Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады
Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы жалпы пікірталаста ұсынған болатын. Қарардың тең авторлары қатарында әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет болды.
Pexels.comБҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» туралы қарарды қабылдады. Құжатқа сәйкес, жыл сайын 22 сәуір Халықаралық планетаны көгалдандыру күні ретінде атап өтіледі.
Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы жалпы пікірталаста ұсынған болатын. Қарардың тең авторлары қатарында әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет болды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қарардың қабылдануы Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге қосып отырған үлесін көрсетеді.
Қарардың қабылдануы Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл желектер аумағын кеңейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы халықаралық күш-жігерді біріктіруге қосып келе жатқан дәйекті үлесін көрсетеді, – делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Қарар әлемдік қоғамдастықтың көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды және басқа да мүдделі тараптарды осы бағытта іс-шаралар мен бастамалар өткізуге ынталандырады.
Жаңа халықаралық күн Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен де үндеседі.
Халықаралық күннің белгіленуі қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, аумақтарды абаттандыруға және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі, – деп атап өтті министрлік.
БҰҰ-ның бұл шешімі Қазақстанның экология саласындағы халықаралық бастамаларының бірі ретінде қарастырылып, тұрақты даму мен қоршаған ортаны болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.













