Сауда үйіндегі сұлулық

Кент келбетін келтіретін айтулы нысанның ашылуына аудан әкімі М.Ергешбаев пен бірқатар бөлім басшылары қатысты. Шеберлер шоғырланған сауда үйінің ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тілеген аудан басшысы: «Облыс әкімінің қолдауымен былтырдан бастап кіші кәсіпкерлікті қолдау жылы жарияланғанын білесіздер. Бұл нысанды осы қамқорлықтың нәтижесі деп қарасақ болады. Аудан кәсіпкерлері мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер есебінен 1,6 миллиард теңге қаражат алған. Соның бірі Ғалия Қанатбайқызы мемлекет көмегін сезініп, оған жеке қаржысын қосып, құны 35 миллион теңгені құрайтын ғимарат тұрғызды. Базардағы кішігірім сауда орнынан ісін бастаған оның бұл әрекеті көпшілікке үлгі болуы тиіс. Алдағы уақытта мол табысқа кенеліп, сол арқылы аудан дамуына үлес қосатындарыңызға сенім білдіремін», – деді.
Су жаңа сауда үйі бірнеше сауда секторына бөлінген. Мәселен бірінші қабатта орналасқан «Перделер салонында» заманауи стилдегі оның сан түрі бар. Ал екінші қабатында қазақы нақыштағы сәнді көйлектер мен бас киім бұйымдары жасалады. Терезенің сәнін келтіретін үздік жалюзді де осы жерден табасыз. Мұндағы қыз ұзату көйлектері мен сәндікке арналған қолөнер бұйымдары жергілікті халық арасында үздік саналады. Себебі бұған дейін тігін өнерін жетік меңгерген кәсіп иесі тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген.
«Exclusive» сауда үйінде қазірдің өзінде 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ғалия Қанатбайқызының айтуынша, тапсырыс көлеміне қарай тағы да тігін шеберлерін жұмысқа тартпақ. Сондай-ақ, шеберханаға үздік шетелдік технологиялар әкелу кәсіпкердің алдағы жоспарында бар.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ