Қазақстанда студенттің цифрлық экожүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр
2026 жылғы 18 тамыздағы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда студенттер туралы деректерді цифрландыру жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Саясат Нұрбек студенттің университетке түскен сәтінен бастап диплом алғанға дейінгі барлық негізгі үдерістерді бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарланып отырғанын айтты.
"Қазірдің өзінде ҰБТ сертификаты eGov жүйесінде қолжетімді, AI-прокторинг және AI-Talapker іске қосылды. Студенттер мен түлектер туралы негізгі деректер Жоғары білім берудің бірыңғай платформасында қалыптастырылады. Келесі кезең – білім беру үдерісіне жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу. Олардың қатарында AI-Admission, AI-Onboarding, жеке білім беру траекториясы, цифрлық құзыреттер профилі, AI-Library, AI-психолог және AI-Career бар", – деді министр.
Оның айтуынша, бұл бағытта қажетті базалық инфрақұрылым қалыптастырылған. AI-Sana бағдарламасы аясында 440-тан астам ЖИ-агент әзірленді. Алдағы оқу жылында бағдарламаның үшінші және төртінші кезеңдері жүзеге асырылады.
Саясат Нұрбек 2024 жылдан бастап жатақханадан орын беру қызметі "Smart Data Ukimet" жүйесі мен Жоғары білім берудің бірыңғай платформасын интеграциялау арқылы проактивті форматқа көшірілгенін еске салды. Соның нәтижесінде студенттің жатақханадағы орынға қажеттілігі автоматты түрде анықталады.
"Скоринг жүргізіліп, жатақханаға мұқтаж студенттердің тізімі қалыптастырылады, өтініш автоматты түрде жасалады. Шешім қабылданғаннан кейін студентке хабарлама жіберіледі. 2025 жылы осы жүйе арқылы 48 282 проактивті қызмет көрсетілді. Бұл жүйе әкімшілік жүктемені азайтып, адами фактордың ықпалын барынша төмендетеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады", – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.
Бұған дейін Саясат Нұрбек Алматы студенттері жатақханадан орын болмаған жағдайда қайда жүгіне алатынын айтқан болатын.











