Қазақстанда әр алтыншы бала күн сайын газдалған қантты сусын ішеді
Қазақстанда 6–9 жас аралығындағы әр алтыншы бала күн сайын газдалған қантты сусын ішеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды.

Министрліктің мәліметінше, балалар мен жасөспірімдердің тамақтану дағдыларына жүргізілген зерттеулер қант қосылған сусындарды тұтыну деңгейінің жоғары екенін көрсеткен.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Балалар арасындағы семіздікті эпидемиологиялық қадағалау (COSI) зерттеуінің нәтижесі бойынша, 6–9 жас аралығындағы балалардың 16,7 пайызы газдалған қантты сусынды күн сайын, ал 30,8 пайызы аптасына төрт-жеті рет тұтынады, – делінген министрлік жауабында.
Сонымен қатар, 2022 жылы 11–15 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында жүргізілген Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты мінез-құлқы (HBSC) халықаралық зерттеуі оқушылардың 66,7 пайызы қант қосылған сусындарды аптасына кемінде бір рет тұтынатынын көрсетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы 60,1 пайыздан 66,7 пайызға дейін артқан.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 11–15 жас аралығындағы балалардың 26,6 пайызы тәттілерді күн сайын тұтынады. Қыздар арасында бұл көрсеткіш 30,4 пайыз, ал ұлдар арасында 22,9 пайыз. Сондай-ақ жасөспірімдердің 20,5 пайызы, яғни әр бесіншісі энергетикалық сусындарды апта сайын ішеді.
– Қант қосылған сусындарды, тәтті тағамдарды және энергетикалық сусындарды жиі тұтыну балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздіктің негізгі қауіп факторларының бірі саналады, – делінген министрлік жауабында.
Министрлік мәліметінше, осыған байланысты мектептегі тамақтануды жетілдіру, «Саламатты мектеп» бастамасын дамыту, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларын азайту және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға семіздік пен созылмалы аурулардың алдын алу үшін қант тұтынуды шектеуге кеңес берген еді.













