Күз үсікпен басталады: 1-2 қыркүйекте Қазақстанда ауа райы қандай болады?
"Қазгидромет" синоптиктері 1, 2 және 3 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Күздің алғашқы күндері Қазақстанда құбылмалы ауа райы орнайды. Елдің солтүстігінде түнде кей жерлерде үсік күтіледі, ал күндіз температура біртіндеп көтеріледі. Сонымен қатар бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай және жылбысқы қар жауады деп болжанады.
Қай өңірлерде үсік жүреді?
1–2 қыркүйекте Қазақстан аумағының басым бөлігі кең ауқымды солтүстік антициклонның ықпалында болады. Негізінен жауын-шашынсыз, ашық ауа райы күтіледі. Алайда түнгі уақытта республиканың солтүстігінде кей жерлерде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде температура 0,+5 градусқа дейін төмендейді, кей жерлерде -3 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал. Солтүстік-батыстың кей аудандарында топырақ бетінде температура -1 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Күндіз бұл аймақтарда күн едәуір жылынып, ауа температурасы біртіндеп көтеріледі.
Жаңбыр, жылбысқы қар және найзағай
1–2 қыркүйекте Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында солтүстік циклон жырасы мен соған байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен түнде жаңбыр мен жылбысқы қар, ал күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Алматы облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, бұршақ жаууы, нөсер жаңбыр жаууы мүмкін.
Сонымен қатар елдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жел күшейеді деп болжануда. Солтүстік-батыста, солтүстікте және шығыста түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі ықтимал.
Қай өңірлерде жылы болады?
Қазақстанның батысында түнгі температура +10...+18 градус болады, күндіз ауа температурасы алдымен +25...+30-ға дейін, кейін +28...+33 градусқа дейін көтеріледі.
Маңғыстау облысында күн бұдан да жылы болады. Түнде +13...+21 градус, күндіз температура +27...+32-ден +30...+35 градусқа дейін жоғарылайды.
Оңтүстік өңірлерде түнде температура біртіндеп +13...+18-ден +10...+15 градусқа дейін төмендейді. Таулы аудандарда +3...+8 градусқа дейін салқындауы мүмкін.
Күндіз оңтүстікте шамамен +18...+23 градус, ал таулы аудандарда +7...+12 градус жылы болады.
2026 жылдың қыркүйегі Қазақстанда қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер Қазақстандағы 2026 жылғы қыркүйек айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынған болатын. Жалпы алғанда, күздің алғашқы айы климаттық норма шамасында болады деп күтілуде, алайда кейбір өңірлерде әдеттегіден жылырақ немесе жауын-шашынды болады. Сондай-ақ бірқатар облыстарда үсік жүруі мүмкін. Толығырақ осы жерден оқыңыз.









