Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРТТАЙ ОҚУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ САРҚЫЛДЫ

СЫРТТАЙ ОҚУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ САРҚЫЛДЫ

Жаңа басталған жылдың тағы бір жаңалығы елімізде сырттай оқу жойылды.  Бұрынғы Кеңес Одағында сырттай оқу арқылы кадр, өндірістегі жұмыс күші тапшылығы мәселесі шешім тапқан еді. Тіпті 1938 жылы оқудың курстық жүйесі мен тапсырылуы тиіс барлық сынақтар мен емтихандар, сырттай оқитындарды жұмыс орнын және жалақысын сақтай отырып, сессияға жіберу туралы жарлық шыққан. Осылайша сырттай оқу біздің елдегі білім саласының ажырамас бөлігі болып келді.
Енді не өзгерді? Азаматтар екінші жоғары білім алу, орта арнаулы білімнен кейін  оқу үшін  не істейді? Мәселенің бір ұшы қаржыға барып тірелетіндіктен, сырттай оқудың ақысы күндізгіге қарағанда әжептәуір арзандығы да көп сауалдың туындауына себеп болуда. Мамандардың «сырттай оқушылар барлық оқу бағдарламасын толық игере алмай, тек 60 процентін ғана қабылдайды. Бірақ  олар күндізгі оқуды бітіргендермен бірдей диплом алады» деген қорытынды шығаруы да жүйені реформалауға әкелді.  
Бір нәрсе анық, ол – сырттай оқуды заманауи технологиялардың көмегімен модернизация­лауды уақыттың өзі талап етті. Ақпараттық технологияның жемісі – қашықтықтан оқыту пайда болды.   Оқудың бұл түрі АҚШ-та, Еуропа елдерінде бұрыннан бар. Өндірістен қол үзбей, сырттай білім алғысы келетін азаматтар бағдарламаны игеріп, диплом алады. Тапсырмаларды интернет арқылы алып,  оны орындап, өткізеді.  Шетелдік тәжірибені зерттеген мамандар қашықтықтан білім алу жүйесінің оқу процесін анағұрлым жеңілдететінін алға тартып отыр. Бар болғаны сайтқа кіресің, тіркелесің, тест тапсырып, ондағы материалдармен жұмыс істейсің. Онда сайтқа кірген уақытың, қанша сағат сабақ қарағаның көрініп тұрады, соған сәйкес баға да қойылады.
Ескі жүйе бойынша студенттен әр семестр сайын белгілі бір кредиттерді игеру талап етілетін. Олай болмаған жағдайда оқудан шығарылуы мүмкін еді. Ал жаңа жүйеде студент семестріне 2-3 кредитті игеріп және тек демалыс күндері оқуға, қалған уақытта жұмыс істеуге құқылы. Бұл бір жағынан арзанға түседі және студент университетті қай кезде аяқтайтынын өзі шешеді. АҚШ-та, Еуропа елдерінде «зейнет жасындағы адамдар ЖОО бітіріп, диплом алды» деген жаңалыққа бұрын тосырқай қараушы едік. Қашықтықтан оқып, тапсырылған пән ешқашан күйіп кетпейді. Ал білім алушы басы артық құжат жинамастан, оқуын әрі қарай жалғастыра бермек.   Бұл бір жағынан оқуға қаражаты жетпей жүрген жандарға тиімді.    
Сырттай оқудың білім емес, тек диплом беретіні қоғамда ұзақ талқыланып, тиімсіздігі дәлелденді. Оның үстіне екінші-үшінші жоғары білім алу, оны сырттай оқып алу үрдіске айналды. Талапкерлер ақысын төлеп, құжатын тапсырып, әрі кетсе 2-3 жылда диплом алды. Бұл дипломдардың еңбек нарығындағы бәсі қаншалықты құнды болғанын да байқадық.
Көптеген ЖОО-лар сырттай оқуды қаржы түсіретін құрал ретінде пайдаланып, дипломды көшірме құрылғыдан шығарғандай таратуды әдетке айналдырды. Сессияға келген сырттай оқитын студент пәтерақы, жолақы, басқа да шығындарды есептеп көреді де, жоғарыдағы қиындықтардан айналып өтудің, яғни сессияны жабудың «жолын» табады.  Есесіне уақыты мен жүйкесін сақтап қалады. «Қасқыр да тоқ, қой да аман» болғанмен, білімнің биігін осындай тәсілдермен бағындырған студенттен болашақ қандай маман шығатыны белгілі. Турасын айтқанда, бұл жүйе кадр даярлаудағы барлық мүмкіндігін сарқып тауысты.
Негізі 2010 жылдан бастап сырттай оқу мамандықтары қысқара бастаған еді. Сырттай оқуға арналған білім гранттарының көлемі жылдан жылға қысқарып, өткен 2018 жылы мүлде бөлінбеді. Бір айта кетерлігі, бұрын сырттай оқуға түскен және қазір білім алып жатқан студенттер оқуын аяғына дейін жеткізеді. Ал сырттай оқуға түсуді енді жоспарлап жүрген азаматтар басқа балама тәсілге жүгінуі керек. Жаңа жылдан бастап енген жаңалық, яғни сырттай оқудың түбегейлі тоқтауы реформаның соңына жеткенін білдіреді.  
Мамандар сырттай оқудың жойылуынан күрделі мәселе іздеудің қажеті жоқтығын айтып отыр. Өйткені сырттай оқу мен қашықтықтан оқудың табиғаты бір, тек оқытушының студентке ақпарат беру тәсілі өзгерді. Қазір әлемде онлайн оқу тәжірибесі кеңінен  қолданылады. Оқимын деген адамға еш кедергі жоқ.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
13 қаңтар 2019 ж. 1 247 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930