Қазақстанда 100 жастан асқан қанша қария бар екені белгілі болды
Еліміздегі ең үлкен зейнеткер – 106 жасқа толған әже.
Фото: ortalyq.kzМұндай статистикалық ақпаратты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ресми сайтында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда 100 жастан асқан 44 зейнеткер тұрады.
Қазір республика бойынша қанша азаматтың зейнетақы алатыны да анықталды.
– Қазіргі уақытта республика бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Гендерлік құрылымға сүйенсек, зейнеткерлердің 64%-ын әйелдер, ал 36%-ын ер адамдар құрайды. Осылайша, зейнетақы төлемдерін алатындардың жалпы санының үштен екісі әйелдер қауымына тиесілі.
Бұдан бөлек, еліміз бойынша 44 зейнеткер жүз жасты алқымдағандар қатарында. Олардың арасында өмір жолы өнегеге толы азаматтар аз емес, – делінген ресми ақпаратта.
Еліміздегі ең жасы үлкен әйел зейнеткер – 106 жаста. Ол Шымкентте отбасымен бірге тұрады. Ал ер азаматтар арасында ең үлкені – Алматы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зұлқарнай Сейітов. Оның жасы – 104-те.
Бұған дейін Қазақстанда 60 жастан асқан 2,9 миллион адам бар екенін жаздық.











