Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабалар мұрасы – қуатты қорек

Бабалар мұрасы – қуатты қорек

Фото: ашық дереккөзден алынды
Заманауи әлемде химиялық қоспалар мен дәріхана сөрелерін толтырған биоқоспалар көбейген сайын, адамзат табиғи өнімдерге қайта орала бастады. Бұл – уақыт талабы ғана емес, денсаулықты сақтаудың ең дұрыс жолы. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың саулығына септесіп, ұрпағының ауру-сырқауға төтеп беруіне негіз болған құнды өнімдердің бірі – мал сүйегінің майы.
АУРУ – АСТАН...
Немерелерін тек сапалы азық-түлікпен тамақтандыратын әже Әйтеке би кентінде тұрады. Сиыр сауып, одан түрлі өнімдер дайындайды. Дастарқанынан құрт, ірімшік, май, сөк, талқан арылмайды. Тапа нан жауып, табиғи мал майымен тамақ істейді.
Қазақ халқы малдың ешбір бөлшегін ысырап етпеген. Әсіресе, жілік майы мен сүйек майынан жасалған тағамдар мен ұрпақ өсіруде, ағзаны нығайтуда баға жетпес рөл атқаратыны туралы айтты Роза Баймаханова.
«Қазақтың ұлттық тағамдары ежелден құнарлылығымен ерекшеленеді.
Халықымыз ертеден әр кезең, мезгілдің тағамдарын дұрыс қолдана біліп, денсауығын күткен. Солардың қатарындағы сүйек майы ас қорытуды жақсартып және нәрлі қуат берген. Ағзаға ұзақ уақыт энергия мен тоқтық сезімін ұялатып, иммунитетті көтеруде де таптырмас азық болған.
Қазір балаларымыздың көпшілігі кішкентайынан тіс кемігіне ұшыраса, жасөсіпімдер қисық тістері арқылы ас қорытыту қиындығына тап болып отыр. Осының барлығы сүйек мүжбеуден басталады. Сүйек жас жүйені қатайтуға көмектессе, оның майы қаңқасының дұрыс өсуіне жол ашады екен. Өзіңіз білесіз, бұрын адамдар қартайғанда буын ауруларына сирек шалдыққан. Себебі табиғи коллаген мен майлар буындардың майлануына және ұзақ жылдар бойы сыр бермеуіне септескен», – дейді ардагер ұстаз.
Жілік майы құрамы туралы дәрігерден білдік.
«Сүйек майы ағзаға қажетті микроэлементтерге, минералдар мен май қышқылдарына бай. Құрамында қаныққан және қанықпаған майлар мен колаген және аминқышқылдары бар. A, D, E, K дәрумендері дәрумендер мен минералдар, сондай-ақ темір, фосфор және мырыш бар.
Ондағы колагендер буындардың қозғалғыштығын жақсартып, қабынуды азайтады. Ас қорыту жүйесін қолдауда басымдылыққа ие. Ішек қабырғасын нәрлендіріп, ас қорыту жолдарының жұмысын жақсартады. Жалпы ағзаның қорғаныш қабілетін арттырып, күш-қуат береді. Шаш, тері және тырнаққа пайдалы. Жасушалардың жаңаруына әсер етіп, сыртқы келбетті жақсартады. Буын аралық шеміршектерді, дәнекер тін мен тері серпімділігін қалпына келтіруге көмектеседі. Түрлі қабыну процестерінің алдын алды Сүйек майынан қайнатылған сорпалар ішек қабырғаларын қалпына келтіріп, жақсартады», – дейді Нұргүл Айдарбек.
Май мөлшері тым жоғары болғандықтан, оны шамадан тыс көп қолдану қандағы холестерин деңгейін көтеріп, бауыр мен жүрекке салмақ түсіруі мүмкін. Өнімді тек жақсы пісірілген, сапалы күйінде және мөлшермен тұтынған жөн.
Нұргүл Дүйсенқызы адамдарға сүйек майын пайдалануда сақтық шараларын сақтауды да ескертеді.
Сүйек майы – калориясы мен майлылығы өте жоғары өнім. Құрамындағы қаныққан майлар қандағы «жаман» холестерин деңгейін көтеріп, тамырлардың бітелуіне әкелуі мүмкін болғандықтан, жүрек-қан тамырлары аурулары мен атеросклерозы барлар абай болғаны жөн. Әсіресе белгілі бір созылмалы аурулары бар адамдар жілік майын рационға қоспас бұрын дәрігермен кеңескені жөн.
Бауыр, өт жолдары және ұйқы безі аурулары кезінде де сақ болған дұрыс. Майлы тағамдарды қорыту кезінде ас қорыту жүйесіне түсетін салмақ артады. Әсіресе панкреатит, холецистит немесе өт қабында тас бар адамдардың майлы тағамнан кейін жағдайы нашарлауы мүмкін.
Подаграсы бар адамдар да жілік майын шектеп тұтынуы керек. Мұнда бір маңызды жайтты нақтылаған жөн: майдың өзі пуринге бай негізгі өнім болып саналмайды. Подаграда басты назар ет, ішек-қарын және басқа да пуринге бай өнімдердің мөлшеріне аударылады. Сондықтан жілік майын етті тағамдармен бірге көп мөлшерде пайдалану жалпы рациондағы пурин жүктемесін арттыруы мүмкін. Ал бүйрек аурулары бар адамдардың тағам рационы жеке жағдайына қарай белгіленуі тиіс.
Артық салмағы немесе метаболикалық синдромы бар адамдарға да жілік майын мөлшермен қолданған жөн. Себебі майдың энергетикалық құндылығы өте жоғары. Шамадан тыс тұтыну тәуліктік калория мөлшерін арттырып, салмақты бақылауды қиындатуы мүмкін.
Жілік майын дені сау адам да шектен тыс пайдаланбағаны дұрыс. Оны күнделікті негізгі тағам емес, аз мөлшерде тұтынылатын құнарлы өнім ретінде қарастырған жөн. Нақты мөлшер адамның жасына, денсаулық жағдайына және жалпы тамақтану рационына байланысты.
Жілік майын көкөністермен, көк шөптермен және құрамында тағамдық талшығы мол өнімдермен бірге тұтыну да дұрыс тамақтану тұрғысынан ұтымды. Көкөністердің құрамындағы талшық жалпы рациондағы майдың орнын теңгеруге көмектеседі. Дегенмен көкөніс жілік майындағы қаныққан майдың әсерін толық жоймайды, сондықтан оны «майдың зиянын басатын» өнім деп қабылдауға болмайды.
Тағы бір маңызды мәселе – өнімнің қауіпсіздігі. Жілік дайындалатын малдың ветеринариялық бақылаудан өткеніне, өнімнің балғындығына және дұрыс сақталғанына мән берген жөн. «Жайылымда өскен малдың жілігі ғана қауіпсіз» дегенді медициналық тұрғыдан абсолютті ереже ретінде қабылдауға болмайды. Ең маңыздысы – малдың денсаулығы, өнімнің санитариялық талаптарға сай болуы және тағамның дұрыс дайындалуы.
Жілік майының тағамдық құндылығы жоғары болғанымен, оны дәрі ретінде қабылдауға болмайды. Әсіресе туберкулез, панкреатит, холецистит, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе басқа да созылмалы дерттер кезінде жілік майы негізгі емнің орнын алмастырмайды.
Сондықтан жілік майына қатысты ең дұрыс ұстаным – пайдасы бар екен деп шектен тыс тұтынбау, ал денсаулыққа қатысты мәселелер болса, дәрігердің кеңесіне сүйену. Дәстүрлі тағамның құндылығын сақтай отырып, оны қазіргі медицинаның талаптарымен ұштастыра білу – денсаулықты сақтаудың ең дұрыс жолы.
«Жоғары калория ағзадағы май алмасуын бұзып, жасушалардың инсулинге сезімталдығын төмендетуі мүмкін. Сүйек сорпалары мен майында пуриндер көп болады. Ол буындарда тұздың жиналуын тездетіп, подаграның асқынуына соқтырады. Ас қорыту жүйесі әлсіреген кезде мұндай ауыр әрі майлы тағамды қорыту қиынға соғып, жүрек айну, құсу немесе іш өту белгілерін тудыруы ықтимал», – дейді маман.
НЕЛІКТЕН ҚАЗІР ЖАППАЙ БЕТБҰРЫС БАСТАЛДЫ?
Адамдардың жаппай табиғи – органикалық тағамдармен тамақтануға көшуі –заманауи өмір салты, экология және денсаулыққа деген көзқарастың түбегейлі өзгеруінен туындаған жаһандық тренд.
Бұл құбылыстың негізгі себептері сырын дұрыс тамақтану саласын зерттеп жүрген Әнел Сарыннан сұрадық.
«Негізгі себептері – денсаулық сақтау және аурулардың алдын алу. Өкініштісі, көбіміз бұған денсаулықтан жапа шеккенде не жағдай ауырлағанда ғана дұрыс тамақтануға көңіл бөлеміз.
Қазіргі транс-майлар, жасанды бояғыштар мен консерванттарға толы фастфуд пен ультра-өңделген өнімдер семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне әкелді. Нәтижесінде адамдар химиялық қоспалардан бас тартып, табиғи тағамды қабылдай бастады. Қазіргі тұтынушылар өнім құрамындағы пестицидтер, гормондар, антибиотиктер және гендік модификацияланған ағзалардан сескенеді», – дейді.
Расында табиғи тамақ ағзаға түсетін токсиндік жүктемені азайтады. Жасанды тыңайтқыштарсыз өсірілетін органикалық ауыл шаруашылығы топырақтың құнарын сақтайды және судың ластануын кемітеді. Адамдар өз таңдауы арқылы табиғатты қорғауға үлес қосқысы келеді.
Ақпараттың қолжетімділігі және TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілер трендтері жастар арасында табиғи өнімдерге деген сұранысты күрт арттырған. Сапа мен шынайы дәм: Жасанды дәмді күшейткіштерсіз өскен табиғи көкөністер, жемістер мен ет өнімдерінің дәмі анағұрлым қанық және дәрумендер мен антиоксиданттарға бай болатыны туралы нәтижелемен бөліскен жазбалар мен түсірілімдер жеткілікті.
«Осыдан бірер жыл бұрын адамдар жасанды витаминдер мен капсула түріндегі БАД-тарға жүгініп, әсер күетін. Қазір олардың құрамында түрлі химикаттар болуы мүмкін екенін бірте-бірте түсіне бастады. Жасанды жолмен жасалған дәрумендерден гөрі, табиғаттың өзі берген таза өнім әлдеқайда сіңімді әрі қауіпсіз.
Мал сүйегі майы – ешқандай қоспасыз, таза биологиялық өнім. Оның құрамындағы пайдалы заттар ағзаға толықтай сіңіп, иммундық жүйені түпкілікті нығайтады», – дейді нутрицолог Айдос Мешітбайұлы.
ҚАНДАЙ КЕЗДЕ ПАЙДАЛЫ БОЛАДЫ?
Осыдан бір жыл бұрын қолындағы ақшасына жілік майын сатып алып тұрған балақайдың әлеусеттік желіге тараған видеосы көпшілікті сүйсінтті.
Қазір барлық ұлттық дәм дайындалатын орындар мәзірінде жілік майынан дайындалатын дәмдер бар. Олардың барлығы пайдалы еместігін айтады танымал дәмханалар желесінің бас аспазы Нұртілек Еркеш.
«Негізі сүйек майы яғни жілікті дайындаудың екі негізгі және ең танымал әдісі бар.
Ортасынан қақ бөлінген немесе қысқа етіп кесілген ірі қара мал: сиыр мен жылқының жілік сүйектері таңдалып, пешті жоғары температурада қыздырып, сүйектің ашық жағын жоғары қаратып, үстіне қоспалар қосылады. Май жіпсідіп, шеті көпіршіп шыға бастағанда пештен алу керек. Бұл өте маңызды. Сүйек тым ұзақ тұрса, май толық еріп, ағып кетеді, керісінше аз тұрса, піспей қалу қаупі бар. Дайын жылы майды сүйектің ішінен қасықпен алып, қуырылған нанға жағып немесе көкөністермен ұсынылады.
Екіншісі – сүйек сорпасы. Сүйек майындағы коллаген мен минералдарды сорпаға толық шығару үшін ұзақ уақыт қайнату арқылы жасарады. Отты барынша азайтып, қақпағын жауып, сиыр немесе жылқы сүйектерін 12 сағаттан 24 сағатқа дейін өте жай отта бұқтырып қайнатады. Сорпа дайын болғанда оны сүзіп, суытады. Бетіне қатып қалған артық май қабатын алып тастап, астындағы қоймалжың пайдалы сорпаны тамаққа қолданады», – дейді аспаз.
Тақырып аясында халықаралық медициналық және биохимиялық зерттеулер мен беделді дереккөздеріне зер салдық. Бұл зерттеулер коллагеннің, желатиннің, сондай-ақ жілік майында кездесетін аминқышқылдары мен микроэлементтердің адам ағзасына әсерін растайды.
Біріншіден, жілік майы – буын мен сүйек саулығының негізі.
Коллаген гидролизатының остеоартрит пен буын ауруларына әсері туралы Гарвард медицина мектебі мамандарының зерттеулері тәнті етеді. Еңбектерде коллаген мен оның құрамдас бөліктері буын шеміршектерін қалпына келтіруге және жүктеме кезіндегі ауырсынуды азайтуға көмектесетінін көрсетілген.
Халықаралық деңгейде мойындалған, рецензияланатын беделді медициналық ғылыми журнал. «Current Medical Research and Opinion» баспасында жарияланған клиникалық зерттеулер (Clark et al., 2008) спортшылар мен буын ауруы бар адамдарға коллаген қоспаларын беру олардың қимыл кезіндегі ыңғайсыздықтарын айтарлықтай төмендететінін дәлелдеген.
«Гарвард медицина мектебі мен халықаралық ревматология зерттеулері коллаген мен желатиннің буын аралық шеміршектердің тозуын болдырмайтынын және остеоартрит белгілерін жеңілдететінін растайды.
Екінші, ас қорыту жүйесі және ішек қабырғасы әсері айқындалған.
Жілік сорпасы құрамындағы желатин мен аминқышқылдарының асқазан-ішек жолдарының шырышты қабығына әсері жайлы ғылыми дәйектерді әлемдік медицина және биология ғылымының ең басты тірегі саналатын қос құрылым: АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты мен PubMed — Әлемдік медициналық дерекқордерекқорындағы зерттеулер айқындаған. Зерттеу жұмыстарында ғалымдар асқазан-ішек трактісінің эпителий қабатын қалпына келтіруде глутамин мен глицин аминқышқылдарының рөлі жоғары екенін көрсетеді. Бұл заттар ішек қабырғасының өткізгіштігін реттеп, қабынуды азайтатыны мәлім болған.
АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институтының мәліметінше, жілік сорпасындағы желатин асқазан-ішек жолдарының шырышты қабығын қорғап, ішек қабырғасының тығыздығын сақтауға септігін тигізеді.
Үшінішіден, қабынуға қарсы әсері және антиоксиданттық қасиеті жоғары.
Глицин аминқышқылының тотығу стресіне және қабыну процестеріне қарсы әсері тақырыбын «Nutrients» журналында жарияланған ғылыми шолуда (мысалы, Razak et al., 2017) көтерген. Онда глициннің қуатты қабынуға қарсы, антиоксиданттық және цитопротекторлық яки жасушаны қорғаушы қасиеттері жан-жақты баяндалған.
Жілік майында болатын конъюгацияланған линол қышқылы ағзадағы жүйелік қабынуды төмендетуге қатысады. Бұл туралы «Nutrients» ғылыми журналында жарияланған зерттеулер жілік майында кездесетін глицин аминқышқылының қуатты антиоксидант ретінде жұмыс істеп, ағзадағы тотығу стресі мен қабыну процестерін бәсеңдететінін дәлелдейді» делінген.
Иммунитет және жалпы қоректік құндылығы да зерделенген.
Сүйек майындағы майда еритін витаминдер A, E, K2 және минералдардың биохимиялық құрамы жайлы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және тағамтану институтының мамандары мынандай тұжырым келтіреді.
«Жануарлардың май тіндері мен жілік майы A, E, K2 витаминдерінің, сондай-ақ темір, мырыш сияқты микроэлементтердің табиғи көзі болып табылады. Бұл элементтер иммундық жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді.
Биохимиялық талдаулар жілік майының құрамында витаминдер мен микроэлементтер оның иммундық жүйенің қорғаныш қабілетін арттырудағы рөлін растайды».
Заманауи биохимиялық зерттеулер мен беделді орталықтардың деректері халық медицинасындағы ата-баба тәжірибесін жоққа шығармайды, қайта растайды. Жілік майы мен сорпасы – сиқырлы дәрі емес, бірақ буынды қалпына келтіретін коллагеннің, ішекті қорғайтын желатиннің және ағзаға қуат беретін құнды майлар мен аминқышқылдарының табиғи қайнар көзі екенін ұғындырады.
ҰРПАҚ САУЛЫҒЫНЫҢ САУЫТЫ
Жілік майының емдік және пайдалы қасиеттері халық медицинасында ғасырлар бойы жоғары бағаланып келеді. Жақында әлеуметтік желі арқылы таралған мынандай материалға көзіміз түсті.
Қазақтың дәстүрлі тағам мәдениетінде жіліктің орны ерекше. Әсіресе жілік майы – халқымыздың ертеден келе жатқан тағамдық әрі емдік мақсатта пайдаланған табиғи өнімдерінің бірі. Майлы ет пен сүйек құрамындағы қоректік заттарды қадірлеген қазақ оны әлсіреген, сырқаттанған адамға қуат беретін тағам ретінде ұсынған. «Жілік майы» туралы Оңдасын Оразовтың анасы Фатима Шымбайқызының естелігі де осы дәстүрдің бір көрінісін баяндайды.
Естелікте өткен ғасырдың 50-51 жылдарында Шымбай есімді азаматтың ауыр өкпе ауруына шалдыққаны айтылады. Бұқара қаласындағы ауруханада ем қабылдағанымен, дертінің беті қайтпай, ауылға оралады. Сол кезде ел ішіндегі емші жілік майын пайдалануды ұсынады. Науқасқа күн сайын таңертең аш қарынға шыжғырылған жілік майын ішіп, ет пен сорпалы тағамды үзбеу жөнінде кеңес беріледі. Осыдан кейін ағайын ел болып жілік пен ет жинап, науқас отбасының қажеттілігін өтеуге көмектеседі. Естелікке сәйкес, Шымбай қыс бойы осы тағамдармен қоректеніп, көктемге қарай күш жинап, жазға қарай қалыпты тіршілікке қайта араласқан.
Бұл оқиғадағы жілік майының мәнін ең алдымен оның құнарлы тағамдық қасиетімен байланыстыруға болады. Мал майы – адам ағзасына энергия беретін майлардың бірі. Май құрамындағы липидтер ағзаға қуат береді, сондай-ақ майда еритін кейбір дәрумендердің сіңуіне қатысады. Сондықтан бұрынғы кезде ұзақ уақыт ауырған, әлсіреген немесе дене салмағын жоғалтқан адамдарға құнарлы ет, сорпа, майлы тағам беру кең тараған.
Әсіресе ауыр сырқаттан кейін ағзаға жеткілікті мөлшерде энергия мен қоректік зат қажет. Тамақтану жеткіліксіз болған жағдайда адам әлсіреп, салмақ жоғалтып, күнделікті тіршілікке қажетті күшінен айырылады. Осындай жағдайда құнарлы тағам ағзаның жалпы қалпына келуіне қолдау көрсетуі мүмкін. Қазақтың «сорпа ішсін», «майлы жілік беріңдер», «қуаттансын» деген дәстүрлі кеңестерінің астарында осындай тұрмыстық тәжірибе жатқан.
Жілік майының тағы бір ерекшелігі – оның жоғары энергетикалық құндылығы. Майдың бір грамы шамамен 9 килокалория энергия береді екен. Бұл ақуыз бен көмірсуға қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Сондықтан аз мөлшердегі майдың өзі ағзаға едәуір энергия бере алады. Бұрынғы заманда физикалық еңбекпен айналысқан, азық-түлік тапшылығын көрген халық үшін мұндай тағамдардың маңызы зор болған.
Мақалада жілік майының қолданылуы да осы тұрғыдан қызықты. Ол кезде медицинаның мүмкіндігі бүгінгідей кең емес еді. Антибиотиктер мен туберкулезге қарсы арнайы препараттар барлық жерде қолжетімді бола бермейтін. Сондықтан халық ауру адамның тамақтануына ерекше мән берген. Ет, сорпа, майлы тағам секілді құнарлы азықтарды науқастың әлсіреген ағзасына қуат беретін тағам ретінде пайдаланған.
Сонымен бірге құнарлы тамақтанудың науқас адамның жалпы жағдайын қолдаудағы маңызы жоққа шығарылмайды. Дұрыс әрі жеткілікті тамақтану ағзаның қоректік қажеттіліктерін өтеуге, салмақты сақтауға және әлсіздікті азайтуға көмектеседі. Сондықтан жілік майын халықтық ем ретінде сипаттағанда оны негізгі дәрі емес, дәстүрлі тағамдық қолдау ретінде қарастырған жөн.
Қазақ халқының жілікке қатысты тағамдық мәдениеті де осы өнімнің қадірін аңғартады. Соғым кезінде жіліктің арнайы мүшелерге бөлінуі, майлы мүшелердің қадірленуі – мал өнімдерін тиімді пайдаланудың дәстүрлі тәсілі. Халық майдың қуат беретінін тәжірибе арқылы жақсы білген.
Демек, жілік майының халықтық емдегі қадірін оның құнарлылығы, жоғары энергетикалық құндылығы және әлсіреген адамға тағам арқылы қуат беретін қасиетімен түсіндіруге болады. Ал Оңдасын Оразов жеткізген естелік– осы дәстүрдің нақты өмірдегі көрінісін көрсететін ауызша дерек.
Жілік майын бағалағанда оның екі қырын ажырата білу қажет: біріншісі – дәстүрлі тағам ретіндегі құнарлылығы, екіншісі – халық медицинасында әлсіздік пен әлсіреген ағзаны қуаттандыруға пайдаланылғаны. Ал ауыр ауруларды емдеу мәселесінде халықтық тәжірибені заманауи медицинаның орнын басатын әдіс ретінде емес, тарихи-мәдени тәжірибе ретінде қарастырған дұрыс.
Сүйек кемігі жілік майы ерте заманнан бері тұтынылып келеді, бүгінде ол қоректік заттардың көптігіне байланысты барған сайын танымал бола бастады. Қазір бұл дәстүрлі деликатес өнім спортпен шұғылданатын және дұрыс тамақтануды ұстанатын адамдар арасында сұранысқа ие.
Сорпа әсіресе құрамында коллагеннің болуына байланысты терінің қартаюына алаңдайтын әйелдерге ұсынылады.
«Сүйек сорпасын ұнататындар үшін терінің сұлулығы мен жастығы үшін коллагенді қосымша қабылдаудың қажеті жоқ - бұл тағамда оның көп мөлшері бар», – деп түсіндірді диетолог-маман Нұрбану Әсербайқызы.
Медицинада жілік майынан дәрі жасала ма?
Ресми медицинада дәріханаларда сатылатын тікелей химиялық дәрі-дәрмектердің құрамына малдың жілік майы қосылмайды. Алайда, заманауи фармацевтика мен нутрициологияда оның негізінде жасалатын арнайы өнімдер бар.
Жілік майының капсулалары Еуропа мен АҚШ-та экологиялық таза сиырлардың сүйек кемігін суықпен кептіру – сублимация арқылы капсуладағы ұнтақ түрінде шығарады. Оны иммунитетті күшейту, буын мен тері саулығын сақтау үшін ішеді.
Сүйек майы мен шеміршектерден буынды емдеуге арналған спорттық және медициналық БАД-тар, мысалы, шеміршекті қалпына келтіретін капсулалар) өндіріледі.
Медицинада «сүйек кемігі» делінгенде адамдар көбіне жануардың майын емес, онкология мен гематологияда қан рагын емдеу үшін жасалатын сүйек кемігін трансплантациялау процедурасын ойға алады. Бұл жерде ешқандай мал майы қолданылмайды, тек адамның қан жасау жүйесі емделеді.
Жілік майын әлемнің көптеген халықтары ежелден азық ретінде пайдаланады.
Италияның танымал «Оссобуко» тағамы бұзаудың жілік сүйегінен дайындалады. Францияда жілік майы «Потофё» сорпасына міндетті түрде қосылады. Германияда одан арнайы «Маркклёцхен» деп аталатын дәмді фрикаделькалар жасалады. Азия мен Таяу Шығыста: Вьетнамның әйгілі «Фо» сорпасының бульоны жілік сүйектерін ұзақ қайнату арқылы әзірленеді. Таяу Шығыста оны баяу піскен қой сүйегінен қырып алып, кішкентай балаларды тамақтандыруға қолданады. Филиппинде жіліктен «Булало» сорпасы дайындалады. Жілік майын «Тутано» деп атайтын Бразилияда оны нанға жағып немесе кассава ұнымен араластырып жейді.
Ертеңіміздің сау, әрі қуатты болып өсуі үшін ата-бабамыздың өмір салты мен табиғи тағамдарына оралу – ең дұрыс шешім. БАД-тардың жылтыр жарнамасына сеніп, қаракөздеріміздің денсаулығын тәуекелге тіккенше, табиғи өнім – мал сүйегі майының пайдасын күнделікті тұрмыста қолдану денсаулықтың кепілі болып қала бермек. Өз тамырымызға үңілу – қашан да маңызы. Себебі нағыз шипа – табиғаттың өзінде.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
18 тамыз 2026 ж. 28 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31