Өскелең ұрпақты жасық, кінәмшіл, уайымшыл мінезден сақтау қажет – Мемлекет басшысы
Фото: akorda.kzПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында балалар мен жастарға арналған қоғамдық кеңістіктерді дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару Қазақстан Халық Кеңесінің де міндеті екенін айтты. Оның сөзінше, оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданып, жаңа білім игеріп, кітап оқуға ден қоюы керек.
Ол үшін кітапханалар, музейлер, мектептер, достық үйлері мен саябақтар сияқты қолда бар нысандарды тиімді пайдаланып, жаңа қоғамдық орындар ашу қажет. Президент бұл жұмысты ірі қалалармен шектемей, шағын қалаларға, аудан орталықтары мен ауылдарға да тарату керектігін атап өтті.
"Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс. Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін іс жүзінде қолдану мәселесіне назар аударуы керек екенін айтты. Сондай-ақ мәдениет пен креативті индустрия жобаларын ұзақ мерзім қаржыландыру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігін атап өтті.
"Біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады", – деді Мемлекет басшысы.












