Үлкен құрылысқа қомақты инвестиция қажет – Президент
Шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржы нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде жаңа өндіріс нысандары мен жұмыс орындары ашылып жатыр. Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президенттің айтуынша, экономикада іргелі реформалар қолға алынды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленді.
Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді.
— Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды.
— Сіздер, депутаттар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде ел ішін аралап, Қазақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә болдыңыздар. Алайда үлкен құрылысқа қомақты инвестиция қажет. Мемлекет те бұдан тыс қалмауға тиіс, — деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, Астанада Президенттің қатысуымен бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтқан еді.












