Қазақстанда жеке мүдделер декларациясын тапсыру тәртібі бекітілді
Фото: pexels.comҚазақстанда мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік функцияларды атқаратын бірқатар азамат үшін жеке мүдделер декларациясын толтыру тәртібі бекітілді. Үкімет тиісті қағидаларды қабылдады. Жаңа талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеке мүдде деген не?
Құжатта “жеке мүдде” ұғымына нақты түсінік берілген. Бұл – жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын немесе мемлекеттік функцияларды орындайтын адамның өзі, жақын туыстары, жұбайы, жекжаттары немесе өзімен байланысты өзге тұлғалар үшін мүліктік не мүліктік емес пайда, артықшылық алуға мүдделі болуы.
Яғни декларацияның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтегі адамның жеке мүддесі мен қызметтік міндеттері арасында ықтимал мүдделер қақтығысын анықтау.
Декларацияны кімдер толтырады?
Жеке мүдделер декларациясын:
жауапты мемлекеттік лауазым иелері;
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар;
оларға теңестірілген тұлғалар;
лауазымды тұлғалар тапсырады.
Олар мемлекеттік қызметке немесе мемлекеттік функцияларды орындауға байланысты лауазымға келгеннен кейін 15 жұмыс күні ішінде декларация толтыруға міндетті. Қызметкер басқа қызметке ауысқан жағдайда да осы талап қолданылады.
Кімдер декларация тапсырмайды?
Жаңа талап барлығына бірдей жүрмейді. Декларация толтырудан:
Қазақстан Президенттігіне, Құрылтай мен мәслихат депутаттығына кандидаттар, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына кандидаттар;
автомобиль жолдарында техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын жобалар мен бағдарламаларды іріктеуге, оларды қаржыландыру немесе мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім қабылдауға қатысатын алқалы органдардың мүшелері босатылады.
Декларацияда не көрсетіледі?
Мемлекеттік қызметші өзімен бір мемлекеттік органда немесе оған қарасты құрылымдарда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы, жекжаттары және өзге де байланысты тұлғалар туралы мәлімет беруге тиіс.
Сонымен қатар декларацияда:
педагогикалық, ғылыми, шығармашылық және басқа да ақылы қызметі;
Қазақстанда немесе шетелде тіркелген коммерциялық ұйымдарға қатысуы;
жеке кәсіпкерлікпен айналысуы;
қазіргі қызметіне келгенге дейінгі бір жыл ішінде кәсіпкерлік немесе коммерциялық ұйымдарға қатысуы;
меншігіндегі мүлікті сенімгерлік басқаруға беруі туралы мәлімет көрсетіледі.
Басқарушылық немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттер атқаратын кейбір қызметкерлерге қосымша талап қойылады. Олар жақын туыстары немесе жұбайы акциясына не жарғылық капиталындағы үлесіне иелік ететін компаниялар туралы да мәлімет беруі керек. Бірақ бұл талап аталған компания мемлекеттік органмен, ұйыммен немесе квазимемлекеттік сектор субъектісімен азаматтық-құқықтық қатынаста болған жағдайда қолданылады.
Қайда тапсырады?
Декларация салық органдарына емес, қызметкердің жұмыс орны бойынша кадр қызметіне жазбаша түрде тапсырылады. Құжат кейін мемлекеттік қызметшінің жеке ісіне тіркеледі.
Егер тапсырылған декларацияда мәліметтің толық емес немесе қате екені анықталса, оны тапсырған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қосымша декларация беруге болады.
Ал кейін жаңа мәліметтер пайда болса, декларация қайта жаңартылады.
Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде декларацияларды қабылдауға жауапты қызметкерлер кадр қызметі мамандары арасынан тағайындалады.
Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.













