Шебер шәкірттер

Шаруашылыққа таптырмайтын трактор негізінен тасымалдау жұмыстарына қолданылады. Құрастырушылардың айтуынша, ол бау-бақшаға, мал шаруашылығына құрылыс заттарын жеткізуге тиімді. Одан бөлек, әртүрлі бағыттағы жұмыстарды механикаландыруға да арналған. Шағын трактор тіркемесі арқылы 500 келі салмақпен жүк тарта алады.
Тракторды 3 курс 16-5 тобының студенті Нұртуған Әбілғазы құрастырған. Жетекшісі Дәурен Абдуллаев: «Тактордың кабинасы қолдан жасалынған. Рульдік басқаруды «ВАЗ 2106» автокөлігінен келтірдік. Қозғалтқышы да аталған автокөлік тетігінен алынды. Беріліс қорабы мен жетекші белдік арасына тісті беріліс орнатылған», – дейді.
Ұзындығы екі жарым, ені бір жарым метр болатын трактордың салмағы 390 келі. Биіктігі 1,90 метр. Тракторды колледж ұжымы «ҚАТК – 2018» деп атауды жөн көріпті.
Ал төрт дөңгелекті транспорттық құрылым – квадроцикл ескі мотоциклден жасалған. «Төзімділік пен шеберлікті қажет ететін жұмыс барысында І курс студенті Мағжан Асылбек ерекше ықылас танытты», – дейді жетекшісі Ержан Аденов.

Е.Аденовтің айтуынша, квадроциклде артқы осьті басқару үшін 19 мм қадамы бар тізбек қолданылады. Осьтердегі жұлдызша дөңгелектерді монтаждауды ұйымдастырады, болтпен бекітіледі. Жетекші дөңгелектердің осі диаметрі 30 мм болатын металл штангасынан жасалған. Штангалардың шеттері 25 мм диаметрге дейін өңделеді. Квадроциклде алдыңғы және артқы тіректер, бұрылыс сигналдары және тежегіш шамдары орнатылған.
Болашақта бір-бір кәсіптің майталман маманы болуды мақсат тұтқан студенттер білім ордасының қабырғасында жүріп-ақ айтарлықтай ауқымды істерді атқаруда. Колледждегі әрбір білім алушы кәсіптік білімнің көкжиегі кең екендігіне кәміл сенеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА