Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Бұл шараның негізгі мақсаты – балабақша жасындағы балаларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер мен тасымалдаушылардың жол жүру ережелерін мүлтіксіз орындауын бақылау, олардың жауапкершілігін арттыру және жол-көлік апаттарының алдын алу.
Аудандық полиция қызметкерлері іс-шара аясында балабақша автобустарына арнайы назар аударды. Тексеру кезінде автокөліктердің техникалық жағдайы, қауіпсіздік белдіктерінің болуы, жүргізушілердің құжаттарының дұрыстығы қатаң бақыланды. Көлікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы талаптардың сақталуы тексерілді. Жүргізушілерге арналған арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы ескертпелер берілді. Балаларды тасымалдау кезінде жол ережелерін сақтамау себептері мен оның салдары егжей-тегжейлі талқыланды.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың ең басты шарты. Сондықтан да мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін нығайтып, балалардың жолдағы қауіп-қатерлерден қорғалуын қамтамасыз етеді. Аудандық полиция бөлімі тұрғындарды жол ережесін қатаң сақтауға, балаларды тасымалдау кезінде абай болуға және кез келген құқықбұзушылық туралы хабарлауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – әркімнің жауапкершілігі.
Аудан көлемінде өткен «Балабақша» жедел-профилактикалық іс-шарасы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл шара арқылы құқық қорғау органдары ғана емес, ата-аналар мен тасымалдаушылар да жауапкершілік жүгін сезініп, ортақ іске жұмылуы тиіс.
Түйін: Бала – отбасының бақыты, ұлттың болашағы. Сондықтан олардың амандығы мен қауіпсіздігін сақтау – барша қоғамның ортақ парызы. Әр жүргізуші жол үстінде тек темірді емес, тағдырды тізгіндеп отырғанын естен шығармауы керек.
Арайлым ЖҮСІПОВА