Қазақстан мен Корея саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметіҚазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия Бюросының Бас директоры Нам Джинмен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси диалогтың, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дәйекті дамуы аталып өтті.
А. Исағалиев Қазақстанның екіжақты күн тәртібін өнеркәсіптік кооперация, жасанды интеллект, инфрақұрылым, білім беру және басқа да перспективалы бағыттардағы нақты әрі өзара тиімді жобалармен одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
Корей тарапы, өз кезегінде, іс-жүзінде өзара іс-қимылды жандандыруға және ортақ басымдықтарды ілгерілету мақсатында саяси диалогтың жоғары деңгейін сақтауға дайын екенін растады.
«Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы шеңберіндегі өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар биік және жоғары деңгейлердегі екіжақты және көпжақты іс-шараларды дайындау бойынша тығыз үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты.












