Қазалы » Жаңалықтар » Қоныс аудару бағдарламасы жаңарды: кімдер 7 млн теңге ала алады?
Қоныс аудару бағдарламасы жаңарды: кімдер 7 млн теңге ала алады?
Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді бағдарлама қатысушыларына баспана сатып алу үшін 7 млн теңгеге дейін қаржылай көмек беріледі.Фото: Pixabay.com
Экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 1 625 АЕК-ке, яғни шамамен 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қатысушылар бұл қаражатты көшіп барған өңірден үй сатып алуға жұмсай алады.
Бағдарламадағы өзгерістер азаматтардың басқа өңірге көшіп қана қоймай, жаңа жерде тұрақты қоныстануына, баспаналы болуына жағдай жасауға бағытталған.
Мемлекеттік қолдау тұрғын үй сертификатымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға көшу шығындарын өтеу үшін субсидия төленеді. Сондай-ақ тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар өтеліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.
Бағдарлама қатысушылары жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс тауып, жұмыс берушіні таңдай алады. Қабылдаушы өңірлердің өкілдері азаматтар тұратын аймақтарда бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастырады.
Бағдарламаға қатыса алатын азаматтардың қатары да кеңейтілді. Бұған дейін мемлекеттік қолдау негізінен жұмыссыз азаматтарға көрсетілсе, енді оны еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да ала алады.
Өтінім беру процесі толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Азаматтар migration.enbek.kz порталы арқылы өңірлер картасымен және сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысып, қолайлы бос жұмыс орнын таңдай алады.
Бағдарлама 2017 жылы іске қосылған. Содан бері оған 73,9 мыңнан астам адам қатысып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының арқасында 31 мыңдай азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.