Еліміздің бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлайды
Бұл қалалардың атмосферасында зиянды заттардың жиналуы байқалады

Фото: © istockphoto.com
«Қазгидромет» мамандары бүгін, 21 маусымда еліміздің бес бірдей ірі қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай болатынын хабарлады. Мұндай ауа райы қала атмосферасында зиянды заттардың жиналуына әкеп соқтырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандардың мәліметінше, атмосфералық ауаның ластануы Алматы, Қостанай және Талдықорған қалаларында күндізгі уақытта байқалса, Қарағанды мен Теміртау қалаларында ластаушы заттардың шоғырлануы түнгі уақытта артуы мүмкін.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.










