Оқушы үлгісі: талғам мен талап

Жаңа оқу жылы басталды. Биылғы талап бойынша мектептерде оқушылар қарапайым, белгіленген талапқа сай мектеп формасын кимек. «Мектепте бірыңғай мектеп формасын кию баланың талғамы мен даралығының дамуына кедергі келтіре ме?» деген сұрақ бүгінде қызу талқыланып жатқан талқыланатын мәселе. Бұл сұрақтың екі жағы бар. Бірыңғай киімнің бала талғамын шектейтін тұстары да, керісінше, оны жанама түрде дамытатын жақтары да бар. Мәселеге үңілдік.
«Киім – баланың өзін танытуының, ішкі дүниесін көрсетуінің бір жолы. Күнделікті бір түсті киім кию баланы өз стилін іздеу мүмкіндігінен айырады.Тәжірибе жасаудың болмауы: Бала түрлі түстерді, стильдерді үйлестіріп көрмегендіктен, киім таңдау, үйлесімділік сезімі –эстетикалық талғам кешірек қалыптасуы мүмкін»,– дейді киім дизайнері Гүлжан Арықбай. Кәсіби маман адамның бірдей киінуі олардың шығармашылық еркіндігін төмендетіп, «көптің бірі» болуға бейімдеуі мүмкіндігін алға тартады.
Орта мектеп директорының тәрбие ісі жөнідегі маман болып ұзақ жылдар қызмет еткен Гүлжат Берікбек бірыңғай форма оқушыны жұмыс режиміне бейімдеп, іскерлік атмосфера қалыптастыратынын, бұл балалардың сән қуып алаңдамай, назарын тек сабаққа аударту құралы екенін айтады.
«Бұл киім мәдениетінің өте маңызды бөлігі. Бала қай жерге қалай киіну керектігін түсінеді. Сыртқы киім шектелгенде, балалар өз даралығын өзге детальдар арқылы көрсетуге тырысады.
Форма материалдық жағдайы әртүрлі балаларды теңестіреді. Бұл талғамның «бренд қуу» немесе «қымбат киіммен мақтану» бағытына кетпей, баланың ішкі құндылықтары: білім, мінез, өнеріне назар аударуына көмектеседі.
Қауіпсіздік қай кезде де маңызды. Арнаулы форма мектеп ішінде сырттан келген бөгде адамдарды бірден анықтауға көмектеседі», – дейді.
Тәжірибелі ұстаз баланың талғамы тек мектепте қалыптаспайтынын айтады. Мектептен тыс уақыттар: демалыстар, үйірмелер, серуенде балаға киімін өзі таңдауға, түстерді үйлестіруге мүмкіндік беру арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға болады деген ұстанымын жеткізді.
СҰЛУЛЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫНЫҢ ӨЗГЕРУІ
Бүгінгі таңда сұлулық индустриясы үлкен трансформацияны бастан кешіруде. Көпқабатты опа-далап пен бет-әлпетті толық өзгертетін ауыр контуринг заманы артта қалып, орнына «Skinimalism» – тері минимализмі және табиғи сұлулықты стиль арқылы айшықтау тренді келді. Заманауи қоғам беттегі «маскаға» емес, адамның өзіндік ерекшелігі мен мінсіз таңдалған киім үлгісіне назар аудара бастады.
Зерттеулер көрсеткендей, сұлулық стандарттарының өзгеруі әсіресе жас буын арасында айқын байқалады. Ұлыбританияда жасөспірімдердің 40 проценті әлеуметтік желідегі тым өңделген, мінсіз бейнелер кесірінен өз сырт келбетіне көңілі толмай, мазасызданатынын айтқан. Бұл косметиканы шектен тыс қолданудың психологиялық қысым тудыратынын көрсетіп отыр.
Оқу жылы басталардан бұрын сынып жетекшілері оқушы қыздардың боялған шаштарын қара түске, бастапқы қалпына ұқсас түске бояу қажеттігін йатып дабыл қағуда. Себебі шашты ерте жастан, әсіресе мектеп кезінде бояу қалыпты көрініске айналуда.
Дерматолог маман Фариза Тұрәли балалардың шаштарын ерте бояу физиологиялық және медициналық зиянды екенімен бөлісті.
«Қазіргі шаш бояуларының құрамында парафенилендиамин деп аталатын күшті химиялық зат болады. Балалар мен жасөспірімдердің терісі өте сезімтал келеді. Парафенилендиамин заты бас терісінің қатты қышуын, ісінуін, қызаруын және ауыр дәрежелі аллергиялық дерматитті тудырып, шаш құрылымының бұзылуы мен түсуі мүмкін. Оқушылардың шашы әлі толық бекіп, қатаймаған. Бояу құрамындағы аммиак пен сутегі асқын тотығы шаш өзегін күйдіріп, оны құрғақ, сынғыш етеді және шаштың ерте түсуіне әкеп соғады. Шаш бояуын жаққан кезде оның құрамындағы токсиндер бас терісіндегі ұсақ қан тамырлары арқылы ағзаға өтеді. Бала организмі даму үстінде болғандықтан, бұл химиялық заттарды бейтараптандыру бауыр мен бүйрекке артық салмақ түсіреді. Бояудан шығатын өткір химиялық иіс баланың тыныс алу жолдарын тітіркендіреді. Бұл әсіресе аллергияға немесе демікпеге бейім балалар үшін өте қауіпті», – дейді.
Көптеген мектептердің ішкі ережелерінде шашты ашық түстерге бояуға шектеу қойылған. Бұл мұғалімдер тарапынан ескертулерге, ал сыныптастары арасында түсінбеушілікке немесе буллингке себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдай баланың психикасына кері әсер етеді. Жасөспірім шақта баланың талғамы өте тез өзгереді. Бүгін сән үлгісімен шашын ашық түске бояған бала, бір аптадан кейін одан жалығып, қайтадан өз түсіне қайтарғысы келуі мүмкін.
«Егер бала өз бейнесін өзгертуді қатты қаласа, химиялық тұрақты бояулардың орнына мынадай қауіпсіз баламаларды ұсынамын. Уақытша спрей-бояулар немесе шаш борларымен бояуға болады. Олар шаш құрылымына енбейді, тек сыртын ғана бояйды және сумен алғашқы жуғанда-ақ оңай кетіп қалады. Демалыс күндері немесе каникулда қолдануға өте ыңғайлы. Табиғи қына немесе басма сияқты химиялық қоспасыз өнімдерді қолдануға болады. Сондай-ақ шаш өріміне түрлі-түсті жіптер қосуға болады. Бұл шашты мүлдем боямай-ақ, оған ашық түстер мен ерекше стиль берудің ең қауіпсіз жолы. Өкініштісі, ата-аналар арзан бояулармен үй жағдайында шаш бояп, терілерге зақым келтіріп жатады», – дейді сұлулық саласының маманы Маржан Дүйсенбай.
«Қызым киім алуға сауда қатарына барғанымда, өзіне қажетті косметика алумен болды. Байқауымша, бір-бірімен бояну құралдарын айтып жарысады екен», – дейді Нұргүл Тәңірберген.
«Барлық мектеп оқушысында косметика бар» дейді оқушы Қазина Бөлекбай.
Бұл бүгінгі күннің шындығын көрсетуде. Жағдайға үреймен емес, түсіністікпен және дұрыс бағыт бағдар берумен қараған жөн екендігін жеткізеді кәсіпкер Ақлима Жанарыс.
«Қазіргі жасөспірімдер, әсіресе 11–12 жастан бастап әлеуметтік желілердің ықпалымен сұлулық әлеміне өте ерте қадам басады. Бұл жерде ең маңыздысы — баланың косметиканы не үшін және қандай мақсатта қолданатынын түсіну. Қазіргі оқушылардың сөмкесіндегі косметиканы үш топқа бөлуге болады. Олардың бәрі бірдей зиянды емес. Күтім косметикасы – ең маңызды әрі пайдалы бөлігі. Жасөспірім шақта гормондардың өзгеруіне байланысты бетке безеу шығады, тері майланады. Оқушылардың бет жууға арналған көбік, ылғалдандырушы крем, күннен қорғайтын крем және ерін кезермеу үшін бальзам қолданғаны – тері саулығы үшін өте дұрыс әдет. Мөлдір қас гелі, түссіз ерін жылтыратқышы немесе тері түстес жеңіл консилерді сауатты қолданса, бұл өнімдер мектеп дресс-кодына қайшы келмейді және баланың өзіне деген сенімділігін арттырады», – дейді.
Бұл орайда ата-аналар мен мұғалімдер не істей алады?
Балаға «боянба!» деп үзілді-кесілді тыйым салу тек қарсылық тудырады. Жасөспірімдер бәрібір жасырынып боянады.
Балалар дәрігерлері Жанар Терлікова былай дейді.
«Сапалы маркалардың өзі ересектердің терісіне арналған. Жасөспірімдер онымен беттегі безеуді жасырамын деп, тері тесіктерін бітеп тастайды. Бұл оттегі алмасуын бұзып, безеудің одан сайын қабынуына және көбеюіне әкеп соғады. Оқушылар көбіне қалта ақшасына қолжетімді, белгісіз брендтердің косметикасын алады. Құрамындағы ауыр металдар, парабендер мен жасанды хош иістендіргіштер жанаспалы дерматит, қатты аллергия және терінің ерте құрғауына себеп болады. Жасөспірімдер арасында бір тушьты немесе далапты құрбысымен бөлісіп жағу, макияж қылшақтарын жумау жиі кездеседі. Бұл демодекоз, конъюнктивит және түрлі бактериялық инфекциялардың жұғуына тікелей жол».
Терінің саулығы 80 проценті ішкі ағзаның жұмысына байланысты. Дәрігер жасөспірім күніне кемінде 1.5–2 литр таза су ішуі тиістігін, су теріні іштен ылғалдандырып, токсиндерді шығарады және май бездерінің жұмысын реттейтінін жеткізді. Сондай-ақ фастфуд, газды сусындар, чипсы және шамадан тыс тәтті тағамдар қандағы инсулинді көтеріп, бетке безеудің шығуына тікелей әсер ететінін, гардеробқа және ас мәзіріне балық, жаңғақтар, зәйтүн майын қосу керектігіне кеңес берді. Олардың құрамындағы Омега-3 қышқылдары терінің табиғи қорғаныс тосқауылын нығайтады.
ОҚУШЫЛАР БАСҚА ЕЛДЕ ҚАЛАЙ КИІНЕДІ?
Әлем елдерінде мектеп киімі мен әлеуметтік теңдік мәселесіне деген көзқарас әртүрлі. Кейбір мемлекеттер қатал бірыңғай форманы тәртіптің негізі деп санаса, басқалары бала еркіндігі мен даралығын бірінші орынға қояды.
АҚШ, Канада және Еуропа елдері Финляндия, Германияда мемлекеттік мектептерінде бірыңғай мектеп формасы жоқ. Оқушылар сабаққа өздері қалаған күнделікті киіммен келеді. Тек тым ашық киінбеу, балағат сөздері бар жазулары бар жейделер кимеу сынды жалпы тәртіптік шектеулер ғана жұмыс істейді. Баланың жеке тұлға ретіндегі еркіндігі мен өзін-өзі көрсету құқығы бәрінен жоғары қойылады. Әлеуметтік алшақтық мәселесі киіммен емес, мектептегі ішкі мәдениет пен кемсітушілікке қарсы қатал заңдармен шешіледі.Ерекшелігі АҚШ-та тек жекеменшік немесе діни мектептер ғана өз формасын міндеттейді.
Қытай мектептеріндегі форманың негізгі мақсаты – сұлулық емес, барынша ыңғайлылық пен белсенділік. Оқушылардың басым бөлігі мектепке арнайы спорттық костюмдер киіп барады. Бала мектепте еркін қозғалуы, жүгіруі және дене шынықтыру сабағына киім ауыстырмай-ақ қатыса алуы керек. Бұл модель әлеуметтік алшақтықты толық жояды және ең арзан, қолжетімді нұсқа болып саналады.
Жапония және Оңтүстік Кореяда мектеп формасы – үлкен мәдениеттің бөлігіне баланады. Әр мектептің өз дизайны бар және ол өте сапалы маталардан тігіледі. Форма балаға белгілі бір қауымдастыққа тиесілі екенін сезіндіреді. Жастар арасында мектеп формасы соншалықты танымал, тіпті оқушылар оны сабақтан тыс уақытта да сән ретінде киіп жүреді.
Бутан және Вьетнам елдерінде мектеп киімі арқылы ұлттық құндылықтар мен патриотизмді насихатталады. Бутанда ұлдар дәстүрлі «гхо» халатын, қыздар «кира» көйлегін киеді. Ал Вьетнамда жоғары сынып оқушы қыздары мектепке ұлттық ақ жібек «аозай» көйлегін киіп барады. Жастарды ерте жастан ұлттық мәдениетті құрметтеуге және заманауи жаһандану заманында өз бірегейлігін жоғалтпауға тәрбиелеуге бағытталған.
Ұлыбритания – мектеп формасының тәртібі өте қатал ел. Пиджак, көйлек, галстук, белгілі бір түсті шұлық пен классикалық туфли ғана киюге рұқсат етіледі. Тіпті шаш үлгісі мен сөмкеге де шектеулер бар. Мақсат мектеп өмірге нақты іскерлік, академиялық негіз қалайды. Сондықтан бала ерте жастан дресс-кодты сақтауды үйренуі тиіс.
Әлем елдері бұл мәселені өз құндылықтарына қарай шешкен. Батыс елдері «бала даралығы мен еркіндігін» қолдаса, Азия мен Шығыс елдері «тәртіп, теңдік және ұлттық дәстүрді» алға қояды.
Қазақстан мектептеріндегі соңғы өзгерістер бірыңғай киім үлгісі мен буллингке қарсы заңдар балалар арасындағы материалдық теңсіздікті жасырып, аз қамтылған отбасыдан шыққан балалардың мектепте өзін жайлы сезінуіне, кемсітушілікке ұшырамауына көмектеседі. Бұл өзгерістер баланың білім сапасы мен психологиялық қауіпсіздігі үшін өте дұрыс бағытта жасалған. Алайда, оның тиімділігі мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің бұл ережелерді қаншалықты икемді әрі сауатты қолданатынына тікелей байланысты. Талап – баланы қорқыту құралы емес, қолайлы орта қалыптастыру амалы болуы тиіс. Себебі тәртіп – табыс тұтқасы екені белгілі.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












