Қазақстанда "ақылды" қалалар құру әдістемесі бекітілді
2025 жылғы 12 қыркүйекте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен "ақылды" қалаларды құру әдістемесі (Қазақстан Республикасының "ақылды" қалаларының эталондық стандарты) бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Ақылды" қала – бұл Smart City тұжырымдамасы, яғни азаматтардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында ресурстарды тиімді басқаруға және қызметтерді ұсынуға бағытталған жоғары технологиялық, инновациялық шешімдер мен ұйымдастырушылық іс-шаралардың кешенін енгізу.
"Ақылды" қаланың мақсаттары:
- азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету;
- қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру;
- қаланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Негізгі қағидаттары:
- адамға бағдарлану және өмір сапасын жақсарту;
- тұрақтылық пен экологиялық жауапкершілік;
- ашықтық, қауіпсіздік және азаматтардың қатысуы;
- инклюзия мен цифрлық теңдік;
- инновациялар мен технологиялық бейімделу;
- жүйелердің интеграциясы мен өзара байланысы.
"Ақылды" қаланың негізгі салалары:
- қала басқару;
- қауіпсіздік;
- көлік және логистика;
- әлеуметтік сала (білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер);
- экология;
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы;
- экономика және бизнес;
- инфрақұрылым.
Әдістеме халықаралық стандарттар мен әдістемелерге сүйеніп жасалған және басқару процестерін стандарттау мен үйлестіруге әдіснамалық тәсілді көздейді. Бұл тәсіл ресурстарды тиімді басқаруға, басым технологияларды айқындауға және қалаларды олардың қажеттіліктеріне қарай жіктеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шығындар мен күштердің қайталануын азайтып, "ақылды" қалаларды басқарудың орнықты әрі ауқымдауға болатын жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.
Әдістеме түрлі әкімшілік санаттағы елді мекендердегі цифрландыру деңгейін бағалау үшін әзірленген және елді мекендерді үш топқа жіктеуді қарастырады:
- республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкент;
- облыстық маңызы бар қалалар – облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалалар;
- аудандық маңызы бар қалалар – аудандардың орталығы болып табылатын қалалар мен кенттер.
"Ақылды" қала тұжырымдамасын енгізу аталған елді мекендердің барлығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Әдістеме "ақылды" қаланы іске асыру үшін қажетті бастамалардың базалық тізбесін қамтиды. Бұл тізім уәкілетті орган тарапынан жыл сайынғы бағалау нәтижелеріне сәйкес толықтырылып отырады, технологиялардың дамуы мен жаңа инновациялық шешімдердің енгізілуіне байланысты жаңартылуы мүмкін.
Сонымен қатар "ақылды" қалаларды құру стратегиясын әзірлеу және оны іске асырудың Жол картасын бекіту тәртібі де қабылданды.
Бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.