Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Даланың шырайы, қазақтың құмайы

Даланың шырайы, қазақтың құмайы

Тазы – жай ғана үй жануары емес, ол – ата-бабамыздан қалған асыл мұра, қазақ рухының, жүйріктік пен төзімділіктің символы.Қазір қазақ тазысына деген қамқорлық та ерекше. Бұл тұрғыда мемлекеттік деңгейде мақсатты да табанды іс-қимыл жасаудың нәтижесінде қазақ тазысы халықаралық деңгейде танылды. Оның айғағы – 2024 жылы Халықаралық кинология федерациясы (FCI) қазақы тазыны алдын ала танылған ит тұқымы ретінде мойындады. ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен бұл күн мереке ретінде арнайы енгізілді.Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дәстүрлі ит тұқымдарын сақтауға бағытталған маңызды қадамның бірі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары таза қанды қазақы ит тұқымдарын сақтау мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан мұндай мерекелік күннің белгіленуі – тек символикалық қадам емес, нақты іс-шараларды жүзеге асыруға негіз болатын маңызды қадам. Қазақ тазысы мен төбеті күні аясында еліміздің әр өңірінде көрмелер, жарыстар, танымдық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып тұрмақ. Бұл өз кезегінде ұлттық мұраны жаңғыртып, қоғам назарын дәстүрлі құндылықтарға аударуға ықпал етеді. Осылайша, 3 қыркүйек – қазақтың бірегей ит тұқымдарын ұлықтайтын, ұлттық рухты жаңғыртатын ерекше күнге айналмақ.

ИТТІҢ ТӨРЕСІ


Қазақы тазы – әлемдегі ең көне тазы тұқымдас иттің бірі. Археологиялық деректер мен жартастағы суреттер бұл иттердің қазақ жерінде мыңдаған жылдар бұрын өмір сүргенін дәлелдейді. Оның анатомиялық құрылысы мен ерекшеліктері толығымен ұлы даланың қатал климаты мен шапшаңдықты талап ететін аңшылық талаптарына бейімделген. Сыртқы келбетісүйкімді, әрі сымбатты дене бітімі ұзын сирақтарымен, икемді омыртқасымен және қуатты кеудесімен ерекшеленеді. Бұл оған сағатына 60-80 шақырым жылдамдықпен жүгіруге мүмкіндік береді. Тазының көру және есту қабілеті өте жақсы дамыған. Ол қашықтағы аңды алыстан көріп қана қоймай, иісін де тез сезеді. Қалың қарда, аптап ыстықта да қажымай жүгіретін табиғи төзім иесі.
Бабаларымыз тазыны ешқашан қарапайым ит ретінде көрмеген, оны отбасының толыққанды мүшесі, қадірлі қонақтай сыйлаған. Бір жақсы тазыға бес жүйрік жылқы немесе толық бір үйір жылқы беріп сатып алған кездер болған. Бұл оның баға жетпес байлық екенін көрсетеді.Қазақ халқы тазыны үйде немесе киіз үйге кіргізбей ұстаған, оның тазалығы мен денсаулығына ерекше көңіл бөлген. Оған арнайы майлы ас беріп, күшін молайтқан.
Тазы – нағыз жүйрік аңшы. Ол қазақтың саятшылық дәстүрінде түлкі, қоян, қарсақ, тіпті қасқыр мен бөкен алуға пайдаланылған. Тазының аң аулау тәсілі өзге иттерден ерекше.Ол аңды қашырып жүріп ұстайды немесе иесі келгенше қамап тұрады.Көбінесе қыс мезгілінде, қар қалың түскен кезде тазымен аң аулау нағыз өнерге айналған. Бұл үрдіс атадан балаға мұра болып беріліп, ұрпақтың төзімділікке, мергендікке және табиғатпен үндес болуға тәрбиеледі.Қазіргі таңда ұлттық мұрамызды жаңғырту мақсатында қазақтың тазы тұқымын сақтап қалу, көбейту және халықаралық деңгейде мойындату бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, тазының тазалығын сақтау мен генетикалық қорын қорғауға баса мән берілуде.Тазы – қазақ даласының еркіндік рухы мен сарқылмас қуатының көрінісі. Оның сымбатты мүсіні мен адал жүрегі әрқашан ұлттық мақтанышымыз болып қала бермек.


БРЕНДТІҢ ЖАҢА ДӘУІРІ


Тарих қойнауына үңілсек, қыздың қалыңмалына мал орнына тазы сұраған жағдайлар кездескен екен. Тіпті ашаршылық жылдарында жалғыз құмайдың бүтін бір ауылды аштықтан аман алып қалғанын баяндайтын әртүрлі аңыздар да сақталған. Халқымыз «жеті қазынаның» қатарына енгізіп, ерекше қастерлеген бұл жүйрік иттердің саны кейінгі кезеңде күрт азайып кетті. Мәселен, орыс зерттеушілері Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында он мыңнан артық құмай тазы болғанын деректерге түсірсе, кейбір мәліметтер бүгінгі таңда таза қанды иттің мөлшері 500-ге де жетпейтінін айтады.
Сақ дәуірінен бастап ұлттың сән-салтанатын паш етіп, әлеуметтік мәртебенің айғағы болған құмай тазыға қатысты кинологтар 2019 жылы «мән бермесек, түгелдей жоғалтып алу қаупі бар» деп дабыл қақты. Дәл осы тұста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазының ұлттық құндылық екенін айрықша атап өтіп, оны қорғау бойынша тапсырма берді. Жалпы, Президент қызметке кіріскелі қазақ тазысы туралы мәселе жиі көтеріле бастады деуге болады. Атап айтсақ, 2021 жылы отандық бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысының Роберт пен Никсон атты тазыларының күшіктегенін, Тоқаевтың соның екеуін өзіне қалдырып, қалғанын сыйға тартқанын жарыса жазды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде Президенттің тазымен серуендеп жүрген сәттері де жарияланып тұрды. Ал 2022 жылы қазақтың асыл тұқымды иттеріне қатысты арнайы заңнамалық нормалар қабылдануы қажеттігі айтылып, артынша қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбетті сақтау және санын арттыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Сол жылдың қараша айының соңында Мәжіліс аталған иттерді қорғау мен өсіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады. Көп ұзамай, 2023 жылдың 3 қаңтарында бұл заң ресми түрде қабылданды. Президент бұл бастама туралы: «Құмай тазы – ерекше жаратылыс, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауымыз керек. Сыртқы істер министрлігі де бұл іске міндетті түрде атсалысуы тиіс. Тазыға айрықша күтім, ұқыптылық пен кәсіби көзқарас қажет. Сол мақсатта арнайы заң қабылдадық», – деп атап өтті.
Осылайша, бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік деңгейде назарға алынды. Оны халықаралық деңгейде өз брендіміз ретінде ресми тіркеу үшін көктем мезгілінде Қазақстан кинологтар одағының басшысы Бауыржан Серікқали Бельгияның Тюэн қаласында Халықаралық кинология федерациясының (FCI) өкілі Ив Де Клеркпен жүздесті. Кездесу барысында халықаралық ұйымға қабылдану мәселесі пысықталып, ресми өтінім берілді. Нәтижесінде 22 тамызда аталған ұйымға мүше болғанымыз рәсімделді. Арада небәрі 6 күн өткен соң Женевада өткен «World Dog Show-2023» әлемдік чемпионатында Тұмар және Вангелия атты екі тазымыз топ жарды. Еліміз бұл беделді бәсекеге тұңғыш рет қатысып отырғанын ескерсек, жиырма мыңға жуық ит қатысқан жарыста озып шығу – үлкен жетістік.
Бұдан кейінгі маңызды міндет – тазыны әлемдік бренд деңгейіне көтеру. Әрине, тек қағаз жүзіндегі ресми тіркеумен іс бітпейді, оның бейресми насихаты да қажет. Бұл тұрғыда билік өкілдері әлемге танымал жұлдыз Димаш Құдайбергеннің беделін пайдалануды жөн көрсе керек. Өнерпаз Мемлекет басшысының қолынан «Халық әртісі» атағын алумен бірге, тазы күшігін де сыйға алды. Бұл қадам өте сәтті шықты. Димаштың жанкүйерлері көп екенін ескерсек, оның әлеуметтік желідегі тазымен түскен суреті тек мақтаныштан гөрі, «қазақта осындай таңғажайып ит бар» деген ақпаратты әлемге таратуға қызмет етті. Әншінің өзі «Табиғаттың бұл кереметін, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Бүгінде елімізде тазы тұқымын сақтап қалуға және оны халықаралық деңгейде дәріптеуге басымдық беріліп жатқаны қуантады», – деп жазып, бұл сыйды жоғары бағалады. Осы жарияланымнан кейін оның парақшасына Қытай, Еуропа, АҚШ пен Латын Америкасы елдерінен мыңдаған оқырман пікір қалдырды. Олардың басым бөлігі «қандай әдемі күшік, қазақтың бренді ме? Маған да осындай ит керек» деп үлкен қызығушылық танытты.
Иә, ұлттық тазымыз тек халықаралық байқауларда ғана емес, миллиардтаған Қытай тұрғындары мен шетелдік қарапайым халықтың арасына кеңінен таныла бастады. Осы орайда, 2023 жылдың маусым айында қазақы тазы және төбет тұқымдарын зерттейтін ұлттық орталық ашылатыны белгілі болды. Бұл мақсатқа қазынадан 1,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаражатқа арнайы ғылыми институт құрылып, таза қанды тазылар ДНҚ деңгейінде зерттелмек. Бұл өз кезегінде еліміздегі асыл тұқымды иттердің санын көбейтуге зор үлес қосады. Енді міне, Қазақстан Үкіметінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, енді жыл сайын 3 қыркүйекте Қазақ тазысы мен төбеті күні ресми түрде атап өтілмек.


ҚАЗАҚСТАН ТҰҢҒЫШ РЕТ ТОЙЛАДЫ


Биыл 3-қыркүйектеелімізде алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күнін тойланды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров еске салып, тарихи мұрамызды халықаралық деңгейде дамыту үшін қандай жұмыс атқарылғанын айтқан болатын.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекіді» деп жазған Смадияров.
Оның айтуынша, бүгінде құмай тазыларымыз әлемдік ірі көрмелерде жүлделі орындар алып жүр. Асыл тұқымды итті көбейту қарқын алып, тазы асыраушылар қатары артып келеді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
«Құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі, бойында адалдық, ептілік пен тектілік қасиеттері ұштасқан төл мәдениетіміздің асыл мұрасы. Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады. Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Ата заңымызда құндылықтар ретінде айқындалған. Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам» дейді ол.


МЫҚТЫ ТАЗЫДАН ҚАСҚЫР ДА ҚАЙМЫҒАДЫ


Жеті қазынаның қатарына қосылған таза қанды құмай тазылар ертеде құрығын сүйреткен ұры мен құйрығын сүйреткен бөріден жұртты аман сақтаған. Саятшылықтың сәнін келтірген. Қазақстанда екі мыңнан астам тазы бар екенін ескерсек, осы ит түрін баптап жүрген жандар өзіміздің өңірде де бар. Соның бірі – қазалылық Ілияс Каден.
Бүгінде ат үстінде өсіп, аңға құмай тазы салуды дәстүрге айналдыру қайта өрістеп келеді. Сондай тазы баптайтынның бірі Ілиястың тазыға құмарлығы, қызығушылығы тым бөлек. Ол саятшылықтың бірі – тазы ит жүгірту деген пікірді ұстанады. Кейіпкеріміз 1998 жылы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Арман қуған бозбала Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында мұғалімдік мамандығын меңгереді. Бүгінде ол №276 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал тазы ит асырауды жаны құмартып, қызығушылығына айналдырған. Бала күнінен басталған тазы баптау ісі әлі күнге дейін жалғасуда.
Ілиястың сөзінше, тазылардың түрі көп. Бірақ таза қанды қазақы тазылар сирек кездеседі. Қазақы тазылар дүрегей және шашақ құлақты болып бөлінеді. Оның қолындағысы осы екінші шашақ тазы. Тазы мен төбет ұлтымыз үшін бағалы екені бағзыдан белгілі. Ит тұқымдарының ішінде ұшқыр тазы ерекше көзге түседі. Текті жануардың тұқымы қазақ жерінде жеті мың жыл бұрын пайда болған екен. Ол кезде тазының құны бір үйір жылқыға тең болған деген ақпарат бар. Құны жоғары тазы тұқымы сымбатты денесімен, бітім-болмысымен ерекшеленген. Өзге иттерге қарағанда “духы” мықты, аңға, қасқырға шапқан кезде мүлдем басқаша болады.
– Аңыз бойынша бір тазының құны – бір жылқы деген ұғым бар. Қазақстанда осы шашақ құлақтылары кең тараған. Жойылып бара жатқан тұқым санатында. Олардың ерекшелігі – қашса құтылатын, қуса жететін қасиетке ие. Жеңіл әрі жүйрік болғандықтан, қашқан аң құтылмайды. Тазының олжалы болуы үшін, алғашқы саяттың маңызы зор. Жақсы «ауыздандырылған» тазының олжасы да мол болады, – деген Ілияс тазылардың талғампаз келетінін де айтты.
Тазылар өзге иттер сияқты емес. Өлексе жемейді. Лас жерге жатпайды. Ақылды, иесіне адал.
– «Итке үш күн тамақ берсең, үш жыл ұмытпайды» деген тәмсіл бар. Тазы – өте ақылды, талғампаз ит. «Тазы» деген сөздің өзі таза деген сөзден шыққан көрінеді. Басқа иттерден тағы бір ерекшелігі, ол – әмбебап. Қазақы тазы өзі іздеп жүріп, тауып алады. Өзге иттер секілді ұстаған аңын жарақаттамайды, терісін жыртпайды. Қалай ұстайды, сол күйі иесі келгенше күтіп тұрады. Мықты тазыдан қасқыр да қаймығады. Тазы өзге иттер сияқты қасқырмен ашық айқаспайды. Ол қасқырдан төнетін қауіпті бөгейді. Көп жағдайда қасқырдың тілерсегін қиып жіберіп, иесі келгенше күтіп тұрады екен, – дейді тазылардың иесі.
Ілияс таза қанды қазақы тазыны жазбай таниды. Тазы неғұрлым биік болған сайын, соғұрлым алғыр болады. Қазақы тазының құлағы мақпал тәрізді жұмсақ, қанша майыстырсаң да сынбайтын көрінеді.
– Тазының қасиеті көп. Ол өзге иттер сияқты бей-берекет үрмейді, салмақты келеді. Адамға, малға қауіп төндірмейді. Балаға үрмейді, шабуыл жасамайды. Бала үстінде ойнап жүрсе де қозғалмай жата береді. Иесіне адал, бұйрығын бұлжытпай орындайды. Тумысынан ақылды әрі мінезді келетін тазылар мәпелегенді қатты жақсы көреді. Өзге иттерге ұқсамайтын тазылардың тағы бір қасиеті адам баласын тез түсінеді, өте ақылды келеді, өзге адамға ермейді. Яки егесіне адал келеді. Сондықтан болар қазақ халқы тазыларға үй ішінен орын берген. Ал жүйріктігі жөнінен келсек, үй жануары өте жылдам. Мықтысы 85-90 шақырым жылдамдықпен жүріп отырады. Басқа аудандарда тазы иттерді жарыстыру қолға алынып жатыр екен. Алдағы уақытта осы дүниені қолға алсам деймін. Мақсаты – тазы иттерді жарыстыру, арасынан мықтысын анықтау. Оның ішінде мықты қанды, таза тұқымды күшіктер шығару, – дейді Ілияс Сәбитұлы.
Айтып, айтпай не керек, суыққа төзімді, жылдам, қайсар мінезді, бір сөзбен айтқанда, жүрек жұтқан тазылар қашанда қазақ даласында күзетшілік қызмет атқарған. Аңшылық кәсіпке де епті келеді. Тістегені аузында кететін асыл тұқымды құмай тазылардың еңбегі адал. Ал аудан жастарының асыл тұқымды қазынамызды баптап, қазақылығымызды дәріптеп жүргені көңілімізді қуантады.


АҚОРДАДАҒЫ МҮСІН МЕН БАҚ


Биыл 30 сәуірде Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады. Кездесуде қазақы ит тұқымдарын сақтау және тұрақты генетикалық қорын қалыптастыру ісінде халықаралық федерациямен ынтымақтастық перспективасы талқыланған болатын. Халықаралық кинология федера­циясының (FCI) басшысы Тамаш Яккель Астанаға сапары барысында Қазақстан Президентіне ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен дамытуға жеке көңіл бөлгені үшін алғыс айтқан еді.Тамаш Яккель Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп, Қазақстанның кинологияның дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.Ақордадағы тазы мүсіні мен бақ FCI басшысын таңғалдырған болатын.
– Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Қазақ топырағына алғаш рет табаным тиіп отыр. Мен үшін Президент мырзамен кездесу – зор мәртебе. Емен-жарқын әрі достық рәуіште әңгімелестік. Мен Мемлекет басшысына FCI мүшесі саналатын кинологиялық клубты қолдау қаншалықты маңызды екенін айттым. Өйткені біздің федерация франшиза жүйесі ретінде жұмыс істейді. Яғни, біз берген кез келген құжат немесе иттің шығу тегі туралы анықтама әлемнің бес құрлығындағы 100 елде мойындалады. Біз қазақ тазысы туралы пікір алмастық. Екі жыл бұрын FCI осы ит тұқымын таныған еді, – деді Халықаралық кинология федерациясының басшысы Тамаш Яккель.
Ол былтыр Хельсинкиде өткен дүние­жүзілік көрмеде төреші болғанын, сонда қазақы тазы тұқымын “World winner” (Әлем чемпионы) атағына лайық деп тапқанын айтты.
– Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, өз шешімімнің дұрыс екеніне күмәнім жоқ. Сонымен қатар Қазақстан Президенті де тазы асырайды екен. Маған Ақорда ауласында орнатылған тазы мүсінін көрсетті. Әрбір асыл тұқымды ит, соның ішінде қазақтың тазысы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі саналады. Сондықтан тазы арқылы Қазақстанның дүниежүзілік кинология қоғамдастығында өзінің лайықты орнын тапқанына қуаныштымын, – деді Тамаш Яккель.
Ол бұл сала мамандарына мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Мен Президенттен отандық мамандарға қолдау көрсетуді өтіндім. Саясаткер немесе Мемлекет басшысының өзі сапаға көңіл бөлсе, түбінде оның игілігін бүкіл жұрт көреді. Осынау керемет елмен жақынырақ танысып, жақсы әсерлермен аттанамын деп үміттенемін. Алдағы жексенбіде халықаралық иттер көрмесінде төреші боламын. Бір мезетте 60 қазақ тазысын ешқашан көрмеппін. Сондықтан айрықша ықылас танытып отырмын, – деді Халықаралық кинология федерациясының басшысы.


ӨТЕГЕННІҢ АЙЛАСЫ
немесе
ҚЫРЫҚ ТАЗЫ ТУРАЛЫ


Өтеген батырдың қартайған шағы болса керек. Бір күні аң аулауға шыққан ол қасындағы аз ғана адаммен Шу өзенінің саласындағы көкорай шалғынға келіп, тынығып отырады. Осы арада серуен құрып, ерігіп жүрген қырғыздың бір топ тентектері кездесе кетеді. Қазақ пен қырғыз арасында бір түсініспеушілік орын алған кез болуы керек, қазақтарды көрген әрі олардың мінген тұлпарларына, қымбат ер-тұрманына қызыққан әлгі қырғыздар:
– Мынау қазақтың атақты батыры Өтеген ғой. Біз бұларды алдаусыратып ауылға алып кетейік те, қазақтардан құнын сұратайық. Қазақтар ол үшін барын беруге әзір. Сөйтіп бір олжаға батайық, – дейді де, қаннан-қаперсіз отырған Өтеген батырды жігіттерімен елдеріне алып кетеді.
Елдеріне апарған соң батырдың өзіне бөлек үй тігіп, қадірлеп күтеді, бірақ қайтармайды. Арада біраз күн өткен соң қазақтарға: «Батыр керек болса, құнына бір түйенің мойныны гауһар тастан тізілген моншақ салып әкеп, алып кетіңдер!» – деп адам жібереді.
Бір күні Өтеген батыр қырғыздарға:
– Менің үлкен ұлым Қосағал келе жатыр, оның ашуы қатты. Үйлеріңді биікке тігіп, малдарыңа ие болындар, ертең мына жердің бәрін су алады, – дейді. Қырғыздар сенбейді, батырдың айтқанына құлақ аспайды.
Ертесінде шынымен-ақ күн күркіреп, найзағай сатырлап, селдетіп жаңбыр құйып береді. Қырғыздардың отырған үйлерін, жерлерін тегіс су басып, естерінен танады. Құн сұрамақ тұрмақ, өз малдарына ие бола алмай қалады. Сөйтсе, Өтегеннің тұңғышы Қосағалдың қатты ашуланғанда күнді күркіретіп, найзағай ойнататын, жаңбыр жаудыратын қасиеті бар екен. Сонымен, Қосағалдың қолы қырғыздардың бар малын айдап, Өтеген батырды босатып әкетеді.
Есін жиған соң қырғыздар жағы:
– Бізден бір қателік өтті. Өтеген батыр кешсін, Қосағал қалаған малын алып, қалғанын қайтарсын! – деп кешірім сұрап келіпті.
Сонда Өтеген батыр:
– Жарайды, кешірдім. Бірақ қоятын бір шартым бар, соны орындасаңдар, малдарынды түгел қайтартам, орындай алмасаңдар, маған өкпелемеңдер! – дейді.
Өтеген оларға алдына қырық тазы салып айдатып, бір батырын жіберу керектігін айтады. Қырғыздар келіседі.
Қырғыздар елдеріне барған соң, жан-жақтан тазы ит жинайды. Қырық тазы да табылады, оларды апаратын батыр да табылады. Бірақ әлгі батыры қырық тазыны алдына салып айдай алмай мысы құриды. Себебі, ит адамның соңынан ілескенімен, еш уақытта алдына салып айдауға көнбейді екен.
Сөйтіп, оңай олжаға батпақ болған қырғыздар малынан айырылып бір ұятқа қалса, сөзден жығылып, шартты орындай алмай екі ұятты болыпты.

ТҮЙІН: Қазақ үшін құмай тазы – тектіліктің белгісіндей. Жүгіртсе – желмен жарысқан, жетекке алса – сұлулықтың символындай, ал аңға салса – аузын майлаған тазы итінің қасиетіне тамсанбасқа болмайды. Тәуелсіздікпен түлей, жаңғыра келген ұлттық дәстүріміз – саятшылық, аңшылық өнері жылдан-жылға қанатын жаюда. Аңызға сенер болсақ, тазыны қазекем италақазбен байланыстырады. Ол бір рет қана күшіктейді екен және екі жұмыртқа туады-мыс. Оның бірінен қаз, екіншісінен күшік шығады. Бір қызығы, италақаз қай жұмыртқадан күшік шығарын білсе, сол жұмыртқаны шұқып тастайды-мыс. Егер таба алмаса, өзіне қауіпті. Өйткені күшік жұмыртқадан шығысымен италақазға ұмтылмақ. Рас-өтірігін кім біліпті, бірақ ел ішіндегі аңыз әңгіме осылай дейді. Қош. Қазақы тазы әлі терең зерттелмеген. Соңғы жылдары мән беріліп,жақсы бастамалар жолға қойылды. Ендігі аяғына дейін жететін болса, қазақ тазысының келешегі бар. Ең бастысы, мемлекет тарапынан жасалған қадам тазының дамуына үлкен серпін әкелеріне сенім мол.


Айнұр ӘЛИ
29 қыркүйек 2026 ж. 29 0

Тіл – ұлттың тұғыры

29 қыркүйек 2026 ж. 33

Қажырлы еңбек – ел мерейі

29 қыркүйек 2026 ж. 31

Балабақша – тәрбие бастауы

29 қыркүйек 2026 ж. 32

Доллар тағы арзандады

28 қыркүйек 2026 ж. 72

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930