Шәкірттердің алғашқы асуы
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген өзгерістерге сәйкес алғашқы сынақ басталды. Біздің ауданда 18-19 қаңтар күні Әйтеке би кентінде орналасқан филиалда екі лек бойынша ақылы түрде қатысатын оқушылар үшін ҰБТ өтті.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге аудан орталығы – Әйтеке би кентінде орналасқан Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей таңдап алынды. Білім ордасының Г блогының І, ІІ, ІІІ қабатынан 12 аудитория, Д блогының І қабатынан 2 аудитория, барлығы 14 кабинет дайындалып, деректер қорына енгізілді. ҰБТ-ның өтілу барысын онлайн режимде көрсету үшін барлық аудиториялар мен әр қабатта және кіре беріс ауызға 18 бейнебақылау камералары орнатылды.
ҰБТ-ның алғашқы сынағына Қармақшы ауданының Ақай ауылынан, Арал және Қазалы аудандарынан 549 оқушы қатысты. Олардың 257-сі 18 қаңтар күні бірінші, 292 оқушы екінші лекте білімдерін сынады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу өз деңгейінде өткізілді. Сынаққа қатысқан барлық оқушы берілген тапсырмаларды орындап шықты. Себебі, бұған дейін аудандық білім бөлімдерімен бірлесіп барлық мектептерде бітіруші оқушыларға, олардың ата-аналарына, пән мұғалімдеріне “Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық” ережелері таныстырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген болатын, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының Әйтеке би кентіндегі филиал басшысы Бейбіткүл Бердіхалық.
Қазалы ауданында өткен ҰБТ-ның қорытындысы бойынша ең жоғарғы баллды Азамат Оразалиев иеленді. Ол 5 пәннен 122 баллға қол жеткізді.
Айта кетейік, ҰБТ аталған күндері облыстың Қазалы ауданымен қатар, Жаңақорған кенті мен Қызылорда қаласында да өткізілді.
Ж.СОВЕТҰЛЫ