Орталық Азиядағы инфляция биыл 10,7% өседі – ХВҚ
Орталық Азия елдеріндегі инфляция биыл 10,7 процентке жетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықаралық валюта қорының сарапшылары Украинадағы қарулы қақтығыстың ықпал ету деңгейін бағалап, осындай болжам жасады. Зерттеу авторлары бұған созылып кеткен соғыс пен салынған санкциялар, сондай-ақ Қытай экономикасының тежелуі, коронавирустың қайта таралуы мен ғаламдық инфляция себеп деп отыр. Орталық Азия елдеріндегі жалпы ішкі өнім келесі жылы бар болғаны 2,6 процентті құрап, бастапқы болжамнан кем болады. Мұнай бағасының өсуі Қазақстанға оң әсер етпек. Бірақ біздің елдің экономикалық өсімі 2023 жылға дейін төмендеуі мүмкін. Сарапшылар бұған Теңіздегі мұнай кешенін кеңейтудің кешеуілдеуі басты себеп дейді. Джихад Азу, ХВҚ департаментінің директоры: - Кавказ бен Орталық Азия Украинадағы соғыс пен Ресейге қарсы санкциялардың зардабы қатты тиіп жатыр, себебі бұл аймақ Ресей мен Украинамен тығыз экономикалық байланыста. Энергия мен азық-түлік бағасы қымбаттады. Ғаламдық инфляция да тікелей де, жанама да әсер етіп жатыр. Бұл елдердің билігі тұрақтылықты сақтап, шұғыл іс-шаралар қабылдауы керек.