Түндегі көліктердің гүрілі үшін қамауға ала ма? ІІМ түсіндірді
Түнде шу шығаратын автокөліктер мен мотоциклдер үшін әкімшілік қамауға алу жазасын тек сот тағайындай алады. Полиция әр жағдайды құқық бұзушылық құрамына байланысты жеке қарастырады. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Журналистер одан премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына пікір білдіруді сұрады. Ол түнде әдейі шу шығарып, газ басатын жүргізушілерге жазаны қатаңдатуды айтқан еді.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте әкімшілік қамауға алу көзделген құрамдар нақты айқындалған. Сонымен қатар, оны тек сот қана тағайындай алады", - деп жауап берді Лепеха.
Оның айтуынша, премьер-министрдің тапсырмасы полицияның мұндай заңбұзушылықтарға ерекше назар аударуы керек екенін білдіреді. Алайда шу шығарғаны үшін жүргізушілер автоматты түрде қамауға алынбайды.
"Біз құқық аясында әрекет етеміз. Егер тиісті бапта әкімшілік қамауға алу көзделсе, материалдар сотқа жіберіледі. Қандай жауапкершілік шарасын қолдануды сот шешеді", - деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Лепеха полицияның жыл басынан бері дрифт жасаушыларға, шулы көліктер мен мотоциклдерге қарсы түнгі рейдтер жүргізіп жатқанын айтты. Тексерулер әсіресе демалыс күндері белсенді түрде өтеді.
Бұған дейін үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері автокөлік және мотоцикл жүргізушілерінің тыныштықты бұзуының 782 дерегі тіркелгенін хабарлаған болатын. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылып, 55 адам қамауға алынған, ал көліктер айып тұрағына қойылды.
Осыдан кейін Бектенов тек айыппұлмен шектелмей, заңда қарастырылған жағдайларда қатаң шаралар қолдануды тапсырды.












