Қазалы » Жаңалықтар » Партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі – Тоқаев
Партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі – Тоқаев
Байқаушылардың көпшілігі партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты. Бұл туралы ҚР Құрылтайының бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Фото: Ақорда
— Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты. Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді. Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты. Шын мәнінде, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті. Мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түсетінін атап өтті. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек.
— Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Астанада Президенттің қатысуымен бірінші шақырылымдағы ҚР Құрылтайының бірінші сессиясы ашылды.