Елімізде тұмауға қарсы вакцинация басталады: Тегін екпені кім ала алады
Фото: pexels.comҚазақстанда 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады. Алдымен екпе жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұмауға қарсы вакцинаны бірінші кезекте медицина қызметкерлері, созылмалы ауруларына байланысты диспансерлік есепте тұрғандар, балалар мен оқушылар, жүкті әйелдер, қарттар, жабық мекемелер мен әлеуметтік қорғау ұйымдарында тұратын азаматтар алады.
Сонымен қатар медициналық ұйымдар тұмау мен ЖРВИ маусымына дайындалып жатыр. Емханаларда ауру белгілері бар науқастарды қабылдайтын сүзгі кабинеттері мен жедел көмек кабинеттері жұмыс істейді. Олар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады.
Ауруханаға жатқызылатындар саны көбейген жағдайда қосымша инфекциялық төсек-орындар ашылады. Медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмек қорын да дайындап жатыр.
Дәрігерлер ауру көбейген кезеңде адам көп жиналатын жерлерде маска тағуға, қолды жиі жууға және бөлмені желдетуге кеңес береді. Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы, мұрыннан су ағу немесе әлсіздік байқалса, өз бетінше емделмей, дәрігерге қаралу қажет.













