Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір шежіресі мен тарих

Өңір шежіресі мен тарих

Қазалы топырағы – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи орындар мен көне шежірелерге бай қасиетті өлке. Өңірдегі осындай тарих көшінің өшпес белгісіне айналған сәулетті ескерткіштердің бірі – Құттыбай кесенесі. Сыр бойының өткені мен бүгінін байланыстыратын көне жәдігер архитектуралық құндылығымен ғана емес, оны тұрғызған тарихи тұлғаның өмір жолымен де ерекше маңызға ие.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда салынған бұл сәулетті нысан Өркендеу ауылының оңтүстік-батыс тұсында орын тепкен. Шаршы пішіндес, биік күмбезді құрылыс толығымен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кесененің сыртқы ауданы 11х9 метрді құраса, жалпы биіктігі 9 метрге жетеді. Ішіндегі үлкен бөлме 6х6 метрді алып жатыр, сонымен қатар дәліз ретінде соғылған шағын бөлік те қарастырылған. Құрылыстың жобасы сол замандағы Орталық Азия сәулет өнеріне тән үлгілермен үндесіп жатса да, өзіндік композициялық көркімен айрықша дараланады. Есігінің екі босағасы мен мандайшасына үш қатар етіп әдемі бедерлер түсіріліп, жоғарғы бөлігі тік төртбұрышты бірнеше ойық қуыспен және дөңгелек оюлармен безендірілген. Жүз жылдардың сырын бүккен бұл ескерткішті 1980 жылы Казпроектреставрация институты республикалық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіш ретінде есепке алып, мемлекет қамқорлығына бекітті.
Тарихи деректер мен халық жадында сақталған мәліметтерге сүйенсек, кесене атын иемденген Құттыбай Ақболұлы 1807 жылы дүниеге келген. Сырдарияның төменгі ағысында ғұмыр кешкен ол жасынан шешендігімен, билік айтудағы әділдігімен және батырлығымен ел аузына іліккен. Қоқан мен Хиуа хандарының озбырлығына қарсы тұрып, қарапайым халықтың алым-салық пен жер-су бөлінісіндегі әділетсіздіктерге ұшырауына араша түскен. Қиын-қыстау дау-дамайларды шешуде қарақылды қақ жаратындай турашылдығымен танылып, қарақалпақ пен өзбек ағайындар арасындағы келіспеушіліктерді де бітімге келтірген. Бойында көрегендік қасиеті бар Құттыбай туралы жұрт арасында оны үш мәрте Қыдыр көрген деген аңыз сақталған. Оның дәулеті артып, жылқысының саны он бес мыңнан асқаны айтылады. Сонымен қатар ол Жанқожа батыр бастаған Сыр бойы қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, ержүректігімен көзге түскен, білікті қолбасшының сенімді серіктерінің бірі болған.
Құттыбай 1897 жылы жасы тоқсанға келген шағында әкесі Ақбол биге арнап, көне Жанкент қорғанынан 5-6 шақырым қашықтықта осындай зәулім кесене тұрғызуды қолға алады. Айтулы құрылысқа қажетті қыш кірпіштер биенің сүтіне иленіп, сексеуілдің шоғымен күйдіріліп әзірленген. Тіпті кірпіштің жиырмадан астам түрін дайындайтын шағын зауыт нысанның маңында жұмыс істеген.
Ескі көздердің айтуынша, кесене ішінде барлығы жеті адамның сүйегі жерленген. Құрылыс аяқталғаннан кейін үш жыл өткен соң 93 жасында Құттыбай бидің өзі де дүние салып, оның сүйегі осы мазарға қойылған. Халық арасында мазардың төбесінде бұрын алтыннан жасалған айшық болғаны, оны ұрлаған адамның ұзамай қайтыс болғаны туралы аңыздар сақталған. Бұл жайттар халықтың осы орынды киелі санап, ерекше қадірлегенін көрсетеді.
Бүгінде Қазалы ауданында есепке алынған 100-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштің қатарында бұл нысанның орны айрықша. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраларды пайдалану және қорғау туралы» заңына сәйкес кесенеге қорғау міндеттемесі бекітіліп, арнайы тақта орнатылды.
Ал 2010 жылы мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, көне ескерткішке қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ғасырлар куәсі болған қасиетті орын келер ұрпаққа бабалар рухын паш етіп, ұлттық шежіремізді асқақтата түсетін өлшеусіз мұра болып қала бермек.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
15 қыркүйек 2026 ж. 24 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930