Несиеге тәуелді өмір: қазақстандықтар банктерден тағы 3,3 трлн теңге қарыз алған
Қазақстанда халықты несиелендіру көлемі жылдан-жылға өсуде. Соңғы бір жылда жеке тұлғалардың банктер алдындағы қарызы 3 трлн теңгеден астамға көбейген. Бұл ретте, жаңа берілген несиелердің басым бөлігі тұтынушылық қарыздарға тиесілі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Халықтың банк алдындағы берешегі 14,5 пайызға өсті
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, бүгінде халыққа берілген несиелердің жалпы көлемі 25,85 трлн теңгеге жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 22,57 трлн теңге болған.
Осылайша, соңғы 12 айда бөлшек несиелер портфелі 3,28 трлн теңгеге, яғни 14,5 пайызға ұлғайды. Өсімнің негізгі бөлігін бұрынғыдай тұтынушылық несиелер қамтамасыз еткен. Бір жыл ішінде олардың көлемі 15,33 трлн теңгеден 17,32 трлн теңгеге дейін өсті.
Бұл дегеніміз, қазақстандықтар күнделікті қажеттіліктерге, түрлі тауарлар сатып алуға және басқа да жеке шығындарға банктерден өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2 трлн теңгеге артық қарыз алған. Қазіргі таңда тұтынушылық несиелер бөлшек несие портфелінің үштен екі бөлігін құрайды.
Дегенмен, тұрғын үй несиелеріне деген сұраныс та азайған жоқ. Бір жыл ішінде ипотекалық несие көлемі 6,35 трлн теңгеден 7,45 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 1,1 трлн теңгеге артқан. Дегенмен абсолюттік көлем бойынша бұл өсім тұтынушылық несиелердің ұлғаюымен салыстырғанда шамамен екі есе төмен болды.
Бизнестің де несиеге сұранысы артып келеді
Несие көлемінің өсуі тек халық арасында ғана емес, кәсіпкерлік секторда да байқалады. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ел экономикасына берілген несиелердің жалпы көлемі 45,37 трлн теңгеге жетті. Ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш 38,85 трлн теңге болған. Осылайша, бір жыл ішінде банктердің жалпы несие портфелі 6,52 трлн теңгеге, яғни 16,8 пайызға өсті.
Кәсіпорындарға берілген несиелер көлемі де артты. Соңғы 12 айда ол 16,28 трлн теңгеден 19,52 трлн теңгеге дейін көбейіп, өсім 3,24 трлн теңгеге жетті.
Ең жоғары өсім шағын және орта бизнес секторында тіркелді. Бұл сегментке берілген несиелер көлемі 6,88 трлн теңгеден 9,13 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Базалық мөлшерлеме төмендегенімен, несиелер арзандаған жоқ
Соңғы екі айда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені екі рет төмендетті. Алдымен ол 18 пайыздан 17 пайызға, кейін 16,75 пайызға дейін қысқартылды. Алайда бұл өзгерістер тұтынушылық несиелердің арзандауына айтарлықтай әсер еткен жоқ.
Сарапшылар тамыз айының басындағы еліміздегі ірі банктердің тұтынушылық несие шарттарын талдап, бірнеше маңызды жайтты анықтады.
Қазіргі уақытта кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) ең төменгі деңгейі шамамен 21,8 пайыздан басталады. Сонымен қатар шілде айында екі банк несие шарттарын қатаңдатып, мөлшерлемелерді көтерген. Бір банкте ең төменгі ЖТСМ 30,93 пайыздан 36,35 пайызға, ал екіншісінде 29,86 пайыздан 31,8 пайызға дейін өскен.
Нәтижесінде қазіргі таңда нарықтағы тұтынушылық несиелер бойынша ең төменгі мөлшерлемелер 21,8 пайыздан 42,4 пайызға дейін өзгереді. Бұл көрсеткіш несие бағдарламасына және қарыз алушының санатына байланысты белгіленеді.
Банктердің ең төменгі пайыздық мөлшерлемесін алу үшін, әдетте, қарыз алушы келесі талаптарға сай болуы керек:
- жоғары несие тарихы мен кредиттік рейтингі болуы және бұрынғы несиелері бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы;
- ресми түрде расталған тұрақты табысы болуы;
- төлем қабілетінің жеткілікті деңгейде болуы (банк қарыз жүктемесі мен жаңа несиені өтеу мүмкіндігін бағалайды);
- банктің ішкі скорингтік бағалауынан сәтті өтуі;
- нақты несие бағдарламасының талаптарына сәйкес келуі (мысалы, жалақы жобасының қатысушысы болуы, банктің тұрақты клиенті болуы немесе арнайы ұсыныстарға сәйкес келуі).
Бұған дейін Ұлттық Банк тамыз айында ақша бағамына ықпал етуі мүмкін факторларды атағанын жазғанбыз.













