәселен, бұндай құрмет атағы жер жарған батырға бұйырған болса, жеткіншек ер жеткенде өзі сияқты ел үшін қызмет ететін азамат болуын тілеп, дұға етеді. Сол сияқты шарана жоралғыны жасаған ақын немесе би-шешендерге ұқсаған тапқыр, дана болады деген үлкен сенім жүректерді жаулайды. Десек те ақ адал ниеттен туған жоралғының әсері жоқ деп айту қиын. Мысалы, қазақ еліне танымал ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаев түкірген деген дерек бар. Ал атақты заңгер Еркін Баймурзин бала кезінде нағашысы, қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановқа “ұсталып” қалған деседі. Бүгінгінің жезтаңдай әншісі, бозбала шағында күллі қазаққа “Бозторғай” әнімен танылған Мейрамбек Бесбаевтың ауызына түкіру бақыты екі бірдей азаматқа, Алтынбек Қоразбаев пен Нұрғиса Тілендиевке бұйырғанын өзінің сұхбаттарында қысылмай-ақ баяндаған еді.
Ел құрметтейтін тұлғалар қазыналы Қазалы жерінде де жетерлік. Дегенмен кейінгі буынның бұл ырымды біле бермейтіні өкінішті. Оған медицинада жоралғының зиянды жақтары бары айтылмаса да, ата-аналардың гигиена сақтағыштығы себеп екені белгілі. Дей тұрғанмен ауылдағы ағайынның көбі салт-дәстүрге салмақты қарайды. Оған дәлел өткен жылы Ғ.Мұратбаев ауылында Ауыл күні аталып өтті. Сонда ақындар мүшәйрасына қазылық еткен облыстық “Сыр бойы” газетінің меншікті тілшісі, Ақпарат саласының үздігі Жұмабек Табынбаевқа бірнеше әжей келіп, немересінің аузына түкіріп беруін өтінгені бар. Өңірге шынайы журналистік мақалаларымен оқырманның көзайымына айналған ақын да ілтипатқа ризашылығын білдірді. Сол жолы біз ақжаулықтылардың немерелері ер жеткесін бойында адамгершілік қасиеттер болса деген тілегін көргендей болдық.
Дәстүрге діни тұрғыда қарар болсақ, исламда “ауызға түкіру” ырымына ұқсас нақты рәсім жоқ. Дегенмен Алла елшісінен қалған “тәхник” деген жоралғы бары айтылады. Ол үрдіс бойынша жаңа туған балаға ана сүті берілмей тұрып, құрманы шайнап, шырынын шарананың таңдайына немесе тіліне жағады.
Бірақ аталған жоралғының мәнін әлдебір ырымнан іздегеннен гөрі, бала денсаулығына тигізер пайдасына көбірек мән беріледі.
Атап айтсақ, британдық медицина саласының ғалымдары жаңа туған сәбидің тіліне жағылған тәтті, оның тамырынан қан алғанда ауырсынуын басып, жүрек соғысын қалпына келтіретінін дәлелдеп берген.
Бүгінгі күні бала аузына түкіру қолданыстан шықты деп айта алмаймыз. Қазіргі қазақ аталған жоралғыны жалғай беретініне де сенім мол. Ел сыйлайтын тұлғаға бауыр еті баласына көңіл аударуына қолқа салып, құрмет көрсетуі қандай құптарлық іс?! Үлкеннің ықыласына бөленген сәби сондай биік адамдардың тәрбиесінде болып, өзі де ат ұстар азамат атанса бір ғанибет емес пе?!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ