Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос көлік табысталды

Қос көлік табысталды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында аймақ басшысы Қызылорда облысындағы медициналық мекемелерге арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған автокөліктердің кілтін табыс­тады. Олардың арасында Гүлжихан Нысан­ова басқаратын Қазалы ауданының медицина саласының қызметкерлері де бар.
Салтанатты жиында Қ.Көшербаев амбула­ториялық-емханалық қызметі бар Қазалы аудан­дық ауруханасына бір “Ларгус” және бір мамандандырылған реанимобиль автокөлігінің кілтін табыстады. Жыл соңына дейін тағы да 3 “УАЗ” автокөлігімен қамтамасыз ету жоспарлануда.
– Денсаулық сақтау саласы аймақ үшін қашанда маңызды салалардың бірі болып табылады. Соңғы 5 жылда республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен, апатты деп танылған медициналық нысандардың 64 пайызын жаңадан салуға мүмкіндік жасадық. Соның ішінде, Арал, Қазалы, Шиелі аудандық ауруханалары пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Жалағаштағы орталық аудандық аурухана құрылысын қаржыландыру мәселесі шешіліп, құрылыс ақпан айында басталады. Медицина саласына мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тарту арқылы, 61 жобаны қарастырып отырмыз. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіш. Денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауға облыс әкімінің гранттары бөлінді, қазір 72 бакалавр мен резидент еліміздің медициналық ЖОО-да білім алуда. Біздің дәрігерлер бірнеше ай бойы Корея, Ресей Федерациясының клиникаларында білімін жетілдірді, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, барлық санитарлық автотехника GPS қондырғылармен және заманауи құрылғылармен жасақталған. Ауданымыздағы жедел жәрдем қызметінің жұмысын жетілдіру мақсатында табысталған көліктердің игілігін медицина қызметкерлері өз жұмыстарына тиімді пайдалануға күш салады.
«Ең бірінші байлық – денсаулық» демекші, елімізде медицина саласын дамытудың маңызы айрықша. Медициналық қызмет сапасы жоғарыласа, адам денсаулығы да жақсаратыны анық. Басы ауырып, балтыры сыздаған қиын сәтте науқастардың қасынан табылатын дәрігерлерге көптің көзінше автокөліктер кілтінің тапсырылуы сеніммен қатар, жауапкершілік жүгін де арттыратыны сөзсіз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
08 желтоқсан 2018 ж. 1 133 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930