Денсаулық сақтау министрлігі бірінші сынып оқушыларының ата-анасына маңызды ескерту жасады
Фото: ChatGpt арқылы жасалдыДенсаулық сақтау министрлігі оқушы баласы бар ата-аналарға маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мектеп оқушылары үшін ұйқының қаншалықты маңызды екенін еске салып, ата-аналарға ұсыныс айтты.
Мамандар оқу басталғанша күтпей, баланың ұйықтайтын және таңертең оянатын уақытын біртіндеп мектеп режиміне ауыстыруға кеңес берді. Бұл баланың оқу тәртібіне бейімделуіне көмектеседі.
Денсаулық сақтау министрлігі Америкалық педиатрия академиясының ұсынысына сүйеніп, балалардың жасына қарай тәулігіне қанша сағат ұйықтауы керегін айтты:
1 жасқа дейінгі балаларға – 12-16 сағат;
1-2 жас аралығындағыларға – 11-14 сағат;
3-5 жастағы балаларға – 10-13 сағат;
6-12 жастағы балаларға – 9-12 сағат;
13-18 жастағы жасөспірімдерге – 8-10 сағат.
Әсіресе бірінші сыныпқа баратын балалардың ұйқы режиміне ерекше мән беру қажет.
“Бірінші сыныпқа бару баланың қалыптасқан күн тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Жаңа режим, сабақтар, ерте тұру балаға бейімделу үшін уақыт қажет етеді. Сондықтан бірінші сынып оқушыларына күндіз екі сағат қосымша демалыс қарастыру ұсынылады”, – деді министрлік.
Мамандар ата-аналарға баланың күн тәртібін алдын ала және күрт өзгертпей, біртіндеп реттеуге кеңес берді. Ол үшін ата-аналар баланың ұйқы режимін алдын ала реттеп, ұйықтар алдында гаджет қолдануын шектеуі керек. Оған қоса кешкі уақытта ұйықтауға дайындалатын әдет қалыптастырып, баланың бөлмесінде жайлы ұйқыға қажет жағдай жасаған жөн.
“Ұйқыны үнемдеуге болмайды. Қосымша сабақтар, үй тапсырмасы немесе ойын-сауық баланың түнгі ұйқысын қысқартпауы керек. Ұйқы қанбауы кері әсер етуі мүмкін. Ұйқы қанбауы баланың сабаққа зейін қоюына, назарын ұзақ уақыт сақтауға және оқу кезінде белсенді болуына кері әсер етеді. Сондықтан оқу басталғанға дейін күн тәртібін қалыпқа келтірген дұрыс. Осылайша ерте тұру мен уақытында ұйықтау біртіндеп бала үшін әдетке айналады”, – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Ғалымдар ыстық салдарынан адамдар ұйқының қанша сағатынан қағылатынын есептеп шыққан еді.













