Қазақстанның жаңа даму бағдары: Президент бүгін Жолдауын жариялайды
Бүгін Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялайды.

– 28 қазанда түске дейін жылдағы дәстүрге сай Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын. Қазір осы маңызды құжаттың мәтінімен жұмыс істеп жатырмын, - деп жазған еді Президент Х әлеуметтік желісінде.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде қазан айында Қазақстан халқына Жолдау жасап, алдағы жоспарларды айқындайтынын айтты.
- Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдау жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын, - деген болатын Мемлекет басшысы.
Мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жарияланатын алқалы жиынға Құрылтай депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Үкіметтің және Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам өкілдері мен еңбеккерлер қатысады.
Жолдау сағат 11:00-ден бастап республикалық телеарналардан, сондай-ақ Ақорданың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіледі. Онлайн трансляция Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында және Kazinform сайтында жүреді. Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқи аласыздар.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұның алдындағы Жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деген тақырыппен 2025 жылыдң 8 қыркүйегінде жарияланды.
Жолдаудағы тапсырмалар негізінен цифрлық трансформация, инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ адами капиталды дамыту бағыттарын қамтиды.
Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыруды көздеген Жолдау аясында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған Цифрлық кодекс пен «Digital Qazaqstan» атты тұжырымдамалық құжат қабылданды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alatau City-ге арнайы мәртебе беру туралы Жарлық әзірленіп, қаланың басқару режимін, қаржылық моделін және басқа да мәселелерін реттейтін жеке заң қабылданды.
Үкімет тарапынан нвестиция тарту жөніндегі нақты ұсыныстар, банктердің қаражатын экономиканың нақты секторына тартудың тиімді тетіктері әзірленді. Банктер туралы жаңа заң күшіне енді.
«Келешек мектептері» жобасы іске асып, оқушыларға арналған жасанды интеллект негіздері бойынша оқу бағдарламалары мен материалдары әзірленді. Қашықтан оқыту мен жасанды интеллект негізінде «Qazaq Digital Mektebi» моделі дайындалды. Жасанды интеллект бойынша пәндерді барлық бағыт бойынша білім беру бағдарламаларына міндетті түрде енгізуді көздейтін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына өзгерістер енгізілді. Al-Sana бағдарламасы арқылы шамамен 100 мың студент технологиялық жобаларға тартылды.











